Аймақтар аухалы

Ел ішіндегі дау-дамайды ақсақалдар шешетін болады

Ел ішіндегі дау-дамайды ақсақалдар шешетін болады

Өскемендегі ақпараттық орталықта Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков журналистерге арналған баспасөз конференциясын өткізіп, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың және Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бес институционалдық реформасының жүзеге асырылуына байланысты ақпарат беріп, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Айта кетуіміз керек, Абай ауданы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша 2015 жылды аудандар арасында бірінші орынмен аяқтаған үздік аудан. Содан да болар, бүгінгі таңда аудандағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 42-ге жеткен. Оның ішінде қой өсірумен – 23, ірі қарамен – 3, жылқы өсірумен – 16 шаруашылық айналысуда. Ірі қара малының генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында биылғы жылдың бірінші тоқсанында аудандағы 16 шаруа қожалығы асыл тұқымды 171 бас аналық және 66 бас асыл тұқымды аталық мал сатып алыпты.
Ауылшаруашылығына қатысты мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», сондай-ақ, «Алтын асық» бағдарламалары бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылып жатқандығын тіліне тиек еткен аудан басшысы өз баяндамасында ауданның өнеркәсібі саласына, мамандарды жұмыспен қамту бағдарламасына, құрылыс және жол мәселесіне, аудан бюджеті мен «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында атқарылған игі істерге, білім саласы мен денсаулық сақтау саласының жетістіктеріне, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқандығына жан-жақты, дәлелді деректермен жеке-жеке тоқталып өтті.
Айталық, «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Әнет баба мен Шәкерім қажыға, Кеңгірбай би мен Жәнібек Кәрменовке ескерткіш орнатылса, Саржал, Кеңгірбай би, Құндызды, Көкбай, Қасқа бұлақ ауылдарында саябақтар қайта жөндеуден өткізіліпті.
– Өткен жылы бүкіл ел болып, Мамай батырдың ескерткіші мен саябағын жасадық. Кеңгірбай би ауылында түлектер демеушілігімен «Жеңіс» саябағы мен балалар паркі пайдалануға берілді. Жыл сайын мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл толған түлектердің туған ауылына қандай да бір игілікті іс жасауы – біздің елде дәстүрлі жолға қойылған, – дейді Тұрсынғазы Жантұяқұлы. – Соңғы бес жылда 113 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға келді. Олардың барлығына бірдей көтерме жәрдемақы беріліп, 48 жас маман баспанамен қамтамасыз етілді.
Аудан басшысының баяндамасын бастан-аяқ тізбелеудің қажеті бола қоймас. Дегенмен, ақпарат орталығына жиналғандарды елең еткізген мына бір жағымды жаңалықты айтпай кетуге болмас. – Бізде аудандық сот жүйесін оңтайландыруға бағытталған медиация бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жақында ғана облыстық соттың төрағасы Досжан Сарманқұлұлы келіп, ауыл халқымен жүздесті. Ендігі жерде ел ішіндегі үлкенді-кішілі дау-дамайларды халыққа танымал, сыйлы адамдардан құралған бітімгерлер тобының қатысуымен өзара келісімге келе отырып шешуге болады. Қазір аудан орталығында сегіз адамнан тұратын бітімгершілер тобы жұмыс істеуде. Болашақта әр ауылдық округте елге беделді үш-төрт адамнан құралған медиациялық алқа өз жұмыстарын бастайтын болады, – деп сөзін түйіндеген аудан әкімі журналистер тарапынан қойылған сауалдарды да жауапсыз қалдырған жоқ.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button