Журналистік зерттеу

Ескі аттракционға атасының құнын сұрап отыр

Өскемендегі Жамбыл саябағының жаңарып, Жастар саябағының жарқырап кеткенін көрдік қой. Бұрын қандай еді? Бір жылдары осы қоршаулардың ішіндегі жабайы өскен қалың бұта, ну жынысты халық айналып өтетін. Қазір бұл демалыс орындары кірсе-шыққысыз. Бақ іші гүлге оранған, бұлағы сылдырлап, бұлбұлы сайрап тұр. Ал өскемендіктер жалпақ тілмен «Қазақстан паркі» деп атайтын «Металлург» саябағы әзірге қураған ағаш, қираған орындықтардан көз аша алмай тұр. Неліктен?

Ескі аттракционға атасының құнын сұрап отырСебебі, 2003 жылдан бері «Металлург» саябағы жеке кәсіпкердің қолында болып келген еді. Сол кездегі қала әкімі Вера Сухорукова қол қойған 10 жылға қайтарымсыз жалға берілген құжаттың қазір күші жойылған. Өткен жылдары қайта-қайта өткен кәсіпкер мен қала басшылығы арасындағы сотта екі жақ итжығыс түсіп жатты. Жер өз иесіне, яғни, мемлекетке қайтарылғанмен, ондағы он жыл бойы жиналған ұсақ-түйек құрылыс пен темір-терсек әзірге кәсіпкерге тиесілі. Енді жер мемлекеттікі, ондағы мүлік кәсіпкердікі болып тұр. Ал жерді өз иелігіне қайтарып алған жақ ондағы жылжымайтын мүлікті сатып алуға міндетті. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, «Металлург» мәдениет және демалыс саябағы» ЖШС директоры тозығы жеткен ескі аттракциондарға атасының құнын сұрап отырған көрінеді. Ал қалалық әкімдік үшін бұл ескі және қауіпті аттракциондардың еш қажеті жоқ. Қала басшылығы орайы келсе, парк аумағына халықаралық сапаға сай келетін жаңа аттракциондар орнатпақшы.

Алайда, кәсіпкер Людмила Лисовая да өз райынан қайтар емес. Оның айтуынша, саябақтағы құрылыс нысандары, карусельдер қазір ауада қалықтап тұрғандай.

– Жер кодексіне сәйкес, әкімдік ол мүліктің бәрін сатып алуға міндетті, егер сатып алса, барлық мәселе өз шешімін табар еді. Бірақ билік тарапынан бізге ондай ұсыныс болмай отыр, – дейді кәсіпкер.

Ал облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Лопаткиннің пікірі мүлдем басқа. «Саябақтағы ескі-құсқы карусельдер мен қураған ағаштарды құрта отырып, адам сенгісіз азғана уақыттың ішінде ол жерге көрсе көз тоятын дүниелер жасауға болады» дейді қоғамдық кеңес төрағасы. Оның айтуынша, мұндай маңызды нысандар мемлекет меншігінде болғаны дұрыс. Себебі, бизнесмендер тек пайда жағына көбірек көңіл бөліп, абаттандыру мәселесін айналып өтіп жатады. «Металлург» саябағының қазіргі жағдайы осыған мысал.

Әйтпесе, аумағы ат шаптырым аймақтың жылтырап тұрғаны бергі жағы, аттракциондардың айналасы ғана. Арғы жақтары адам көргісіз. Ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс та, саз батпақ та осы қоршаудың ішінде. Кәсіпкерлер тек ақшаны ғана ойлап, қаланың қақ ортасындағы мәдени-демалыс нысанын гүлдендіру және тазалық жағына мүлдем көңіл бөлмеген. Шабылмаған шөп, қырқылмаған ағашты айтпағанда, бұл саябақта дені дұрыс дәретхана да жоқ. Владимир Лопаткин ескі аттракциондар жөнінде де өз пікірін білдірді.

– Бұл ескі темір-терсектің халық үшін ешқандай пайдасы жоқ. Қалаға халықаралық талаптарға сай келетін, заманауи, сапалы аттракциондар қажет. Ал кәсіпкерлердің өздерінің тозығы жеткен дүниелеріне миллиондар сұрап отырғаны ақылға қонымсыз нәрсе. Бұл саябақты жарты жылдың ішінде бастан аяқ, қайта жабдықтап шығуға болады. Бюджеттің қаржысы ғана емес, жеке инвестиция тартуға болады. Халыққа керегі де осы. Себебі, карусельдердің қызмет бағасы арзандайды, қазір саябақтағы тот басқан карусельмен бір айналып шығу үшін 300 теңгеге дейін төлейсіз. Бұл қарапайым халық үшін өте қымбат! – дейді ол.

Расында да жаз айларында саябақ ішіндегі қызмет түрлері тым қымбат. Айналдырған 4-5 аттракционға 1 балаңызды отырғызып шықсаңыз, айтарлықтай шығындаласыз. Ал бірнеше баламен келсеңіз онда карусельдерге жай ғана сырттарынан қызығып қайтарыңыз анық. Ескінің аты ескі, аттракциондарды жыл сайын жөндеуден өткізіп отырғанмен тот басып тұрған темірлер кез келген уақытта сыр беруі мүмкін.

Қазір «Металлург» мәселесінің соңғы нүктесі әлі қойылмай тұр. Сот процестері әлі жалғасуда. Саябақ аумағы қалалық әкімдіктің иелігіне өткенмен, кәсіпкерлер өз райларынан қайтар емес. Өскемен қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары Виктория Барсукованың айтуынша, биыл саябақ жылдағыдай халыққа қызмет ететін болады. Сот шешімі әлі шықпағандықтан, ағымдағы жылдың 1-қазанына дейін жер аттракцион иелеріне жалға беріліпті. Бұған қарағанда саябақта биыл да еш өзгеріс болмайтын сияқты. Сол ескі де қымбат карусельдер халықтың қалтасын тағы да қаға беретін болуы керек.

Алайда, алдағы уақытта қала басшылығы «Металлург» саябағын адам танымастай өзгертпекші. «Орнында бар оңалар» демекші, ескі темір-терсектің орнына қауіпсіз аттракциондар әкелініп, келешекте бұл саябақ та Жастар саябағындай құлпырар деген ойдамыз. «Металлург» саябағы жасыл желекке бөленіп, тек жаз айларында ғана емес, жылдың төрт мезгілінде қала тұрғындарына қызмет етер деген үміттеміз.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button