Жаңа Қазақстан

Әр өңірде Жастар орталығы ашылады

Елдің ертеңі еңбекқор жастардың қолында екені мәлім. Сондықтан мемлекет үнемі жастарға қолдау көрсетіп отыруға мүдделі. Жастарға қолдау көрсетілсе, қоғамдық іске белсене араласпақ. Осыны ескерген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Жастар ресурстық орталықтарын әр өңірде ашу керектігін айтты.

Біздің елдің жастары белсенді емес деп айта алмаймыз. Өйткені өткен жылы Қазақстан жастардың жаһандық даму индексінде 63-орыннан 54-ші орынға көтерілген. Бұл біздің жастардың кез келген салада белсенді екендігін көрсетеді.  Жуықта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Дархан Қыдырәлі жастардың жайын баян етті. Бұған дейін жастардың жас шектеуі 29 жасқа дейін болатын. Биыл бұл шектеу өзгеріп, ендігі кезекте 35 жасқа дейінгі аралық жастар есебіне қосылып отыр. Осының нәтижесінде еліміздегі жастардың саны 6 миллионға дейін артқан. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023-2027 жылдарға арналған «Мемлекеттік жастар саясаты» тұжырымдамасы әзірленіп, ашық талқылауға ұсынылды. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Жастар ресурстық орталықтарының маңызы зор екендігі айтылды.

– Елімізде Жастар ресурстық орталықтарына бір жыл ішінде түрлі мәселелермен 400 мыңнан астам жас жүгінген. Сондықтан осындай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылуы керек. 2022 жылы «Jas Project» жобасы жүзеге асырылды. Онда 1 млн теңгеден 250 грант бөлінді. Бұл грант жыл сайын беріледі және оның көлемін ұлғайту жоспарлануда, – деді министр Дархан Қыдырәлі.

Осылайша мемлекет жастардың бизнес бастамаларына қолдау көрсетіп отыр. Өткен жылы жастардың практикадан өту мерзімін созып, уақыт тұрғысынан мүмкіндік берген болатын.  Нақтырақ айтқанда, жастар практикасынан өту мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, бірінші жұмыс орны жобасы бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылған еді.

– Жастарға қолдау қашанда керек деп. Өйткені елдің ертеңі – жастар. Егер жастарымыз бүгінгі күнінен үміт үзіп, шетелге кете беретін болса, елдің ертеңі не болмақ?! Соңғы жылдары қолға алынып жатқан жобалар мен бизнесті қолдауға арналып бөлінген гранттар – осы мәселені шешуге арналған негізгі бастама. Ал жастар орталығы ашылып, білімді жастар бірігіп жұмыс атқарса, нәтижеге қол жеткізері анық. Өйткені бірінің білмегенін бірі айтып, бірін-бірі толықтырып отырса, өнімді жұмыс атқаруға болады. Сондықтан  кез келген ауыл мен ауданға дейін Жастар орталығы керек, – дейді қала  тұрғыны Жұмақан Қуанбай.

Жастар орталығына жүгінетін жастардың қатары көп-ақ. Алайда көпшілігі алаулатып-жалаулатып қана жүретін емес, нақты іспен айналысар Жастар орталығы ашылса, ел дамуына қосар үлесі зор болар еді деген пайым айтты.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button