Екі облыстың арасында жиырмадан астам келісім жасалды
Кереку жерінен Кенді Алтайға бір қауым ел қонаққа келді. Павлодар облысының Шығыс Қазақстандағы күні аясында екі облыстың арасында жиырмадан астам келісім мен меморандум жасалып, екі жақ бір-бірімен мол тәжірибе алмасты. Ал екі облыстың Әкімдері Бердібек САПАРБАЕВ пен Ерлан АРЫН негізгі құжат – өзара ынтымақтастық және өңіраралық байланысты кеңейту жөніндегі келісімге қол қойды.
Керекуден арнайы ат терлетіп келген Павлодар облысының Әкімі Ерлан АРЫН бастаған құрамында мемлекеттік құрылымдардың басшылары, әлеуметтік сала өкілдері, кәсіпкерлер мен БАҚ қызметкерлері бар ресми делегацияны облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қарсы алып, Өскемендегі бірқатар ірі өндіріс ошақтары мен тарихи-мәдени, әлеуметтік нысандарды, құрылыс алаңдарын аралатты.
Алдымен делегация мүшелері облыс орталығындағы «Азия Авто» акционерлік қоғамына ат басын тіреп, «Chevrolet», «KIA», «Skoda», «LADA» маркалы бүгінгі заманға сай шетелдік көліктерді құрастыратын еліміздегі бірегей кәсіпорынның жұмыс қуатымен, өнім түрлерімен кеңірек танысты. Соңғы үлгідегі «KIA Quoris» мәшинесіне отырып, оталдырып көрген Павлодар облысының басшысы Ерлан АРЫН салонның сапалы әрі адамға жайлы етіп жасалғанына көңіл аударды.
Бұдан соң «ҮМЗ» АҚ кәсіпорнына келген павлодарлық меймандар әйгілі зауыттың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін мұражайды тамашалады. Атом энергетикасында, электрондық, металлургиялық өнеркәсіпте және басқа да салаларда көп қолданылатын жоғары технологиялы уран, бериллий, тантал өнімдерін қолдарымен ұстап, көздерімен көруге мүмкіндік алды.
Тасы өрге домалап тұрған өнеркәсіп орындарының бүгінгі жағдайына қаныққан керекулік делегаттарға облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Ертістің сол жағалауына жайғасқан еліміздегі мешіттердің ішінде үлкендігі жағынан үшінші саналатын Шығыс Қазақстан облыстық мешітін және осы ғибадатхананың дәл іргесінен орын тепкен республикамыздың өзге өңірлерінде жоқ ерекше нысандардың бірі – этноауылды аралатып көрсетті. Қонақтардың зор қызығушылығын туғызған да осы облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы болды. Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдин келешекте осындай керемет этноауылды өздерінде құруға ынталы екенін жеткізді.
Павлодар облысының Шығыс Қазақстандағы күні аясында өткізілген іс-шаралардың ең негізгісі Алтай технопаркінде жалғасын тапты. Бұған дейін делегаттар республикадағы маңдайалды жоғары оқу орындарында орналасқан бес ұлттық зертханалардың бірінен саналатын Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Іргетас» инженерлік саладағы зертханасында болды. Меймандарға университет ғалымдарының ғылыми жобалары мен еңбектері көрсетілді.
Сосын екі облыстың өкілдері арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Онда Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті, денсаулық сақтау, білім, спорт және туризм, құрылыс, қоршаған ортаны қорғау тәрізді салаларда атқарылған оңды істер мен келешекте жүзеге асатын жоспарлар стендтер арқылы көрініс тапқан. Инновациялық жобаларды да осы жерден кездестіруге болады.
– Бүгінгі өткізіліп отырған шараның маңызы ерекше. Әсіресе, екі өңірдің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени байланысын одан әрі нығайтып, салалардың дамуына серпін береді. Кешелі бері екі жақтың арасында жиырмадан астам меморандумға, келісімшарттар мен келісім құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде нақты айтар болсам, көлік қызметінде, жаңа технологиялар мен металлургиялық өнеркәсіп саласында серіктестік орнату жөнінде келісімдер жасалады. Жалпы, сіздердің облыста үйренетін, бірігіп жасайтын дүниелер көп. Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені, туризм, металлургия кластерлері зор қызығушылық туғызып отыр. Сол сияқты Павлодар облысының да ұсынатын жобалары бар. Оның ішінде қуатын 500 МВт-қа жеткізген Екібастұз ГРЭС-1 Өскеменге көп мөлшерде электр энергиясын бере алады, – деген Павлодар облысының Әкімі Ерлан АРЫН сөз арасында келешекте бірігіп іске асыратын жобалардың шет жағасын айта кетті.
Мәселен, Астана – Өскемен бағатында автобан құрылысын жүргізу, Ақсу елді мекенінің тұсындағы Ертіс өзенінің үстінен көпір салу, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы Павлодар облысында «Жайлау» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шығыс Қазақстан өңірінен 25-30 мың асыл тұқымды қой сатып алу жоспарлары көзделіп отыр. Екі өңірдің өзара байланысы туралы технопаркте өткен жиында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та ерекше атап көрсетті.
– Көршілес жатқан екі облыстың тығыз қарым-қатынасы, жалпы, ел экономикасының дамуына, кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын өркендетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және осы сияқты басқа да көптеген салаларда оң нәтижелерге қол жеткізуге тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бұл жасалған келісімдердің нақты жүзеге асуын қамтамасыз ететін бірлескен іс-шаралар жоспарын құруымыз керек, – деген облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қонақтарға өңірдің ағымдағы жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында қысқаша мағлұмат берді.
Сол сияқты қонақтар тарапынан да Павлодар облысының экономикалық әл-ауқаты мен атқарылып жатқан оңды істері туралы ақпараттар ұсынылды. Айта кетуіміз керек, бұл өңір елімізде жобалардың іске асырылуы тұрғысынан екінші орында тұр. Ал индустрияландыру картасына Павлодардан төрт кәсіпорын еніпті.
Жиында бірнеше меморамдумға қол қойылып, келісімдер жасалды. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан облысының Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Павлодар облысының Әкімі Ерлан АРЫН өңіраралық байланысты кеңейту және ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды. Сол сияқты «Ертіс» ӘКК-нің басқарма төрағасы Нұрлан Сыдықов пен «Павлодар» ӘКК-нің басқарма төрағасы Алмас Мадиев 112 млн. теңгеге ынтымақтастықты дамыту туралы, «КЭМОНТ» АҚ-ның директоры Елена Беленцева мен «Қазэнергокабель» АҚ-ның бас директоры Денис Семенов 100 млн. теңгеге кабельдік өткізгіш өнімдерімен қамтамасыз ету туралы, «Востокэлектротех» ЖШС директоры Владимир Бельский мен «Қазэнергокабель» АҚ-ның бас директоры Денис Семенов 100 млн. теңгеге кабельдік өткізгіш өнімдерімен қамтамасыз ету туралы, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков пен «Ромат» ЖШС-нің президенті Тұрарбек Рақыш 37,5 млн. теңгеге инвестиция тартуға, «Өскемен автобекеті» ЖШС-нің директоры Галина Рындина мен «Автобекет қызметі» ЖШС-нің директоры Евгений Пилипенко автобекет қызметіндегі өзара ынтымақтастық туралы, «Семей автобекет» ЖШС мен «Автобекет қызметі» ЖШС-нің директоры Евгений Пилипенко автобекет қызметіндегі өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Бұған қоса осы күні екі өңірдің мемлекеттік құрылымдары 9 құжатқа қол қойып, ірі кәсіпорындар арасында 4 келісім жасалды.
Сапар барысында Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдин «Өскемен-Тәртіп» КМК, «Өскемен Тазалық» КМК жұмысын көріп, білді. Ал облыстық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп сияқты бірқатар басқармалар Керекуден келген өздеріне қатысты саланың өкілдерін ертіп Монет сарайы, Согра кентіндегі жылыжай комбинаты, «Бобровка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі роботтың қызметіне негізделген ферманы аралатып, таныстырды.
Павлодарлық меймандар біздің облыста жүргізіліп жатқан құрылыс ауқымына, оның ішінде спорт нысандарына үлкен қызығушылық танытты. Қабырғалары күн санап көтеріліп келе жатқан Жекпе-жек сарайы мен Жеңіл атлетика манежі қонақтарды шынымен де таңғалдырды. Хоккей модульдері мен аулалардағы футбол алаңқайлары да павлодарлық делегация назарынан тыс қалған жоқ. Спорттық және туристік нысандарды аралап көргеннен кейін Павлодар облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Марат Айдашев өз әсерімен бөлісті.
– Біздің таңғалмасқа шарамыз жоқ. Шығыста шынымен де туризм және спорт саласына байланысты қыруар шаруалар атқарылып жатыр екен. Жекпе-жек сарайы, Жеңіл атлетика манежінің құрылысы әлемдік талаптарға сай келетін стандарттарға сәйкес салынып жатыр. Демек, алдағы уақытта бұл жерлерде халық көптеп спортпен айналысатын болады, әлемдік деңгейдегі спорт жұлдыздары да осы Өскеменнен жарқырайтын болады. Бұл бастамалардың барлығы облыстағы салауатты өмір салтын дамытуға бағытталған. Біз облысты аралай жүріп көп нәрсені ойымызға түйіп, талай дүниені өзімізге түртіп алдық. Шығыс бізден едәуір алға қарыштап дамып кетіпті. Сіздерден көрген жетістіктерді біз өз тәжірибемізде қолданатын боламыз. Мысалы, Павлодарда осындағыдай көптеген мұз айдындарын салу керек, бұл өте қажет. Туристік саланы дамытуға арналған жоба-жоспарлармен таныстық, біздің Шығыс Қазақстан облысынан үйренеріміз көп екен, – деді Марат Айдашев.
Павлодарлықтар мұнымен қоса облыс орталығындағы көше тазалығы мен шаһардың абаттандырылу жұмыстарының жақсы жүргізілгенін айта кетті.
Керекуліктер әкелген концерт Металлургтер сарайында жалғасты. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның көркемөнерпаздар ұжымы өз өнерлерімен бөлісті.
– Біз Өскеменге Керекудегі ең үздік, ең таңдаулы әртістерімізді, өнер ұжымдарын әкеліп отырмыз. Ұлт аспаптар ансамблі мен «Нұр» би ұжымы халық көңілінен шығады деген сенімдеміз. Киелі Кереку өңірі әнші-сазгерлерден кенде емес, бүгінгі ойналатын саз бен айтылатын әндердің көбі – біздің жерлестеріміздің төл туындылары. Екі аймақтың арасындағы рухани-мәдени байланыстың да берері мол, – дейді филармония директоры Мұхтар Байжұманов.
Концерт соңында сахнаға Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов шығып сөз сөйледі. Қала басшысының айтуынша, Өскемен мен Павлодар қаласын осындай игі шаралар жақындастыра бермек. Ерке Ертістің жағасында жатқан қос облыстың экономикалық-мәдени байланысы ауқымды істерге жетелейді.
Дарын Нұрсапаров