Саясат

Енді әкімдердің жауапкершілігі еселене түседі

Облыста Елбасының Жарлығына сәйкес ауылдық округтер әкімдерін сайлау 7-8 тамыз күндері ұйымшылдықпен, алдын ала жасалған тыңғылықты дайындықпен өткізілді. Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, тамыздың 7-сі күні сегіз ауданда саяси науқан мәресіне жетті. Ал 8 тамызда Семейде, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Үржар, Шемонайха аудандарында ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өткізілді. Депутаттар екі күнде облыстағы 252 мандатқа әкімдерді сайлап, өз таңдауларын жасады. Енді жаңадан сайланған әкімдердің жауапкершілігі арта түсері сөзсіз.

Енді әкімдердің жауапкершілігі еселене түседі

Ресейлік бақылаушылар да қатысты

Семейде 14 ауылдық округ пен 2 кенттің әкімдері сайланды.

– Шынында да ауыл әкімдерінің сайлауы үлкен сын болғаны белгілі. Елде ауыл тағдырына шынымен жаны ашитын әкімдер сайланып жатса, жұрттың жағдайы жақсарып, тұрмыс-тіршілігі түзеледі. Демек, сайлауда әкімді таңдап алу үшін жан-жақты бақылау, мықты талап қажет болды, – дейді Семейдегі сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан «Демократия институты» ғылыми-зерттеулер қауымдастығының жобалар бойынша директоры, ресейлік Юлия Кучинская.

Семейде 48 кандидат тіркелсе, біреуі өз еркімен бас тартқан. Әр сайлау учаскесіне үміткерлер екі немесе үш адамнан айналды. Сайлаудың барысына қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері қатысып, бақылау жасап отырды. Жалпы, Семейдегі сайлау барысы ұйымдасқан деңгейде өтті деуге толық негіз бар.

– Бұл сайлауда әкімдерді депутаттар халықтың жанама өкілі ретінде сайлап отыр ғой. Дегенмен, алдағы уақытта халықтың өзі дауыс беріп, тікелей өздері қатысып сайлап жатса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Осыған дейін біздің елімізде жекелеген жерлерде, өңірлерде эксперимент ретінде сайлау өткен болатын. Сонымен бірге, Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында демократиялық процестерге, оның ішінде ауыл әкімдерін сайлауға ерекше мән беру қажеттігі айтылған. Міне, осыған байланысты сайлау елімізде тұңғыш рет өтті, – дейді Семей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаев.

Ерекше ұйымшылдық танытты

Үржар ауданында да ауыл әкімдерінің сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығымен есте қалды. Әуелі ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі ережелермен аудандық мәслихат хатшысы М.Бітімбаев пен комиссия төрағасы А.Жұматаев таныстырды. Кандидаттардың барлығының білімі жоғары, орташа жасы 47 жас, тіркелген кандидаттардың ұзын саны 80-ді құрады.

– Әкімге үміткерлер өз таңдаушыларымен кездесіп, осы мезгілге дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келді. Дауыс беретін орынды жасақтап, сайлауалды дайындық жұмыстары жүргізіліп, барлық шаруа әбден пысықталды, – дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Абзалхан Жұматаев.

Сайлаудың нәтижесінде аудандағы 27 ауылдық округтің арасында төрт ауылдық округтің әкімдері жаңадан қызметіне кірісті. Ел көлемінде тұңғыш рет өткізілген жауапты науқан – ауыл әкімдерінің сайлауы Күршім ауданында да өз мәресіне жетті. Сайлауға жауапты адамдардың, тәуелсіз бақылаушылардың таңертеңгі сағат сегізден-ақ сайлау өтуге тиіс аудан әкімдігі ғимаратынан табылғандығының өзі олардың жауапкершілікті терең сезіне білгендігінің белгісі деуге болады. Күршім ауданындағы 12 мандатты сарапқа салған 37 адамның арасынан (Төсқайың ауылдық округінен 4 адам түсті) әкімдікке лайықты үміткерді таңдау құқы берілген депутаттар өз қалауларын жабық түрде білдірді. Өздеріне артылған жауапкершіліктің зор екендігін әркімнің қапысыз сезінгендігі сайлау барысында жүздерінен айқын байқалып тұрды.

Сайлаудың нәтижесінде қазіргі уақытта қызмет істеп жүрген әкімдер түгелдей өз орындарында қалды. Тек Құйған ауылдық округінде әкімдіктен үміткер болған М.Құсайынов 12 депутаттың 11 дауыс беруімен ауыл әкімдерінің қатарына қабылданды.

Тарбағатай ауданы бойынша 17 ауылдық округтен 50 үміткер тіркелген болатын. Бақылаушылар мен сарапшылар сайлау әділ өтті деген баға берді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ахмет Аққазин сайлау жинақы әрі жүйелі өткенін айта келіп, әкімдер сайлауына жан-жақты дайындық пен ұйымдастыру мәселесі де жақсы жолға қойылғанын жеткізді. Сайлаудың нәтижесінде 4 ауылдық округтің әкімдері жұмысын жаңадан бастамақ.

Аудандағы іргелі округтің бірі Ойшілік ауылдық округінің жаңадан тағайындалған әкімі Серікқали Ығиев енді жауапкершіліктің бұрынғыдан да еселене түсетінін айтады. Ауылдық округтер әкімдерін сайлауға арналған дәл осындай жауапты науқандар өңірдің Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Шемонайха аудандарында да үлкен дайындықпен өтіп, ондағы халық қалаулылары да лайықты таңдауларын жасады.

* * *


Облыстағы саяси науқан мәресіне жеткеннен кейін облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Александр Рукин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне екі күнгі сайлаудың негізгі қорытындыларын жариялады. Оның келтірген деректеріне сүйенер болсақ, 252 ауылдық әкімнің орынтағының 186-сына бұрынғы әкімдер қайта отырса, 66 жаңа әкім қызметтеріне білек сыбана кірісетін болады. Бұл – барлық әкімдердің 26 пайызы. Айта кетерлігі, 252 әкімнің 36-сы нәзік жандылар болса, әкімдердің орташа жасы 45-ті құрайды. Ең жас әкім облыс орталығының іргесіндегі Ұлан ауданының Өскемен ауылдық округінің әкімі Қабыш Ермек болды. Оның жасы – 28-де. Сайланған әкімдер алдағы төрт жылда халықтың сенімінен шыға білуге міндетті. Әкімдерді сайлауға тиісті қалалық, ауылдық мәслихаттардың 225 депутатының 218-і келіп, өз таңдауын жасады. Өңірдегі екі күн бойы өткен ауылдық әкімдер сайлауын бақылауға саяси партиялардың 140-тан астам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, Ресейдің бақылаушылары қатысқан.

– Сайлау облысымызда ұйымшылдықпен өтті. Ешқандай арыз-шағымдар түскен жоқ. Мұның бәрі алдын ала жасалған дайындық жұмыстарының арқасында мүмкін болды. Сайлауға дейін біздер әрбір сайлау процесін эксперимент ретінде өзімізде өткізіп, біріміз әкім, біріміз депутат, біріміз бақылаушы болып тыңғылықты әзірленген едік. Үлкен жауапкершілік арқалатқан бұл жұмысты ойдағыдай атқардық, – дейді Александр Рукин.

Раушан Нұғманбекова, Бейсенғазы Ұлықбек,
Хасен Зәкәрия, Қадырбек Кәкімұлы, Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button