Шаһар шаруашылығы

Ертіс көпірінің астынан жаңа жол салынады

Ынтымақ Толқын

Облыс орталығында Е.Славский жағалауы мен Желтоқсан көшелерін жалғайтын жаңа жол салынады. Ертіс көпірінің астынан салынатын жол Бәйтеректің маңындағы көлік кептелісін азайтпақ.

Былтыр қаладағы Буров, Космический, Красин, Брусиловский және Қабанбай батыр көшелерінің жолдары жаңартылып, тротуар салынған болатын. Алайда жылда көктем шыға қармен бірге «еріп» кететін көше жолдарының асфальт жабынын мына жұрт айта-айта шаршаған. Жағдайды көзбен көріп, былтыр жөнделген жолдардың сапасын тексеріп қайтуға Өскеменнің әкімі Жақсылық Омар атқа қонды. Тексеру барысында жолдардың сапасы жақсы екені көрінді. Әзірге тұрғындардан ешқандай шағым түспеген. Алайда Брусиловский көшесіндегі тротуардың жағдайы мәз емес. Көктемгі қармен бірге жол астындағы құм мен тас ағып кеткен.

– Былтыр көшенің жолын жөндеп, шетіне тротуар салып берген. Жол сапасы жақсы, оған шағымымыз жоқ. Бірақ тротуардың жағдайын көріп тұрсыздар. Бір жыл өтпей бүлініп қалды. Енді соны қалпына келтіріп берсе жақсы еді, – дейді жергілікті тұрғындар.

Сапасы сын көтермеген тротуарды салған мердігер компания үш жылдық кепілдік негізінде жолды қайта жөндейді. Күн райы жылынып, жерге асфальт төсейтіндей болғанда жұмыс басталады.

Биыл облыс орталығындағы «Даңқ» мемориалы да жөнделеді. Жыл сайын кішігірім әрлеу жүргізілетін алаңға биыл кірпіш төселмек. Тұрғындардың сүйікті орнына айналған мемориалды жөндеу жұмысын қала әкімі 9 мамырға дейін аяқтауды тапсырды.

Ертіс көпірінің астынан жаңа жол салынады. Қаладағы ең үлкен ойын-сауық орталығы – ADK орналасқан аймақта көлік кептелісін азайту мақсатында әзірленген жоба қазір мемлекеттік сараптамада. Оның нәтижесі сәуір айының басында шығады. Оң шешім қабылданып, жаңа жол салынса, осы аумақтағы көлік кептелісі 25%-ға төмендейді.

– Көктем шығып, күн жылынған соң қаланы көркейту жұмыстарына кірістік. Ең бастысы – былтыр орташа жөндеуден өткен жолдардың сапасын тексеру. Бүгін көрген жолдардың жағдайы жақсы екен. Бірақ мердігерлердің салған кейбір тротуарлары жарылып кеткен. Олар жақын арада кемшілікті жояды. Сонымен қатар Славский жағалауы мен Желтоқсан көшелерін қосатын жаңа жолдың да құрылысы басталуға жақын. Жоба сараптамадан өткеннен кейін бірден жұмысқа кірісеміз, – деді Жақсылық Омар.

Өскеменнің ажарын аша түсетін абаттандыру жұмысы қаланы тазалаудан басталмақ. Сонымен қатар келер айдың ортасынан бастап көгалдандыру науқаны қызады, көшелерге гүл отырғызу жұмыстарына дайындық басталады.

 

Осы айдарда

Back to top button