Жаңа ҚазақстанЖаңалықтарТОП

Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы жеке аудан болады

Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қайта қалпына келтіріледі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өткен Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы бірқатар аудандарды қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Айта кетсек, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қалпына келтірілмек екен.

− «Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та өте маңызды мәселе. Осы мәселені ұзаққа созбай шешуіміз қажет. Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс, − деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салады.

− Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек. Бұл жұмысты «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Яғни мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті деңгейде атқару маңызды, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Осы айдарда

Back to top button