Ешбір жетім бала қамқорлықтан тыс қалмайды
«Дидар» газеті қалыптасқан дәстүр бойынша және оқырмандардың көкейкесті сауалдарына нақты жауаптар қайтару мақсатында облыстық департаменттер мен басқармалар басшыларымен болатын тікелей байланысты қайта бастады. Бұл жолғы тікелей байланысқа облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Аркадий Исаев қатысып, оқырмандар сауалына жауап берді.
Айман ШӘРІПЖАНОВА, Семей қаласы:
– Балалар құқығының сақталуы туралы ақпарат беретін жиындар өте аз өтеді, ал мектептерде ұйымдастырылса, оған тек мұғалімдер ғана қатысады. Оған оқушылардың да қатысуына бола ма?
– Әр мектепте мектепішілік жұмыс және оқу-тәрбие жоспарына сәйкес, тақырыптық жиналыстар өткізіледі. Мектептерде сонымен қатар, Дүниежүзілік бала күніне орай (20 қараша) оқушылардың құқықтарының сақталуы туралы әртүрлі шаралар өткізілуі тиіс. Ол жиналыстарға және осы тектес басқа да шараларға оқушының қатысуына болады.
Берік САҒЫНТАЕВ, Ұлан ауданы:
– Мен балалар үйлері бойынша оңтайландыру жүретіні туралы естіп едім. Олай болған жағдайда ондағы балалар мен оқытушы-тәрбиешілердің тағдыры қалай болмақ?
– Иә, интернаттық мекемелер жүйесінде қайта құру (деинституциализация) жүргізіледі. Соңғы үш жылда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің саны 20 пайызға кеміді. Ал ол мекемелерде қызмет ететіндердің бұл мәселеде алаңдап отырғаны шындық. Алайда, бұл барлық балалар үйі мен интернаттар жабылады деген сөз емес. Олардың біразы отбасы мен балалықты қорғау орталығына, отбасылық үлгідегі балалар үйіне және басқа да мекемелерге айналдырылады. Сондықтан балалар үйіндегі жұмысынан босаған оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесін облыстық білім басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешетін болады.
С.АЛТЫНҒАЗИН, Абай ауданы, Саржал ауылының тұрғыны:
– Сынақ аймағында туған денсаулығы жарымжан жеткіншектердің құқығы қалай қорғалатыны туралы білгіміз келеді. Бұл мәселе полигон туралы заңда көзделген бе?
– Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 10 бабына сәйкес, келесі жағдайда балалар ядролық сынақтардан зардап шеккен болып саналады: 1966 және 1990 жылдарда жерасты ядролық жарылыстары жасалғанда осы аймақта тұрған, жұмыс істеген не әскери қызметін өтеген азаматтардың, 1949-1990 жылдарда жеңілдігі бар әлеуметтік-экономикалық мәртебелі аймақтарда тұрған, жұмыс істеген не әскери қызметін өтеген азаматтардың балалары, Заңда көрсетілген аймақта тұрған ата-аналарының біреуі ауырған не мүгедек болған жағдайда балалар ядролық сынақтардан зардап шеккен болып саналады. Ал Заңның 14 бабына сәйкес, ядролық сынақтардың әсерінен зардап шеккен аймақтарда тұратын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер шипажай-сауықтыру мекемелерінде (медициналық көрсеткіштері бойынша) тегін сауықтырылуға құқылы.
А.ШАЛҒЫНБАЕВ, Бесқарағай ауданы, Борас ауылының тұрғыны:
– Бесқарағай ауданының орталығында жас мамандарға салынып жатқан 16 пәтерлік екі қабатты тұрғын үйден екі жетім балаға пәтер беріледі деп естіп отырмыз. Бұл мәселе облыста қалай шешілмек?
– Өткен жылы балалар үйлерінің 3 түлегі мен қорғаншылықтағы 12 балаға Шемонайха, Зайсан қалалары мен Шүлбі кентінен 7 пәтер бөлінді. Сондай-ақ, 8 бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алса, демеушілердің қаржысы есебінен Зайсан қаласында ағалы-інілі 6 балаға 1 пәтер және Семей қаласында балалар үйінің 1 түлегіне пәтер берілді. Облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 27 шешімімен 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2015 жылға дейін 204 жетім жәна ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға тұрғын үй бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, биыл Өскеменде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жатақхана салынуда.
Рабиға САРМОЛДАЕВА, Глубокое ауданы:
– Біздің облысымызда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қанша бала бар?
– Қазір облыс бойынша 3835 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала өмір сүруде.
Асан ӘУКЕБАЕВ, Семей қаласының тұрғыны:
– Балалардың бос уақыты дұрыс өтуі үшін түрлі үйірме, спорт секциялары жұмыс істегені абзал. Бірақ, қазір бәрі ақылы, осыны жеңілдетуге не тегін жасауға болмай ма?
– 2012-2013 оқу жылының басынан бері облыс мектептерінде балалардың сабақтан бос уақытында айналысуы үшін 2458 спорт секциясы ұйымдастырылып, онымен 53788 (32%) бала қамтылған. Ал Семей қаласының мектептерінде 67 спорт залы, 47 спорт алаңы бар. Спорт мектептерінің ұлттық спорт түрлері мен «Спартак» футбол клубының үйірмелеріне балалар тегін қатыса алады.
Айгерім НАЗАРБЕК, Өскемен:
– Жетім балаларды қолдау жөнінде облысымызда қабылданған бағдарламаның мақсат-міндеттері қандай?
– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қоғамға бейімделуіне тең дәрежелі жағдай жасау мақсатында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен өңірімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша 2011-2015 жылдарға арналған кешенді бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылуда. Кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында жасөспірімдер үйлерін, жатақханалар мен жалдамалы үйлер салу, жетімдер үйлерінде тәрбиеленушілер мен түлектерге қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлу қарастырылған.
Асылғайша ЖӘРКЕМБАЕВА, Абай ауданының тұрғыны:
– Туғаннан денсаулығы кемтар баланы күтушіге мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады деп естиміз. Осы жәрдемақыны кемтар баланың әке-шешесінің бірі алуына бола ма?
– Туғаннан кемтар бала үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді, оны баланың (18 жасына дейін) күтімімен айналысатын анасы, не әкесі, не заңды өкілі ала алады. Бұдан басқа, балаға арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жайында облыстық зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталықтың филиалынан (т.: 8-7232-56-04-05) толығырақ білуге болады.
Қайдар, Серебрянка қаласы:
– Кешенді жоспарды жүзеге асыруға қай аудандар белсенді қатысуда?
– Кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында биыл «Мейірім» қайырымдылық акциясы өткізіліп, оның барысында 904 ірі кәсіпорын мен компания, шағын және орта бизнес құрылымы, бюджеттік мекемелер мен шаруа қожалықтары балалар үйлерінің 952 тәрбиеленушісін өз қамқорлықтарына алып, олардың есепшоттарына 64 млн. теңге аударды. Қазір отбасындағы 663 жетім балаға 670 патронаттық ұйым бекітілді және ол балалардың есепшоттарына 11 млн. теңгеден астам қаржы аударылды. Бұл мәселеде Зайсан, Тарбағатай және Көкпекті аудандары ерекше көзге түскенін айта аламын.
Айдын СҰРАНШИЕВ, Зайсан ауданы:
– Жетім балалар үшін тұрғын үй мәселесі аса маңызды мәселе болып табылады. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы қалай жүргізілуде?
– Зырян қаласында алпыс пәтерлі үйден жетім балалар үшін 8 пәтер бөлінсе, Семейде салынып жатқан шағын отбасылы жатақханадан балалар үйлерінің түлектеріне 3 пәтер берілетін болады, ал Өскеменде жұмыс істейтін жастарға, соның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жатақхана беру жоспарлануда.
Бақыт КЕҢШІЛІК, Бородулиха ауданы:
– Балалар үйінен шыққаннан кейін жетім балалар қайда баратынын және ары қарай қалай өмір сүретіндерін білмейтін жағдайлар көп кездеседі. Балалар үйінен шыққан түлектердің ары қарайғы тағдырын жоспарлау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Қазірде балалардың құқықтарын қорғау департаменті «Қазцинк» ЖШС-мен бірлесіп, «Балалар үйлері түлектерінің өмірі мен еңбек жолын жоспарлау» атты қанатқақты жобаны жүзеге асыра бастады. «Үміт» балалар үйінің 28 тәрбиеленушісінің келешек тағдырын жоспарлау сызбасы дайындалды.
Жандос БАТЫРБЕКОВ, Тарбағатай ауданы:
– Бізде шетелдіктердің бала асырап алу жайы қалай?
– 1999 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта Қазақстан азаматтары үш мыңнан астам бала асырап алған. Ал шетел азаматтары 2010 жылы 21 бала, 2011 жылы 15 бала асырап алса, өткен жылы ол мүлде болмады.
Айшагүл ҚУАНЫШ, Катонқарағай ауданы:
– Өмірдің ауыр кезеңіне тап болған отбасылар мен балалар қай жерден көмек немесе кеңес ала алады?
– Облыс бойынша 2 отбасын және балаларды қолдау, 2 дағдарыс және 2 жастардың денсаулық орталығы мен Өскемен және Семей қалаларында «Отбасы орталығы» қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Сонымен қатар, барлық қала мен аудандардағы білім бөлімдерінде сенім телефондары мен балалардың қоғамдық қабылдаулары жұмыс істейді. Мұнда қиын жағдайға тап болған адамдардың өз-өзіне қол салу, балалардың еңбегін заңсыз пайдалану, балаларға қатысты қатыгездік бойынша хабарлауларына болады. Өскемендегі отбасын және балаларды қолдау орталығының сенім телефоны 26-78-22, Семейде 56-06-30, ал облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің сенім телефоны 26-46-36.
Рада ОТЧЕСКАЯ, Риддер қаласы:
– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бойынша қандай шаралар жасалуда?
– Департаменттің жүргізген талдауы көрсеткендей, 2011 жылмен салыстырғанда өткен жылы суицидке ұмтылу 38 пайызға артқаны, ал суицидтің орын алуы 35 пайызға азайғаны белгілі болып отыр. Суицидке ұмтылғандардың 48 пайызы қолайсыз отбасыларының, ал 52 пайызы орнықты отбасылардың балалары. Облыс әкімдігі мен БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар қоры арасында жасалған келісім аясында өңірде 2012 жылдың ақпан айынан бастап кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жоба жүзеге асырылуда және облыстық жұмыс тобы қызмет етеді.