Саясат

Елбасы аймақтың экономикалық көрсеткішінің жоғары екенін атап өтті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Шығыс Қазақстан облысының Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫ қабылдады.

Елбасы аймақтың экономикалық көрсеткішінің жоғары екенін атап өттіОблыс Әкімі Президентті аймақтың 2011 жылғы және 2012 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы хабардар етті. Облыста әлеуметтік-экономикалық өсімнің оң динамикасы байқалады. Экономиканың барлық саласы бойынша ілгерілеу бар. Өндірілген өнім көлемі де жыл сайын артып келеді. Айталық, өткен жылы жалпы аймақтық өнім көлемі 25 пайызға өсіп, 1,6 триллион теңгені құрады.

Ағымдағы жылы да дамудың оң үрдісі сақталды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім көлемінің өсімі 29,1 пайызды құрады.

2010-2011 жылдарда Индустрияландыру картасы аясында 155 миллиард теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске асырылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 2015 жылға дейін 608 миллиард теңгенің 37 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында облыста 47 тірек ауыл анықталып, оларды дамытуға 2012-2014 жылдары 49,8 миллиард теңге, оның ішінде 27 миллиард теңге жеке инвестиция бағытталмақ.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстанның көліктік-логистикалық жүйесін құру және Курчатов қаласын ғылыми қалашық ретінде дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Соңғысы «Ғылыми қалашықтар туралы» Заңды әзірлеуді талап етеді.

Мемлекет басшысына омарта және марал шаруашылықтары мен туризмді дамыту, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жетілдірудің қанатқақты жобасын іске асыру бойынша тапсырмаларының орындалуы туралы мәлім етілді.

P.S. Кәсіби-техникалық мамандарды даярлау бойынша ұлттық кеңестің 2012 жылғы 16-сәуірдегі шешімімен облысқа техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жаңғырту бойынша қанатқақты аймақ дәрежесі берілді.

Елбасы облыстағы экономиканың өсім көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бірқатар өзекті мәселелерге көңіл аударды.

\”Облыс дотациялық өңір болып табылады, бюджетінің шамамен 74 пайызын республикалық бюджет трансферттері құрайды. Осы тәуелділікті азайту қажет. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер төмен, бұл, әсіресе, онкологиялық ауруларға қатысты. Жаңа жұмыс орындарын әлі де көптеп құру керек. Жалпы алғанда өнеркәсіп өндірісі өсіп келеді, облыс дамуда. Енді әлеуметтік саланы өркендетуге назар аударған жөн\” деді Елбасы.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ облыс Әкімі алдына бірқатар міндеттер қойып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс Әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button