Референдум - 2022

Ел таңдауы – жарқын болашақ

Парламент Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясының республикалық партиялық штабының мүшелері  И.Унжакова мен Ж.Омарбекова Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық  кітапхана қызметкерлерімен кездесіп, 5 маусымда өтетін  референдумның маңызын түсіндіріп, кітапхана қызметкерлерінің сауалдарына жауап берді.

–  5 маусымда сіз бен біз,  яғни  барша қазақстандықтар  саяси және тарихи маңызы бар оқиғаның куәсі болмақпыз. Бұл күні  елімізде Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу жөніндегі  республикалық референдум өтеді.   Сіз бен біз аса маңызды заң жобасын қабылдаймыз.    Біздің Ата Заңымызда жалпы 98 бап, 9 бөлім бар болса, түзету мен өзгерістер соның 33 бабына енгізілмек, –  деп сөзін бастаған  Парламенті Мәжілісінің депутаты И.Унжакова Ата Заңға енетін өзгерістердің бірқатарына жан-жақты тоқталып, жиынға қатысушыларға түсіндіріп берді.

Ендігі уақытта жер мен оның қойнауындағы қазына-байлық, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.

И.Унжакова сондай-ақ Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық Соттың құрылуы азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға мүмкіндік беретінін ерекше атап айтты.  Депутат өз сөзінде Конституциялық Соттың Конституциялық кеңестен айырмашылығын, артықшылығын да ажыратып, жіліктеп берді. Айтуынша, 1995  – 2022 жылдар аралығында Конституциялық кеңестің көмегіне тек Мемлекет басшысы ғана жүгініпті. Ал Конституциялық Сотқа кез келген азамат өзінің конституциялық құқығы бұзылған жағдайда жүгіне алатын болады.

Сонымен қатар И.Унжакова суперпрезиденттік басқару моделінің президеттіктен несімен ерекшеленетініне де тоқталып өтті.

– Суперпрезиденттік басқару моделінде экономикалық, атқарушы, саяси биліктің барлығы бір адамның қолында шоғырланған-ды. Мұндай басқару моделі өте тұрақсыз еді. Сондықтан да суперпрезиденттік басқару формасы өзінің тиімсіздігін көрсетті, –  дейді депутат.

Депутат соңғы референдум осыдан 27 жыл бұрын өткізілгенін еске алды. Ендеше осынау саяси маңызы зор шараға әрбір Қазақстан азаматы ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені жаңа Қазақстанның уығын қадап, шаңырағын көтеру – әрқайсымыздың міндетіміз.

Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button