Білім

Еліміздің ең үздік студенттері

Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары студенттерінің арасында өткен «Қазақстан Республикасы колледждерінің ең үздік 100 студенті» жобасының республикалық кезеңінде   шығысқазақстандық сегіз студент жеңімпаз атанды.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлмира Ильясованың айтуынша, жобаның аймақтық кезеңіне облыстағы 24 колледжден 40 студент қатысыпты.  Облыстық кезеңде ерекше көзге түсіп, жеңімпаз атанған   21 студент  республикалық кезеңге жолдама алған.

-Жобаға қатысушылар өздерінің студенттік және қоғамдық өмірі туралы бейнефильм түсіріп, эссе жазды. Олардың шығармашылық жұмыстары интернетте жарияланып,  онлайн дауыс берілді. Нәтижесінде облыстың сегіз студенті жеңімпаз атанды, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлмира Ильясова.

Жеңімпаздардың арасында Семейдегі колледждердің студенттері де бар. Мысалы, Семей көлік колледжінің студенті Ислам Фархадов үздік ондыққа кірген. Сонымен қатар геологиялық барлау колледжінің,  Д.Қалматаев атындағы жоғары медициналық колледждің, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің, Өскемен медициналық коллежінің, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі мен Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің студенттері республиканың үздік студенті атанып, биіктен көрінді.

Қарашаның 27-сінде Семей көлік колледжінде сертификаттарды табыстау салтанаты өтті.

-Бүгін бізде үлкен мереке. Біз  «Қазақстан Республикасы колледждерінің ең үздік 100 студенті» жобасының жеңімпаздарына құрмет көрсетудеміз. Студенттердің айтуынша, оларға бұл жоба мол күш-қуат берді. Олар өздерінің болашақта кәсіби тұрғыда биіктерді бағындырып, жеңістерге жететініне сенімді, – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлмира Ильясова.

Жеңімпаздардың бірі – Д.Қалматаев атындағы жоғары медициналық колледждің студенті Олег Щепетин. Ол аталған жобаға қатысу  өміріндегі басты арманына жетуге көмектесетінін айтады.

-Мен өз жеңісімді колледждің жеңісі деп бағалаймын. Бұл жеңіс мен үшін арманыма жетуде алғашқы қадам болды. Менің арманым – массаж орталығын ашу. Ол орталықта мен мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық қызмет көрсетсем деймін. Аталған жоба  студенттерге өз пайдасын берді және жемісті өтті деп санаймын. Мен студенттердің барлығын осындай байқаулар мен жобаларға қатысуға, белсенділік танытуға шақырамын. Барлық студенттерді жеңісімен құттықтап,  табыс тілеймін, – дейді Олег Щепетин. Жеңімпаздардың барлығы Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен марапатталып,  колледж басшыларына 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді.  Сондай-ақ  жеңімпаздар әлеуметтік серіктестерінің жұмыс орнына немесе тәжірибеден өту жолдамаларына ие болды.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button