Білім

Еңбек нарығына ең қажетті мамандар

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлауға бағыттау қажеттігіне айрықша тоқталған. Өңір колледждерінде де бұл мәселеге ерекше мән беріліп отыр. 

Шеберлік байқауында шыңдалады

Елімізде жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні мерекесіне орай Өскемен қаласының көпсалалы технологиялық колледжі мен Жоғары политехникалық колледжінде «Өз ісінің маманы» байқауы өтті. Көпсалалы технологиялық колледжі басшысының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Шынар Құмарханқызының айтуынша, отыз жылдан бері облыс кәсіпорындарына білікті жұмысшы мамандарын дайындап келе жатқан білім ордасы үшін Еңбек күні – айтулы мерекелердің бірі.

Негізінде, жыл сайын дәл осы күні колледж базасында өңірдегі әлеуетті жұмыс берушілермен кездесу, әртүрлі мамандықтар бойынша оқып жүрген студенттердің арасындағы байқау-сайыстар сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылатын. Бірақ биыл елдегі шектеу шараларына байланысты сайысты өткізу форматы өзгеріп, колледж базасындағы құзыреттілік орталығының оқу-өндірістік шеберханаларында тәжірибелік сабақтар өтіп жатыр. Колледж студенттері теориялық білімді қашықтан алғанымен, офлайн өтіп жатқан бұл шара барысында оларға «Өскемен жылу электр орталығы», «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС, «РОСТ» ЖШС сияқты өңірдегі жетекші кәсіпорындардың білікті мамандары тәжірибелік сабақтар өткізіп, студенттердің қабілет-дағдыларын тексерді. Байқау кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес қатысушылар арасында әлеуметтік арақашықтық сақталып, шеберханадағы адам саны шектеулі болды.

– Байқау ережесі бойынша студенттер шеберханада белгілі бір уақыттың ішінде тәжірибелік жұмыстарды орындайды. Берілген тапсырмалар оқу бағдарламасының шеңберінде. Кез келген мамандықты игеру үшін студенттер теориялық біліміне қоса өзінің кәсіби дағдыларын қалыптастыруы керек. Сондықтан мұндай байқаулардың маңызы зор. Сайыстың нәтижесінде студенттер өздерінің мүмкіндіктері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетіп, облыстың ірі кәсіпорындарында тәжірибиеден өту мүмкіндігіне ие болады. Әрі оқудағы рейтингі жоғарылап, арнайы номинацияларға ие болады. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білген үздік студенттер колледжді бітірген соң тәжірибеден өткен кәсіпорында тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін алады, – дейді Шынар Кекубаева.

Қазір аталған колледжде 500 студент он бір мамандық бойынша білім алады. «Өз ісінің маманы» байқауына осы колледжде «Өнеркәсіптегі электромеханикалық жабдықтар», «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесары», «Электрмен дәнекерлеу ісі» және «Механикалық жинау жұмыстарының слесары» мамандықтарын игеріп жүрген алпыс студент қатысты.

– Болашақта электромонтер болу үшін Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне оқуға түстім. Оқуымыз тегін. Шеберханамыз заманауи қондырғылармен жабдықталған. Тәжірибелік байқау барысында өндіріс шебері берген сұлба бойынша арнайы стендтермен жұмыс істейміз. Алдағы уақытта облысымыздағы ірі кәсіпорындардың бірінде тәжірибеден өтіп, сонда тұрақты жұмысқа қалуды жоспарлап жүрмін, – дейді «Өнеркәсіптегі электромеханикалық жабдықтар» мамандығының екінші курс студенті Мейрамбек Жігербек.

«Электрмен дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Арман Райымбековтің айтуынша, шеберлік байқауына қатысқан студенттер өндірістік тәжірибе кезінде мамандығына төселіп, біршама тәжірибе жинақтап алған. Бұл орайда колледж «Өскемен ЖЭО», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Казцинк», «KAZ Minerals» және басқа да компаниялармен тығыз байланыста. Аталған кәсіпорындар колледж түлектерін жұмысқа қуана қабылдайды. Мамандардың сөзінше, жұмыс берушілер мен колледждің бірлескен жұмысы жылдан-жылға нығайып келеді. Бұл өз кезегінде жұмысшы мамандарды даярлаудың сапасын арттыруға оң әсер етеді.

Түлектер жұмыссыз қалмайды

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиевтың айтуынша, қазір өңірде 82 колледж жұмыс істейді, оның 48-і мемлекеттік, 34-і жекеменшік. Биыл колледждер желісі төрт бірлікке оңтайландырылды. Колледждерде 34 422 студент оқиды, оның ішінде 20 378 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады.

«Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру мақсатында облыста мамандар даярлау үшін биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 4,5 млрд. теңгеге мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 6215 орын бөлінсе, республикалық бюджет есебінен «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1730 орын бөлінді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1605 бала мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылданды.

Жиыны 54 мамандық бойынша 51 колледж екі деңгейлі модульдік оқыту бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Барлығы 82 колледждің 57-сінде дуальді оқыту технологиясы енгізілген. Дуальді білім беру жүйесі бойынша оқыған 957 түлектің 81,6 пайызы жұмысқа орналасқан.

2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін білім басқармасы өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және салалық басқармалармен бірлесіп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша еңбек нарығының нақты қажеттілігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде 2025 жылға дейін техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға деген қажеттілік  91 666 орын болған. Оның ішінде «Құрылыс және коммуналдық шаруашылық», «Ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология», «Өндіріс, монтаждау, пайдалану және жөндеу (салалар бойынша), «Білім беру» және тағы басқа салалар бойынша мамандардың жоғары сұранысқа ие екендігі анықталды.

Осы орайда айта кетуіміз керек, былтыр білім ордасынан түлеп ұшқан 8629 түлектің 82,3 пайызы жұмысқа орналасқан.

1308 орындық жатақхана салынады

Облыста үш құзыреттілік орталығы – Семей электротехникалық колледжі және Өскемен жоғары политехникалық колледжі базаларында IT және энергетика бағыттары бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің базасында «KazMinerals» ЖШС компаниясымен бірлесе отырып тау-кен бағытындағы мамандар даярлайтын орталық ашылды.

«UK Politeсh» құзыреттілік орталығының Өскемен жоғары политехникалық колледжінің базасында ашылуы кездейсоқ емес. Аталған колледждің студенттері WorldSkillsKazakhstan аймақтық және республикалық чемпионаттарының ең мықты қатысушылары әрі жеңімпаздары, сондай-ақ EuroSkills және WorldSkills еуропалық және әлемдік чемпионаттарына қатысып, облыс намысын қорғап жүр.

Бұл орталық еңбек нарығында сұранысқа ие болып отырған мехатроника, электроника, өнеркәсіптік автоматика, электрмонтаждау жұмыстары, CAD инженерлік графикасы, графикалық дизайн, бизнеске арналған IT шешім, прототиптеу модельдері, ұтқыр роботты техника және WEB дизайн мамандарын даярлайды. Сонымен қатар облыс мектептері мен колледждері оқытушыларының біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізеді.

Білікті басшы Исатай Исин басшылық ететін Өскемен жоғары политехникалық колледжі «Жас маман» республикалық жобасы бойынша еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие жүз кәсіп бойынша мамандар даярлауды жүзеге асыратын республиканың 180 колледжінің қатарына кірді. Оқу орны теориялық және практикалық сабақтар жүргізу үшін заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Кабинеттер мен зертханалар «FESTO», «Lenze», «Cisco», «Schneider Electric», «Siemens» сияқты әлемдік өндірушілердің ең жаңа интерактивті және IT жабдықтарымен қамтылып, студенттерге барынша жағдай жасалып отыр.

Айта кету керек, алдағы уақытта «Жас маман» жобасын іске асыру аясында облыстағы тағы бес колледждің базасында WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес келетін құзыреттілік орталықтары ашылады, қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи жабдықтар орнатылып жатыр.

Зайсан технология колледжі үздік атанды

Сексен жылдық тарихы бар Зайсан технология колледжі «Техникалық және кәсіптік бiлiм беретiн үздiк ұйым-2020» атағын жеңіп алып, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша 50 млн. теңгенің грантын иеленді.

Оқу орнының басшысы Ерік Сейілхановтың айтуынша, колледж алыс-жақын шетелдердегі оқу орындарымен тығыз байланыста.

– Көршілес Қытайдың Санжы қаласында орналасқан Шыңжаң аграрлы кәсіптік-техникалық институтымен 2016 жылдан бастап байланыстамыз. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өту, білім жетілдіру курстары бойынша институт ректоры Ли Цзин-Тяньмен келісімге қол жеткізілді. Соның нәтижесінде былтыр студенттер, оқытушылар мен шеберлер тағылымдамадан өтіп қайтты. Сонымен қатар Шыңжаң Еуразиялық оқу орындары Альянсының мүшелігіне қабылдандық. Бұл да – ауыз толтырып айтатын жетістігіміз. Түркияның Анталия қаласында орналасқан Туризм академиясы, Аграрлық кәсіби лицей басшыларымен өзара байланыс орнатуға келісімге келдік. Колледж жанындағы оқу-тәжірибе шаруашылығын жаңғырту, алма бағын жаңарту, ветеринариялық кешенді салу жұмыстары, еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтарды ашу жоспарымызда бар, – дейді Ерік Тақанұлы.

Қазір облыс бойынша колледж студенттеріне арналған 31 жатақхана (3863 орын) бар, олардың 15-і ауылдық жерлерде орналасқан. 2020-2021 жылдары бес колледж үшін 1308 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.

Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіндегі осы атқарылып жатқан жұмыстар 2022 жылға қарай кәсіптік білім беру сапасын жақсартуға, колледж түлектерінің жұмысқа орналасу үлесін арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button