Жаңа Қазақстан

Елге жасаған қызмет – артта қалған із

Аягөз халқы да Президент сайлауында белсенділік танытып, болашағына бейжай қарай алмайтынын дәлелдеді. Біз Әділетті, Жаңа Қазақстанды құрудың алғышарттары жасала бастағанына қуанамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде көп іске мән берді. 

«Біздің басты байлығымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды. Еліміз даму жолында, негізінен, өз күшіне сенеді. Сонымен қатар шетелден тікелей инвестиция тарта отырып, түрлі саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытады. Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған теңгерімді және конструктивті сыртқы саясатын жүзеге асыруды жалғастырады. Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен өзара тиімді әріптестік басты назарда болады. АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен, Азия, Таяу Шығыс және Кавказ мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа елдердің барлығымен көпжақты ынтымақтастықты дамытамыз. Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын берік ұстанатын ел болып қала береді» деп атап көрсетті.

Мемлекеттік құрылыста «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты ұстанатынымызды айтты. Шынында да, Президент сайлауы биліктің барлық негізгі институтын жаңғырту үдерісін бастады.  Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жаңғыру процесін жоспарлы түрде жалғастыратынын, сол үшін Сенат депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қоятынын жеткізді. Демек, жоғарғы палата депутаттарының сайлауы конституциялық реформаның жалғасы болады.

Жоспарлары туралы айта келіп, «Бүгін мен конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы ретінде «Жоғары аудиторлық палатаның кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қоямын. Келесі кезең – оны толық трансформациялау. Басқа маңызды шешімдерді кейін жариялаймын. Алда атқарар шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес,  бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін. Қолынан іс келетін, елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрметін білдіреді. «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Осыны әр азамат түсінуі керек» деп баса айтты.

Президент ел мүддесінің, арман-мақсатының бәрінен биік екенін айтып, барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етті. Кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық басты қағидаттар болатынын, сондықтан қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие болуымыз керектігін алға тартты.

Біз мұны әділетті Қазақстанды орнатудың алғышарттары деп түсіндік.

 Ахметқазы Жұмағазин,

Аягөз аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы

 

Осы айдарда

Back to top button