Денсаулық сақтау

Ер есімін елі ұмытқан жоқ

Коронавирус  дерті біздің елімізді де үлкен әбігерге салып, «жас-кәрі» дегізбестен көптеген адамдардың мезгілсіз көз жұмуына себепкер болды. Солардың бірі  – Күршім ауданындағы Бесжылдық ауылының тумасы, білікті медицина қызметкері, 2019 жылдың мамырынан бастап Алматы облысының бас санитарлық дәрігері болып қызмет істеген білікті маман Қайрат Баймұхамбетов еді.

Ол осынау тығыз-таяң уақытта халықты қатерлі  дерттен сақтау жолында тынымсыз тер төгіп, ақырында өзі сол індеттің құрбаны болды. Қайрат Қажыманұлы 2020 жылдан бастап Covid індетімен күреске белсене араласты. Ол жарғақ құлағы жастыққа тиместен шапқылап, қазақ-қытай шекарасындағы, Достық, Қорғас кеден бекеттеріндегі ахуалды жіті назарда ұстап, тікелей өзі барып, қадағалаумен болды. Сонымен бірге ол бұқаралық ақпарат құралдарына, телевидениеге, әлеуметтік желілерге жиі шығып, халықты қорғануға, індетті таратпауға шақырды. Сөйтіп жүріп, өзінің қатерлі дертті жұқтырғанын сезсе де, қатардан қалмай, үйде отырып, телефон арқылы нұсқаулар беріп, күресті бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Амал қанша, ақырында батпандап кірген індет қоймады, бар ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнаған маман дәрігер жарық дүниемен қош айтысып, аяулы жарын, балапандай үш қызын тастап, бақиға аттанды.

Бейбіт күнде қарусыз майданға бел шеше араласып, ел үшін жан қиған ерді артында қалған қабырғалы жұрты, дос-жарандары, әріптес дәрігерлер қауымы елеусіз қалдырған жоқ. Аудандық, облыстық, республикалық газеттер беттерінде ол туралы көптеген мақалалар, естеліктер жарық көріп, республикалық телевидение Қайрат Қажыманұлы туралы мазмұнды хабарлар таратты. Ол жайлы қысқа метражды фильм түсірілді. Сол уақытта Қайраттың атын бір көшеге беріп, есімін ел есінде мәңгі қалдыру туралы пікірлер көптеп айтыла бастаған болатын.

Сол айтулы күн де келіп жетті. Аудан орталығы жұртшылығының, маңайдағы ауылдар тұрғындарының, Өскеменнен, Алматыдан, басқа да қалалар мен елді мекендерден арнайы келген қонақтардың бас қосуымен Күршімдегі бұрын МТС деп аталып келген ұзын көшеге марқұм Қайрат Баймұхамбетовтің аты берілді.

Бұл күннің нағыз мерекеге айналғаны рас еді. Аудандық Мәдениет үйінің әншілері көп адам бас қосқан келелі жиынды ән мен күйге бөледі. Бұдан соң жұрт алдына шығып, Қайрат Қажыманұлы жайлы жүрек тербер естеліктер айтқан Күршім ауданының әкімі Д.Қажановтың, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, марқұмның бірге оқыған, отбасымен араласқан сыйлас досы Қ.Тұрдиевтің естеліктері тыңдаған адамның жанын тебірентті. Осыдан кейін кезек алған,  кезінде Қ.Баймұхамбетов көп жылдар басшының орынбасары болып қызмет істеген Күршім аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкері Н.Адрышева да әріптесі жайлы бірқатар естеліктерді жұрт назарына салып өтті. Бұдан соң да көптеген адамдар аяулы азамат туралы пікірлерін ортаға салып, шынайы пікірлерін бөлісіп жатты.

Салтанатты рәсім аяқталып, көше басындағы үйдің жанына әдейілеп әкелінген шыршалар егілген соң, жұрт көзінше үй қабырғасына «Қайрат Баймұхамбетов көшесі» деп жазылған тақтайша қағылды. Бұдан соң орталықтағы «Алтын Алтай» дәмханасында марқұмға арнап қатым түсіріліп, дұға жасалды. Күршім ауданы.

Хасен Зәкәрия

 

Осы айдарда

Back to top button