Этноәлеуметтік үдерістерді тиімді басқарудың жолдары талқыланды
Ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Этносаралық қатынастар – бұл ғылым және өте күрделі. Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды ғылыми зерттеу саласы ерекше назарды талап етеді» деген болатын. Елбасы тапсырмасына орай Семейдегі мемлекеттік педагогикалық институтта «Өңірлердегі этноәлеуметтік және этноконфессиялық үдерістерді тиімді басқару» тақырыбында үш күндік аймақтық семинар-тренинг болды.
Семинар-тренингті Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырды. Семинар-тренингті Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова ашты. Ал Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы этносаясат, этностар проблемасы мен конфессия мәселелері бойынша ғылыми зерттеп, оқытумен айналысатындығына тоқталды.
Орталық 2011 жылы Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында айтылған тапсырмасы бойынша ашылған. Бұдан бұрын Өскеменде, Павлодарда осындай жиындар өткен, биыл шара Семейде өтіп, республиканың әр түкпірінен ғалымдар, мамандар келіп қатысуда. Орталық миссиясы этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін дамытудың іргелі ғылыми-зерттеу базасын құру болып табылады. Осы сала бойынша этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу және мемлекеттік этносаясат мәселелері, этносаралық және конфессияаралық қатынастар проблемалары бойынша оқыту, елдегі этносаралық және конфессияаралық жағдайға мониторинг жүргізу, экспресс-талдау және ұсынымдарды әзірлеу қолға алынған. Еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан мемлекеттік этносаясат, этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселелері маңызды болып табылады. Осыған орай ғылыми-тәжірибелік конференциялар, форумдар мен семинар-тренингтер ұйымдастырылып, әр облыстарда өткізілуде.
Семинар-тренингте Санкт-Петербор мемлекеттік университеті мәдени антропология және этникалық әлеумет кафедрасының доценті Дарья Васильева «Көпэтностық қоғам жағдайында трансұлттық компаниялардың әлеуметтік салаға әсер етуінің ерекшеліктері» тақырыбында дәріс оқыды, сондай-ақ, Мемлекеттік басқару академиясының магистрлері Мәлік Шегебаев, Дамира Ахатова «Этноәлеуметтік жағдай мониторингін» талдады. Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова «Қазақстан Республикасы әлеуметтік дамуының жаңа үрдістері» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар барысында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында алға қойған жаңа міндеттері аясында этноәлеуметтік және этноконфессиялық үдерістерді тиімді басқару бойынша тыңдаушыларға кәсіби білімі мен біліктілік деңгейін арттыруға мүмкіндік берілді. Іс-шара барысында этномәдени орталық өкілдері өзара тәжірибе алмасты. Семинар-тренинг қорытындысында сертификаттар табысталды.