Елбасы жүктеген міндеттердің жауапкершілігі салмақты
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ақордада облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫ қабылдап, аймақ басшылығына бірқатар тапсырмалар бергені белгілі. Осыған орай өңір басшысы Елбасы жүктеген міндеттерге қатысты селекторлық кеңес өткізді.
– Алдымен Елбасы көңіл аударған кемшіліктер мен мүмкіндіктерді таратып айтқым келеді, – деп атап өтті Бердібек САПАРБАЕВ. – Мұндағы ең басты мақсат – экономикалық өсімнің қарқынын сақтау, ол үшін біздің өндірістік өңірде барлық мүмкіндік бар. Ал кездесуде атап көрсетілген алғашқы міндет – Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын, Индустрияландыру картасын жүзеге асыру. Ол үшін 2010-2011 жылдары іске қосылған нысандарды толық қуатында жұмыс істету қажет. Олардың бәрі де өз жобалық қуаттарына жеткен жоқ. Сондықтан, өз орынбасарларыма, жергілікті әкімдерге, басқарма басшыларына жағдайға ұдайы мониторинг жүргізуді және көзделген жоспарлардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Бердібек САПАРБАЕВ Аягөз, Зайсан, Зырян аудандарында, Риддер қаласында, өкінішке қарай, өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендегенін атап көрсетті.
– Елбасының етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру туралы міндеті бірінші кезекте Шығыс Қазақстанға қатысты, – деді аймақ басшысы. – Біздің облыс мал саны бойынша алғашқы орынды иеленеді, дей тұрғанмен төрт түлікті, Елбасы жүктегендей, әлі де болсын көбейту керек. Агроқұрылымдарға мал шаруашылығымен мықтап айналысу міндеті қойылып отыр. Бүгінгі таңда жерді инвентаризациялау арқылы бос жатқан алқаптарды егін және мал шаруашылығын дамытып отырғандарға беретін боламыз.
Өңір басшысы өз орынбасарларына, сондай-ақ Үржар, Бородулиха, Бесқарағай аудандары мен Семей қаласының әкімдеріне ауыл шаруашылығын өрістету қажет екенін қадап айтты. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылығына «Жайлау» бағдарламасын неғұрлым тиімді жүргізу және ауылдық дайындау орталықтарын құру тапсырмалары берілді, себебі, бүгінде малды өзге облыстардың өкілдері белсенді түрде сатып алуда.
Шағын және орта бизнесті дамытудағы басты олқылық – істеп тұрған кәсіпорындар санының азаюы. Жағдайды оңалту қажет-ақ. Бір жақсысы, бұл салада жұмысшылар саны мен өндіріс көлемі ұлғая түскен. Ал инвестиция тарту бойынша облыс республикада бірінші орында тұр.
Елбасы Бердібек САПАРБАЕВПЕН кездесуде қазақстандық үлесті ұлғайту қарқынына мән берген. Шығыс Қазақстан бұл істе бастамашы болған-ды. Десек те, біртіндеп бақылау әлсірегенге ұқсайды. Сондықтан облыс Әкімі қазақстандық үлесті көбейту жұмысына жауапты тұлғаларға тиісті міндеттер жүктеді.
– Барлық кемшіліктер бюджетке әсер етеді. Өткен жылы облыс бюджеті 190 миллиард теңге болатын, ал осы жылы 210 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Өзіміз 170 миллиард теңге жинаймыз. Ар жағында тағы 40 миллиард теңге бар. Сол себепті Елбасы салық базасын көбейтуге қатысты нақты тапсырма берді. Осыған орай облыстың салық комитеті салық базасын ұлғайтуы тиіс. Айталық, жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын есепке алу әлі жөнді реттелмеген. Жеке кірістер бойынша жұмыс сылбыр атқарылады, мәселен, Бородулиха, Шемонайха аудандарында, Курчатов қаласында бұл ретте олқылықтар бар. Ал жалған кәсіпкерлікпен, өзге де заңсыз әрекеттермен қаржы полициясы шұғылдануға міндетті. Мерзімінде төленбеген салық сомасы әзірше 30 миллиард теңгені құрауда, бұл бағытта да мықтап жұмыс істеу керек. Осы кемшіліктердің нәтижесінде облыс трансферттер мен субвенцияларды көптеп алып отыр, – деп түйіндеді аймақ басшысы.
Атап өтерлік тағы бір жайт, әкімдер, бағдарламалардың әкімшілері қаржының кедергісіз түсіп жатқанына үйреніп қалған. Қаражат бар болған соң олар қосымша көздерді іздестіруге аса құлшыныс танытпайды. Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Күршім, Жарма, Көкпекті және басқа да аудандардың салық базасы әлсіз.
Тұрғын үй-коммуналдық сала жөнінде айтқан облыс Әкімі Елбасының Шығыс Қазақстан қыстан қысылмай шығып, Семей тұрғындарының соңғы жылдары алғашқы рет ыстық суға қол жеткізуін оң бағалағанын атап өтті. Алайда, Мемлекет басшысы Шығыстың жұртына арқаны кеңге жаюға болмайтынын ескерткен.
– Расында да тоқмейілсімей, Семейдегі жұмыстарды жалғастырған жөн, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Әрбір әкім, басқарма бастығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өз тапсырмаларын бұлжытпай орындауы керек. Ауызсумен қамту мәселелеріне ерекше көңіл аударған жөн, мұндай проблемалар Өскемен, Семей, Риддер, Зырян, Серебрянка қалаларында және бірқатар аудандарда бар. Осы салаға қосымша қаржы құю қажет.
Аймақ басшысы атап өткендей, Елбасы Шығыстағы денсаулық саласына едәуір ескерту жасады. Облыста ана мен бала өлімі, онкологиялық аурулар өскен. Басқарманың жаңа бастығына осы жайтқа жіті көңіл бөлу тапсырылды, бірінші кезекте Аягөз, Тарбағатай, Бородулиха, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Ұлан аудандары мен Риддер қаласына назар аудару керек. Облыста өкпе дертіне шалдыққандар саны да көп.
– Өзімізде медициналық академия болса да, саланы мамандармен қамтамасыз ету туралы мәселені бірнеше мәрте көтердік, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Ендеше, бұл бағытта жұмыс жөнді жүргізілмейді деген сөз. Кейбір әкімдер келісімшарттар жасасады, түлектерді қолдаудың мүмкіндіктерін пайдаланады, ал басқалар бұлай істемейді. Нәтижесінде медицина қызметкерлері жетіспеуде, әсіресе, Жарма, Зырян, Шемонайха аудандарында.
Медициналық құрал-жабдықтармен қамту мәселесіне тағы да назар аударылды. Құралдар обыр дертімен күрес үшін де сатылып алынуда. Бірақ нәтижесі көңіл көншітер емес. Мамандарды оқыту мәселесі өткір қалпында тұр. Өйткені, қазіргі заманғы медициналық жабдықтар алдағы уақытта да алынатын болады. Өңір басшысы медициналық құрал-жабдықтар алуға қосымша қаржы қарастыруды міндеттеп отыр. Себебі, кейбір рентген-аппараттар өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бері қолданылып келеді. Сонымен қатар, Глубокое аудандық ауруханасын қалпына келтіру де тапсырылды, бұл жағдай Үкіметте талқыға салынған-ды.
Қылмыс – Шығыс Қазақстан үшін өткір мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы бұл проблемаға да жіті назар аударған. Соңғы жылдары ішкі істер бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында көп шаруа тындырылуда, полицейлерге көмек көрсететін ерікті жасақтар құрылып, тәрбие жұмыстарына жұртшылық жұмылдырылған. Десек те, аймақ басшысы Өскемен, Семей, Риддер қалаларында, Абай, Зайсан, Бородулиха, Катонқарағай, Тарбағатай және өзге де аудандарда полицейлермен тығыз қарым-қатынас орнату керектігін тапсырды.
Ол сондай-ақ, барлық жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуі қажет екенін қадап айтты. Сонда ғана жағдайды оңалту мүмкін. Ал Елбасы тапсырмаларына байланысты барлық лауазым иелеріне нақты жазбаша міндеттемелер жөнелтілетін болады.
Бұдан соң облыс Әкімі ағымдағы мәселелерге көшіп, алдағы уақытқа нақты тапсырмалар берді. Ең алдымен ол жергілікті әкімдерге Жеңіс күнін лайықты түрде атап, ешбір соғыс және тыл ардагерін назардан тыс қалдырмау керектігін ескертті. Аймақ басшысы елді мекендерді тазалау жұмыстарының жалғасатынын, шағын қалалар мен тірек ауылдарды абаттандыру шараларының басталғанын да мәлім етті. Олардың тізімдері Үкіметте бекітіліп, тиісті қаржы түскен. Мұнымен қоса, көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу қажет. Биыл облыс егістік алқаптарын алты мың гектарға ұлғайтуы тиіс.