Жаңа Қазақстан

Жаңа Қазақстанның өлшемі – әділетті қоғам

Ерлан Бапанов

Республикалық референдум өткізуге санаулы күндер қалды. Ел арасына үгіт-насихатпен қатар, түсінік жұмыстарын жүргізуге заң шығарушы билік өкілдері де бел шеше кіріскен. Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров Тарбағатай ауданының ауылдарында болды.

Басты тақырып – референдум. «Бұл қоғамға не береді, қандай өзгерістерге бастайды, бұрын айтылып жүрген күрмеулі мәселелердің шешілуіне ықпалы бар ма?» деген сұрақтар төңірегінде пікір алмасылды. Ақжар ауылындағы кездесуде депутат референдум арқылы өзгерістер мен толықтырулар енетін заң жобасының негізгі бағыттарын талдап-тарқатып айтты.

Тұрғындардың бірі Ербол Қанафин жергілікті бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету үшін  жергілікті қоғамдастық мүшелерінің белсенділігін әлі де жандандыра түсу қажеттігіне назар аудартты. Елдің көкейінде жүрген сұрақты қозғаған Төлеген  Қалимажан  Қалбатау  –  Боғас арасындағы жолаушылар мен көлік жүргізушілерді титықтатып мезі еткен автожолдың мәселесін айта келіп, ең болмағанда қырып тегістеп, су сеуіп отыруға болмас па деді.

Е.Сайыровтың Маңырақ ауылындағы кездесу-жиыны да белсенді өтті. Тұрғындар кезекпен сөз алып, ойындағысын бүкпесіз айтты. Алмас Өмірбек ауылшаруашылық жерлерін жалға беру конкурстарындағы адами факторлардың бар екенін ашық айтты. Жекен Қабдолдин су жетімсіздігі   ауылдағы азын-аулақ малына иек артып отырған халыққа оңайға соқпай тұрғанын жеткізді. Себебі, жемшөп қымбат кезеңде, «Қандысу» қоймасының қажетті суды бере алмауы, салдарынан егістік жер игеру машақаты жығылғанға жұдырық болып тұр. Көңілге медеу болғаны әйтеуір сең қозғалып, «Қандысудың» жөнделуіне негіз болатын жобалық сметалық құжаттамасына ақша бөлінетін болыпты. Депутат осылай деді.

Тұғыл ауылындағы мектептің акт залына тұрғындар көптеп жиналды. Мұнда да референдумның маңызы кеңінен түсіндірілді. Мәжіліс депутаты ауылға күнде келіп жатқан жоқ. Сондықтан тұрғындар өзекті деген тақырыптарды барынша қамтуға тырысты. Тұрғындардың бірі Нәзипа Кешубаева Тұғылға алты жүз шақырым Семейден тасымалданатын көмірдің жылдан-жылға қымбаттап жатқанын, былтыр тоннасы 25 мың теңге болғандығын айтты. Сондықтан кемежайдың жұмысын қолға алып, көмір жеткізуді су жолы арқылы ұйымдастырса әлдеқайда арзанырақ болар еді дейді ауыл тұрғыны. Ал Нұрмұханбет Қанапиянов ақсақал тек балық шаруашылығымен ғана шектеліп қалмай, бау-бақша өсіруге ден қойған тұғылдықтардың еңбегіне тоқтала келіп, Құсты өзенінің бойына су қоймасын салмаса,  егістік жер игерудің  проблемалары алдыдан кесе көлденеңдеп шыға беретіні анық деді. Ақсуат, Ақжар секілді аудандағы ірі ауылдық округтердің қатарындағы Тұғылға спорт модулі әсіресе, жастар үшін өте қажет деді ауыл ақсақалы Байбек Оқасов.   Дерекке сүйенсек, 2023-2025 жылдары облыста салынатын 10 спорт нысандарының ішінде осы  Тұғылға спорт кешенін салу да бар екен.

Ерлан Сайыровтың халықпен кездесуі Қабанбай ауылында жалғасты. Мұнда да референдум туралы жан-жақты құлақтанған тұрғындар 5 маусымда саяси науқанға бір кісідей қатысатындарын білдірді. Осы жиын аясында толғандырған сауалдарын да қойды. Ауыл тұрғыны Нұрахмет Әлдебаев «Бір қабатты  Шығыс» бағдарламасымен Ақсуат, Ақжардан салынғандай, Қабанбай секілді өзге ауылдардан да баспаналар бой көтерсе деген ұсынысын жеткізді. Басқосуда қабанбайлықтар үшін жағымды жаңалықтар да айтылды. Қабанбай  –  Шорға арасындағы 30 шақырымға, Қабанбай ауылына кіреберіс 3 шақырымға асфальт түссе, Шеңгелді ауылынан 100 орындық мектептің құрылысы қолға алынбақшы екен.

Мәжіліс дептутатының кездесу-жиыны Қарасу ауылында аяқталды. Мұнда ауыл ақсақалдары еліміздегі саяси реформалардың дер кезінде қолға алынған шешім екендігін, Президент бастамаларын қолдайтындықтарын әңгімеге арқау етті.

Десе де, жергілікті жерге тән мәселелер де назардан тыс қалмады. Мәселен, төрт түлік өсіріп, шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған Сержан Омарбеков ауылшаруащылық саласындғы күрмеулі мәселелерді тізіп өтті. Қазіргі таңда малды бағып-өсіргенмен оны өткізу жағы қиындап тұр. Жүн-теріні былай қойғанда, тірілей сатудың өзі мұң, өтпей тұр. Жыл он екі ай аптап ыстығына, боранды-аязына шыдап бағасың, алыпсатарлар  өте арзанға бағалайтыны жанға батады. Өзбекстан еліне ет экспортының тоқтауы да малдың өтіміне кері әсер бергендей. Оның үстіне ауылшаруашылық техникаларының бағасы да күйіп тұр. Қытай мен Өзбекстанға нарық ашылса, малға да сұраныс артар еді. Сою алаңдарының талапқа сай болмай мал терісінің дұрыс сыдырылмауы да, оқыраға қарсы екпелердің жоқтығы да терісін жарамсыз күйге түсіріп-ақ келеді. «Бәлен дана мал сою алаңдары бар деп қағаз жүзінде есеп жүргізілгенмен, көбінің материалдық-техникалық базасы талапқа сай келмейді, тек анықтама берумен ғана отырғаны жасырын емес», –  деді Сержан Омарбеков.  Сондықтан ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру үшін «Қандысу» қоймасын жөндеп қана қоймай, ауылдардың егіс алқаптарына лоток каналдары тартылуы керек. Екіншіден, ауылдарды газдандыру мәселесін түбегейлі шешпесе болмайды.

Сонымен қатар кездесу барысында ауыл тұрғыны Шара Сүлейменова әйел адамдардың зейнет жасын төмендетсе деген ойын ортаға салды. Жалпы, осы мәселе депутатпен кездескен ауылдардың барлығында айтылды.

Жалпы,  Мәжіліс депутаты аталған ауылдардағы кездесулерде референдумның әділетті қоғам құрудағы рөлін кеңінен түсіндірді. Е.Сайыров атап өткендей, Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау; жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау; кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер; өлім жазасын жою; Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру; құқық қорғау институттарын күшейту; Конституциялық сот құру;  Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту;  заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту; мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту секілді өзгерістер мен толықтырулар референдум арқылы қабылданып жатса, жалпы, қоғам дұрыс бағытқа қарай қадам басары анық. Әзірге ескі мен жаңаның ортасындағы жолайрықта тұрған біздерге осындай іргелі реформалар ауадай қажет-ақ.

ТАРБАҒАТАЙ.

Осы айдарда

Back to top button