Журналистік зерттеу

Елуден артық топ жасақтауға жетерлік қазақ баласы өзге тілде тәрбие алып жүр

Қаладағы балабақшалар мен шағын орталықтарға қазір 12 мыңдай бала барады. Қазақ тілді – 7, аралас тілді – 15, орыс тілді – 20 балабақша жұмыс істеуде. Және 5 жастан асқан балалар үшін мектеп жанынан ашылған қазақ тілді – 5, аралас тілді – 13, орыс тілді – 15 шағын орталық бар.

Елуден артық топ жасақтауға жетерлік қазақ баласы өзге тілде тәрбие алып жүр

2015 жылы қалада алты балабақша салынады

Орыс тілді «Чудотворец», «Вишенка», «Подснежник» балабақшаларының негізі 1954-1959 жылдары қаланған. Қазірге дейін жұмыс істеп тұрған тағы 11 балабақша 1986 жылға дейін ашылған екен. Одан кейінгі он жылда көптеген балабақшалар жабылып, ғимараттары жекешеленіп кеткен. Осы уақытта тек «Арина» меншік балабақшасы 1990 жылы, «Қарлығаш» атты алғашқы қазақ балабақшасы 1991 жылы іске қосылған. Тек 2005 жылдан бастап қалада балабақшалар біртіндеп іске қосыла бастағанын ескерсек, қазіргі қазақ тілді топтардың көбею қарқыны әлдеқайда жылдам деуге болады.

– Балабақша санын көбейтуде ел Үкіметінің балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасын басшылыққа алып, ата-аналардың тілектерін ескере отырып, жұмыс атқарудамыз. 1993-1998 жылдар арасында жекешеленген ғимараттарды қайтару ісі жалғасуда. 2020 жылға дейін жиыны 1400 орынға арналған 6 балабақша ғимараты қайтарылады, 2015 жылдың өзінде ғана жиыны 1640 балаға арналған 6 жаңа балабақша салынбақ. Нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы өскемендік бүлдіршіндердің 99,4 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтамасыз етіледі, – дейді Өскемен қалалық білім беру бөлімінің бастығы А.Кузнецов.

Жақында Өскемендегі №19 шағын ауданда 250 балаға арналған «Рахат» атты қазақ балабақшасы пайдалануға берілмек. Жаз ортасында Буров көшесі, 51 мекенжайындағы балабақша ғимараты іске қосылады. Мұнда 7 қазақ тілді, 4 орыс тілді топ болады. Және 2 топ үйде ата-анасының арнайы бағуын қажет ететін, ақыл-есінде кемістігі бар балаларға арналуы мүмкін.

4928 балғын кезегін күтіп жүр

Қала бойынша 2010 жылы – 4795, 2011 жылы – 4988, 2012 жылы – 5327 сәби дүниеге келген. Қалалық білім бөлімінде балабақша кезегінде 4928 бала тұр, бұл – бір жылда өмірге келетін сәбилер санымен парапар. Жаңадан мектеп алды мекемелері ашылып, жыл сайын мектепке баратын бүлдіршіндер орнын бөбектер басады. Әрі қалалық ата-ана баласын өмірге келе салып, кезекке тіркеп қоятынын ескерсек, жағдай сонша күрделі емес деуге болады. Тек топ жасақтауға бала саны жетпеген соң, баласын үйінен алыс балабақшаға немесе ауылға апарып тастауға мәжбүр болатын ата-аналардың жағдайы қиын.

– Әр топта 27 бала болуға тиіс. Топтағы бала саны негізінен жеңілдік берілуі тиіс балалар есебінен артып кетіп отырады. Мысалы, әскерилердің немесе аз қамтылған отбасылардың балалары топ құрамы жабдықталатын оқу жылы басталып қойған соң қосылып жатады. Қазақ ата-аналары балаларын біресе, ауылға апарып, біресе, әкеліп, бала санын анықтауда қиындық тудырады, – дейді қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Г.Абдулина.

Топ-көп, бүлдіршін саны аз

Қазір қаладағы қазақ тілінде тәрбие беретін 121 топта 4 мыңнан аса, орыс тілді 232 топта 8 мыңға жуық бала бар. Балабақшаға баратын 12 мың баланың тең жартысы қазақ бола тұра, топ саны, бала саны екі есе кем. Қазақ тілді топтарда өзге ұлт өкілдерінің балалары 126 ғана болса, орыс тілді топтарда қазақ балаларының саны – 1528. Өкінішке қарай, елуден аса топ жасақтауға жетерлік қазақ баласы өзге тілде тәрбие алып жүр. Педагог мамандармен, ата-аналармен тілдесе келе, бұл жағдайдың орын алуына қазақ тілді балабақша санының аздығы ғана себеп болмағаны байқалды.

Қалалық білім бөліміне қарасты барлық балабақша Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі ережелері» негізінде жұмыс істейді. Тек тіл үйренуге бөлінген сағаттарда ғана айырмашылық бар. Қазақ тілі орыс тілді топта аптасына 3 сағат, қазақ тілді топта аптасына 2 сағат, ағылшын тілі екеуінде де аптасына 2 сағаттан оқытылады екен.

Балабақшада қазақ сәбилерінің тең жартысы өзге тілді топта жүрсе, 2009 жылдан бері ашылып жатқан шағын орталықтарда да қазақ тілді бала саны үш есе аз. Бұрын балабақшаға кезекке тек қалалық білім бөлімінде жазылуға болатын болса, қазір ғаламтордың www.egov.kz парақшасындағы «электрондық қызмет» бөлімі және қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жазылуға болады.

– Кезекке тұру үшін келген ата-анаға балабақшалар туралы жан-жақты мәліметтер жазылған тізімді ұсынамыз. Тізімдегі 39 балабақшаның қайсысын, қай тілдісін таңдайды, ата-аналардың өз еркі. Өтініштерін келесі күні-ақ қалалық білім бөліміне жеткіземіз, – дейді облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығының» Өскемен қалалық №2 филиалының бөлім бастығы Ә.Ниғметжанова.

ЖМК ауданындағы «Күншуақта» 13 топ, кезекке жазылған 111 бала бар. Орыс тілді «Радугада» 11 топ, кезекте – 156 бала. «Балбөбекте» 6 қазақ тілді, 6 орыс тілді топқа барлығы 427 бала, «Балапанда» 10 қазақ тілді, 4 орыс тілді топқа барлығы 500 бала кезек күтуде. «Күншуақта» топ саны көп болғанына қарамастан, кезек басқалармен салыстырғанда аз. Қазір ЖМК ауданы балабақшалары бойынша қазақ тілді 29 топта 1072 бала, орыс тілді 21 топта 832 бала бар. Қазақ тілді топ көп болғанмен, соған сәйкес бала саны аз. «Орын жетпейді, қосымша топ ашу қажет» деп талап етіп жүрген ата-ана да жоқтың қасы. Қалай болғанда да, тәлім-тәрбиенің түп негізін қалаушы өздері екенін ата-аналар естен шығармауы тиіс.

Әлия Садыбаева

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button