Жолдау жол нұсқайды

Ет экспортындағы әлеуетіміз қандай?

 Облыста ет өнімдері қалай өндіріледі? Саланың экспорттық әлеуеті қандай? Біздің тұтынушыларымыз кімдер? Қарапайым шаруа қолындағы төрт түлігінің етін шетке экспорттай ала ма? Ол үшін қайда барып, қандай инстанциялардан өту керек? Осы және басқа да сауалдардың ауыл-аймақта тұратын әрбір ағайынның көңілін мазалайтыны рас. Иә бар тірлігін төрт түлікпен байланыстырып, жыл он екі ай қорадағы малын бағып-қағумен айналысатын ауыл азаматы үшін бұл мәселе шынымен де маңызды. Осы себепті, біз бүгінгі әңгімені осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

Өнім өңделіп шығады

Мал өсіріп, май емген өңір халқы ата кәсіпті ежелден жалғастырып келеді. Қысы қатал, жазы қоңыржай келетін аймақта төрт түліктің барлық түрі өсіріледі. Осыдан болар, Шығыс өңірі ет өнімдерін экспорттайтын ірі облыстардың бірі саналатыны. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратына сенсек, бүгінде елімізде дайындалатын мал еті өнімдерінің тең жартысы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының үлесіне тиетін көрінеді. Осыдан-ақ, өңіріміздің осы саладағы әлеуетін байқауға болады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтқан болатын. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланған абзал деген Президент, жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алатынын атап өтті. Оларды өңір­лік азық-түлік хабтарын құруға жұ­мыл­дыру керектігін баса айтты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, облысымыз қайта өңделген ет өнімдерін, атап айтқанда, шұжық және консервіленген ет өнімдері мен тауық етін ірі көлемде экспорттайтын аумаққа жатады. Оқырмандарымыз «мал еті не себепті өңделіп барып қана өзге елдерге  шығарылады?» деген сауал қоюы мүмкін. Бұған себеп те жоқ емес. Басты себеп – ірі қарада болатын аусыл ауруы. 2014 жылдан бері осы дертке қарсы вакцинация жасалатын өңір болғандықтан, аталмыш мал еті өңделіп, шұжық және консервіленген түрге айналған соң ғана шетке шығарылады.

– Облыстың агроөнеркәсіп кешені саласын дамытудың тұжырымдамасында 2021 – 2023 жылдары мал шаруашылығы саласын жетілдіру көзделген, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев. – Оның ішінде асыл тұқымды мал түрлерінің үлесін арттыру, сүтті сиырлардың өнімділігін көтеру, өндірістік бордақылау алаңдарын, фермерлік тауарлы-сүт фермаларын  ашу жоспарланған.

Өсім жоқ емес

Жоғарыда көрсетілген кешенді іс-шараларды жүргізу облысымыздағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға да үлесін қосатыны белгілі. Жалпы, облысымыздан шығарылатын ет өнімдерінің негізгі тұтынушылары өзге облыстармен қатар, көрші Ресей мен Қырғыз елдері екен. Атап айтсақ, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында облыстан 1338 тонна құс еті Ресей мен Қырғызстанға, ал 52 тонна консервіленген ет өнімдері Ресейге жөнелтілген.

Шетелге шығарылатын ет өнімдерінің жыл сайынғы динамикасында өсім өте жақсы. Мысалы, соңғы үш жыл көлемінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспортталған  мал өнімдерінің пайдасы 100 пайыздан жоғары көрсеткішке өскен. Атап айтсақ, 2017 жылы аталмыш елдерге өткізілген ет өнімдерінің көлемі 1477,29 мың АҚШ долларын құраса, 2018 жылы ол 1719 мың долларға, ал 2019 жылы   3493,3 мың долларға жеткен. Бұған қоса, 2023 жылға қарай облысымыз құс етін өндіру көлемін жылына 25 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр. Бұл бірінші кезекте Өскемен құс фабрикасын кеңейту арқылы жүзеге аспақ. Сөйтіп, Ресейге  құс етін экспорттау көлемі артпақ.

Стандартқа сай етпек

Тағы бір мәселе ет өнімдерін шетке шығаруда экспорттау талабына сай ет комбинаттары жоқ. Мұның бір ғана шешімі – Аягөз ауданында салынуы көзделген заманауи ет комбинаты болмақ. Аталмыш нысан іске қосылған соң ет өнімдерін Қытайға да экспорттауға жол ашылатын көрінеді.

– Облыстағы ет өнімдерін экспорттайтын шаруашылықтар мен кәсіпорындардың өнімдері ХАСП талаптарына сай болуы қажет, – дейді Ербол Қуанышев. – Қазақстанда  қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен ет және ет өнімдері бойынша келісілген техникалық регламент бар. Бірақ регламентті міндетті қолдану әзірше келісілмеген. Оны іске асыру уақыты қызығушылық білдіретін мемлекеттермен келісілуде.

Жауапты маманның айтуынша, ет өнімдерін экспорттағысы келген шаруашылық рұқсат алу үшін экспортер реестріне тіркелуі қажет екен. Реестрге тіркелу үшін өнім өткізілетін елдің ветеринариялық-санитарлық талаптарына сәйкес келуі қажет.

Бордақылау алаңдарының саны артады

Өңірімізде ет экспорттаушы шаруашылықтардың ортақ кооперативтері немесе одақтары жоқ. Бірақ бұл аталмыш бағыттағы жұмыстарға кішігірім шаруашылықтар қатыса алмайды деген сөз емес. Басқарманың хабарлауынша, малды бордақылауға отбасылық, кооперативтік және шаруа қожалықтарының бордақылау алаңдары қатыса алатын көрінеді. Олар ірі қара төлінің салмағын 300 келіге дейін жеткізген соң, малды фиништік бордақылау алаңдарына өткізеді.

– Биыл мың бастан жоғары мал бордақылайтын алаңдарға облысымызда ет бағытындағы ірі қара малмен айналысатын 82 кооператив тіркелген. Оның нақты жұмыс істейтіні – 23 бірлік. 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша айтар болсақ, мал бордақылау алаңдарына өткізілген бұқашықтар саны 13 546 басты құрады, – деді  Ербол Қуанышев.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда облыстағы тіркелген мал бордақылау алаңдарының жалпы саны 87  болса, олардың 14-нің мың бастан жоғары малды бордақылай алатын мүмкіндігі бар.  Құзырлы мекеме өкілінің айтуынша, нақты осындай шаруашылықтар бәсекеге қабілетті көрінеді. Заман талабына сай келетін мың бастан жоғары мал бордақылау алаңдары ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Өйткені оларда бордақылаудаға мал айналымы, еңбек өнімділігі өте жоғары және мал қарқынды жемделеді. Сондай-ақ үлкен көлемде бордақыланатын мал және оның өнімдері шетелде жоғары сұранысқа ие.

– Облысымыздағы орта шаруашылықтарда 50-ден мың басқа дейінгі малды бордақылайтын алаңдардың саны 73 бірлік, – дейді Ербол Қуанышев. – Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы саны жеті мың бас ірі қара малды бордақылайтын үш бордақылау алаңын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Олардың мың бастық екеуі Тарбағатай ауданындағы «Сарман-8» және «Аспаншы» шаруа қожалықтарының, ал бес мың басты бордақылауға мүмкіндік беретін тағы біреуі Көкпекті ауданындағы  «Елімай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ашылады.

Сондай-ақ алдағы екі жыл көлемінде де бұл көрсеткіш еселеп өсуі ықтимал. Келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, келесі жылы мың бастан жоғары мал бордақылау алаңдары бес бірлікке артып, қосымша 7,5 мың бас, ал 2022 жылы төрт бірлікке артып 6,5 мың бас бордақылайтын мүмкіндік туғызу жоспарланып отырған көрінеді.

Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйініне келсек, өңірдің ет экспортындағы әлеуеті жоғары. Бұған бірінші кезекте өңірдің табиғи жағдайы мүмкіндік берсе, екіншіден, шаруалардың осы іске ерекше ықыласпен ден қоюында. Әзірге етті шикізаттай емес, тек өңделген күйінде саудалауға мүмкіндік болғанымен, алдағы жылдары бұл жағдай оңды жағына қарай өзгеруі де мүмкін. Бұлай дейтін себебіміз – аймақтың соңғы жылдары ет сатып алудың зор мүмкіндігі бар Қытайға бағдар алуы. Халқы миллиардпен саналатын, зор тұтынушысы бар көршіміздің стандарттарын сақтайтын, ет өнімін соған сәйкестендіретін зертхана да салыну үстінде. Қабылданып жатқан кешенді іс-шаралар, мал бордақылау алаңдары санының еселеп артуы, заманауи ет комбинатын салу жобасы ет экспорты әлеуетінің болашағы жарқын екенін сездіреді.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button