Еліміздегі тұңғыш сынамалы тестілеу орталығы Өскеменде ашылды
Міне, мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ деп аталатын сын сағаты да күн санап жақындап келеді. Биыл елімізде бірінші рет Өскемен қаласы мектептерін бітіретін 150-ге жуық түлек ұлттық бірыңғай тестілеуді компьютермен тапсыруды көздеп отыр. Осынау жауапты сынақтың қарсаңында Өскеменде аймақтық тестілеу орталығы ашылды. Оның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Бұрынғы «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» іші танымастай өзгеріпті. Қазір бұл ғимарат аймақтық тестілеу орталығы болып қайта ашылып отыр. Бір қызығы, қаламыздағы ең көне тарихи нысандардың бірінен саналатын бұл ғимарат о бастан-ақ білім саласы үшін бой көтерген секілді. Сонау 1912 жылы бұл жерде ер балаларға арналған мектеп ашылыпты. Енді, міне, бір ғасырдан астам уақыттан соң, аталған ғимарат тағы да тәуелсіз еліміздің білім саласы үшін қызмет етпек. Облысымыздың білім саласы үшін маңызы зор орталықтың ашылу салтанаты ғимараттың астыңғы қабатында орналасқан «Білім ағашының» жанында басталды. Жүргізушілердің айтуынша, осынау орталықтың нышаны ретінде өңірімізге тән ағаштың түрі «Жібек талы» таңдап алынған көрінеді.
Жалпы, бұл аймақтық тестілеу орталығы – Ұлттық тестілеу орталығы мен «Ustudy» компаниясының сынамалы жобасы болып табылады. Бұл орталықты ашудағы басты мақсат – жаңа технологиялардың көмегімен елімізде жаңа тестілеу жүйесін құру. Енді бұл орталықта оқушылар жыл бойы сынама тест тапсыра алады. Сонымен қатар, мектеп бағдарламасындағы білім деңгейіне қатысты кемшіліктерін айқындап, республика бойынша ең білгір деген оқытушылардан қазақ тілінде бейнесабақтарға да қол жеткізе алады екен.
Осынау аймақтық тестілеу орталығының ашылуы облыстың білім саласындағы ерекше оқиға екендігін өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да ерекше атап айтты.
Құрметті әріптестер, бүгін барлығымыз үшін ерекше күн деп айтуға болады. Өйткені, Ұлттық бірыңғай тестілеу, баланың мектеп бітіріп, оқуға түсуі деген – кез келген ата-ана үшін үлкен түйінді мәселенің бірі. Түптеп келгенде, баланың болашағы осыған байланысты. Сондықтан да қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуді жетілдіру үшін елімізде көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Соның бір мысалын өздеріңіз көріп, куә болып отырсыздар. Бұрынғы Достық үйін компьютерлік режимдегі тест орталығына айналдырып отырмыз, – деген Жақсылық Омар республика бойынша алғаш қолға алынып отырған компьютерлік тестілеу жобасына біздің өңіріміздегі Өскемен қаласын таңдап алып отырған республикалық ҰБТ орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне, осы жобаның іске асуына ерекше қолдау танытып отырған жеке кәсіпкерге алғысын білдірді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары бұл орталықтың ерекшеліктеріне де ерекше тоқталып өтті.
– Біріншіден, бұл жерде оқушы үшін барлық жағдай жасалған. Екіншіден, қатемен жұмыс жасауға, нәтижесіне күмәнданса, көтеріп қарауға мүмкіндік бар. Ең бастысы, уақытты үнемдейді. Сондықтан да мұны ең бір қолайлы альтернативті нұсқа деп қабылдауымыз керек. Әрине, кез келген жаңа нәрсені қолданысқа енгізген кезде оның кем-кетіктері болады. Қазіргі таңда әлемнің бүкіл елдері осы жолмен жүріп отырғанда, біз олардан әсте алшақтап кете алмаймыз. Биыл Өскемен қаласы мектептерінің 150 түлегі Қазақстан бойынша тұңғыш рет осы жүйемен тест тапсырғалы отыр. Содан кейін бұл жобаның тағдыры айқындалып, ертеңгі күні жалғасын табады деп ойлаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
– Біздің мақсатымыз – мектеп бітірушілерге жайлы жағдай жасау. Бұл аймақтық тестілеу орталығы – ҰТО, облыстық білім басқармасы мен «Ustudy» компаниясымен бірлескен сынамалы жоба. Шешім қабылданбас бұрын, нарықты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, «Ustudy» орталығымен ынтымақтастық айқындалды. «Ustudy» орталығының жұмыс тәжірибесі мен білім саласындағы қызмет көрсету деңгейі зерттеліп, аймақтық тестілеу орталығын құру мәселесі шешілді, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының бас директорының орынбасары Болат Меншік.
«Ustudy» компаниясының бас директоры Жанат Рахманидың айтуынша, осы жобаға 100 миллион теңге көлемінде қаржы салыныпты. Сонымен қатар, орталық 14 адамды жұмыспен қамтымақ. Аталған компанияның бұл саладағы тәжірибесі жетерлік. Бұған дейін Алматы, Шымкент, Тараз және Талдықорған қалаларында 7 жеке орталығын іске қосқан компания алдағы екі жылда Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесе отырып тағы да 50 осындай орталық ашуды жоспарлап отырған көрінеді.
Сондай-ақ, аймақтық тестілеу орталығының ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы ардагерлері кеңесінің төрайымы Галина Протасова сөз алып, жылы лебізін білдірді.
– Мен облысымыздағы барша білім беру саласы қызметкерлері атынан қаламызда осындай тестілеу орталығын ашуға мұрындық болғаны үшін Республикалық тестілеу орталығына үлкен алғысымды білдіремін. Бұл – білім сапасын арттыруға бағытталған ізгі қадамдардың бірі. Тәжірибелі педагог ретінде бұл оқушы үшін де, ұстаздар мен ата-ана үшін де қолайлы екеніне сенімдімін, – деді ол.
Мейрамтай Иманғали