Саясат

Электоратпен кездесті

Электоратпен кездесті

Кеше Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штаб мүшелері Өскемен қаласында Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшыларымен, жастар белсенділерімен және Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік қорғау мәселелерін үйлестіруші ҮЕҰ өкілдерімен кездесті.
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бiрлiк» партиясының төрағасы Серик Сұлтанғали және басқа да елімізге белгілі тұлғалар бар.
Өскемен қаласында Үлбі металлургиялық зауыты тантал өндірісі цехының жұмысшыларымен кездесу болып өтті.
«Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ жасампаз еңбегінің жемісі баршаның көз алдында. Олар осында – Шығыс Қазақстанда да бар, бұл өңір Отанымыздағы бүкіл инновациялық өнімнің бестен бір бөлігін беріп отыр. Бұл тағдырдың сыйы емес, Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Шығысқазақстандықтар Мемлекет басшысына ең үлкен қолдау көрсететініне кәміл сенеміз», – деп атап өтті кездесуде республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Өз кезектерінде зауыт еңбеккерлері Н.Ә.Назарбаевқа қолдау білдірді.
Іссапар барысында РҚШ мүшелері сонымен қатар «Үлбі» мәлдениет үйінде, Оқушылар шығармашылық үйінде және Металлургтердің мәдениет үйінде болып, студент жастармен және оқытушылармен, ҮЕҰ өкілдерімен кездесті.
Іс-шараларға мыңдаған өскемендік қатысты. Өз сөздерінде Өскемен қаласының тұрғындары Тәуелсіздіктің 23 жылында Елбасының басшылығымен Қазақстан Республикасының мықты іргетасы қаланғанын атап көрсетті.
Республикалық қоғамдық штабтың баспасөз қызметі хабарлағандай, Шығыс Қазақстан облысында 20 қоғамдық штаб құрылып, үш мыңнан астам сенімді тұлға мен жас белсенділер бар.

***

Электоратпен кездесті

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қостанай қаласының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов қостанайлықтарды сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Бағдарлама экологиялық мәселелерді көтереді.
Ә. Құсайынов жиылған жұртқа тіршіліктің «жасыл» векторының ғылыми негіздемесі туралы, оның ішінде қоғамды кезең-кезеңмен экологияландырудың қандай күрделі әрі өзекті міндет болып табылатыны туралы әңгімелеп берді. Бұл – дамудың алдағы жоспарын мұқият зерттеу арқылы ғана қол жеткізуге болатын жаһандық мақсат.
Кандидаттың айтуынша, әлемдік экологиялық мәселелерге тиісті деңгейде назар бөлінбеуі, халықаралық пікір алмасуларда бұл тақырыптың тар шеңберде қозғалуы жаңа, абструктивті табиғи құбылыстар туындатуы мүмкін.
«Технология ілгері дамыған сайын, «жасыл» орта осалданып барады. Оған дәлел ретінде, топырағы құнарлы жерлердің тапшылығын атап өтуге болады. Бүгінде, бір адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажетті жердің көлемі, әлем бойынша, 21,9 гектарға тең. Ал Жер шарының биологиялық мүмкіндігі 15,7 гектарды ғана құрайды. Яғни, өздеріңіз байқағандай, Жерді мекендейтін 7 миллиард адамның әрбіреуін таза, ластанбаған, құнарлы жермен қамту үшін кем дегенде 6,2 гектар жетіспейді. Бұл өте күрделі мәселе», – деді Ә.Құсайынов.
Кандидаттың келтірген мәліметі бойынша, ХІХ ғасырдың соңынан бері әрбір жаңа онжылдық алдыңғысына қарағанда жылырақ. Бұл ғылыми қауымдастықтар мойындап отырған жалпыға аян ақпарат, бірақ халықаралық деңгейде оған тиісті жауап табылмай отырғаны өкінтеді дейді ол.
Кездесу соңында Әбілғазы Құсайынов экологиялық күн тәртібінің өзектілігіне тағы бір тоқталып, қала жұртшылығын жаһандық экологиялық мәселелерге көңіл бөлуге шақырды.

***

Электоратпен кездесті

Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов «МұнайМаш» АҚ жұмысшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге, сондай-ақ, Т.Сыздықовтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Тұрғын Сыздықов кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі қағидаларымен таныстырды.
«Біз ғылыми коммунизм идеясын жалғастыруға қарай үлкен қадам жасадық. Дамудың көп кезеңді жолдарынан өттік.
Партияда партиялық бұқараны бақылаудың, оны бюракратияландыруға жол бермеудің, даму үрдістерін болжаудың, ауыспалы жағдайға дер кезінде әрекет етудің тұрақты тегершіктері жұмыс істейді.
Мұның бәрі өмірдің тұрмыстық қажеттіліктерінен туындап, бұқараның шынайы шығармашылығына негізделеді», – деп көрсетілген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.
Сонымен қатар, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында батыстық мәдениет пен құндылықтардың көлеңкелі әсері жайында мәселе көтерілген.
– Жаһандық компьютерлендіру мен батыстық электрондық БАҚ қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм принципін насихаттауда, бұл өз кезегінде ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін, – деді Тұрғын Сыздықов.
Оған қоса, кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасында батыстық кинематография стандарттарының кері әсері туралы мәселелерге мән берілді.
«Кинематографияның батыстық стандарттары зорлық-зомбылыққа, азғындыққа тәрбиелейді. Осыдан барып қатыгез күштердің, жағымсыз кейіпкерлердің өз заңдарын насихаттауға жол ашылды», – деп көрсетілген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.

Осы айдарда

Back to top button