Еріктілер қозғалысына ерекше көңіл бөлінеді
Шығысқазақстандық белсенді жастар Қазақстан-Ресей жастар ынтымақтастық форумына қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.
Форум алдында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей жастарының STARTUP-жобаларының көрмесін аралады. Сондай-ақ, Қостанай облысы жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Жиынға қатысушыларға арналған сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев аталған форумның білім мен тәжірибе алмасуға, пікірлестер тауып, ортақ мақсаттар мен жоспарлар жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде еріктілер қозғалысына айрықша көңіл бөлінетінін айтты.
– 2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылдадық. 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі жастарды жаппай волонтерлік қозғалысқа тарту ісін бастап берді. Биыл Қазақстандағы волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңі болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылы аясында өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқталды.
– Жастардың бизнес-бастамаларын дамытуға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы экономиканың негізгі секторларындағы стартаптарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту, ең алдымен, еңбек тәжірибесі жоқ жастар жөнінде арнайы бағдарлама қабылдануда. Білікті жас мамандарды қолдау күшейе түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еріктілер қозғалысының көшбасшыларын еліміздегі ауқымды әлеуметтік міндеттерді шешу үшін белсенді атсалысуға шақырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей жастарының екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
– Екі ел жастарының тікелей байланыстары – Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің, достықтың және тату көршіліктің бағдарын нығайтудың маңызды шарты. Елдерімізді ортақ тарих пен ең ұзын шекара ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастықтың зор әлеуеті де біріктіреді. Бұл саясатты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің еріктілер қозғалысы арасындағы серіктестікті ынталандыруға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.
– Біріншіден, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын ұйымдастыруды ұсынамын. Сыйлық үздік волонтерлік жобаға беріледі және креативті идеялар мен жобалар жасап жүргендерге жақсы қолдау болады. Екіншіден, Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін Волонтерлік кеңес құру мүмкіндігін талқылауды ұсынамын. Бұл өзара ынтымақтастықты нығайту үшін біздің әлеуетімізді күшейте түседі, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар форум барысында Мемлекет басшысы жастар ұйымдары көшбасшыларының 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялап, тарихи-мәдени орындарға бірлескен археологиялық және іздеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі бастамасын қолдады.
Айта кетейік, форум «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» деген атаумен өтті. Оған мыңға жуық жас жиналды. Солардың бірі – Ілияс Баяxметов. Ол – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 1-курс студенті. Болашақта тариx пәнінің мұғалімі атанып, балаларды білім нәрімен сусындатпақ.
– Форумнан ерекше әсер алып қайттым. Келешекте осы ауқымды шарада айтылған тың ақпараттарды кәдеме жарататын боламын. Сондай-ақ мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніме шын жүректен қуаныштымын, – дейді Ілияс Баяxметов.
Естеріңізге сала кетейік, форум екі күнге созылды. Алғашқы күнінде қатысушылар Қостанайдағы тариxи-мәдени орындарды аралады. Бұдан соң жастар Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевпен кездесті. Басқосу барысында министр кейінгі буын өкілдеріне зор үміт артатынын атап өтті.
Форумға қатысушылардың бірі, облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабековтің айтуынша, бұл іс-шараның маңызы зор.
– Жастардың ой-өрісін дамытып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік береді, – дейді Еркебұлан Балтабеков.
Айта кетейік, бүгінде біздің өңірде 2265 ерікті жас бар. Олардың дені өңір игілігі үшін еңбек етуде.
– Жеті жоғары оқу орны мен 57 орта білім беретін арнайы мекемеде волонтерлер жасағы құрылған. Оның құрамында 2265 жас бар, – деді Еркебұлан Балтабеков.
Ажар Сағатбекова