Журналистік зерттеу

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жемісін көріп отырмыз ба?

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының  жемісін көріп отырмыз ба?

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жүзеге асып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Бұл бағдарламаның түпкілікті мақсаты шалғайда жатқан елді мекендердің бойына қан жүгірту десек артық айтпағанымыз болар. Себебі, қолына дипломын алып, ат басын ауылға бұрған жастарымыз сол ауылға өзінің мамандығымен қатар, жаңа леп ала келетіні белгілі.

115 жас маман ауылдық ауруханалармен келісімшартқа отырыпты

Рас, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ауылдар үшін де, жастар үшін де өзекті әрі таптырмас ұсыныс болған-ды. Бүгінде күні кеше ғана белгілі бір оқу орнын тәмамдап, оң-солын енді ғана ажырата бастаған «сарыауыз балапандарға» қалалардағы білдей мекемелер сенімсіздікпен қарап, қызметке қабылдауға жүрексініп жататыны бар. Бұл тұрғыда ауылдық жерлерде бәрі керісінше деуге болады. Себебі, ауылдарымыз көп ретте білімі жоғары, көзқарасы жаңаша, білікті мамандарға зәру болып жатады. Бұл – әсіресе, білім мен медицина салаларына қатысты мәселе.
Дәл осындай жағдайда отырған ауылдарға еліміздің ең үздік деген жоғары оқу орындарында білім алған жастар бара қалса, қандай ғанибет екені айтпаса да түсінікті. Ауылға барған жас мұғалім мен дәрігер онда қалыптасқан кадр тапшылығының оң шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, елді мекенге өзге де тың серпілістер әкелері сөзсіз. Оның үстіне, ауылға барған жас маманға, қаладағыдай тұрғын үй мәселесіне бас қатырудың қажеті жоқ, баспана да бар, жұмыс та бар. Бұған мемлекет тарапынан төленетін көтермеақы мен квотаны қоссыңыз.
Енді жоғарыда айтылған білім мен денсаулық сақтау салаларына қатысты бірер дерек келтіре кетсек. Үстіміздегі жылдың 1-тамызындағы мәліметке көз жүгіртсек, облысымыз бойынша «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 115 жас маман ауылдық елді мекендердегі ауруханалармен келісім- шартқа отырыпты. Шынына келсек, бұл тәп-тәуір көрсеткіш сияқты. Бір қызығы, қазірде медицина мамандарының тапшылығы шалғайдағы ауылдарда емес, орталықтарда, Өскемен, Семей, Риддер және Зырян қалаларында көбірек байқалады екен.
Ал білім саласын сөз етсек, қазіргі кезде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды жұмысқа қабылдау аяқталмағандықтан, ауылдық елді мекендерге барған түлектердің нақты санын анықтау мүмкін болмай отыр. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары С.Искакованың айтуынша, мұндай маман-түлектердің саны қыркүйек айының басында ғана белгілі болмақ.
– Жалпы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жыл сайын аудан әкімі орынбасарларының қатысуымен және жоғары оқу орындарының ректорларымен бірлесіп, педагогикалық білімі бар жас мамандар жәрмеңкесін өткізіп келеміз. Аталған бағдарлама бойынша 2012 жылы 313 маман жұмысқа қабылданса, одан кейінгі 2013 жылы білім беру ұйымдары 333 жас маманмен келісімшартқа отырды. Қазіргі кезде облысымыздың Өскемен, Риддер қалалары мен Көкпекті, Шемонайха аудандарында мұғалім мамандардың қажеттілігі көбірек байқалып тұр, – дейді С.Искакова осы ретте.
Бұл маман тапшылығы елді мекендерде жаңа балабақшалардың ашылуына, мұғалімдердің зейнет жасына жетіп, қызметтен кетуіне немесе мекенжайын ауыстыруына байланысты болып отыр. Жалпы, қажеттілік туындаған бос орындарға жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждердің түлектері қабылданатын көрінеді.
Зейнет жасы демекші, айталық қазір ауылдық аймақтардағы түрлі мекемелерде көбінде егде тартқан ағаларымыз бен апайларымыз отыр. Әрине, олардың тәжірибесі мен мемлекетке сіңірген еңбектерін жоққа шығаруға болмас және қызметке келген жас маман жұмыс тәжірибесі жағынан олардан асып түседі деу де қисынсыз. Дегенмен, қашанда жаңалыққа жаны құмар болып тұратын жастардың өзі қызмет етуге араласқан салаға тың серпілістер әкелуге тырысатыны рас қой.
Сөз орайына қарай тағы бір дерек келтірейік. Облысымыз бойынша білім беру мекемелерінде қазір 20693 мұғалім қызмет етсе, олардың 417-сі зейнет жасындағы адамдар екен. Ал денсаулық сақтау саласындағы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің саны 13907 адамды құраса, олардың 1030-ы, яғни, әрбір 13-іншісі зейнет жасына баяғыда жеткен мамандар көрінеді.

Біліктілігін арттыруға да мән беріледі

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының  жемісін көріп отырмыз ба?

Әрине, жастардың ауылдық елді мекендерге баруына бірден-бір себеп – тұрақты жұмыспен қатар, баспанамен де қамтылуы болатыны рас. Осы ретте зерттеу мақаламызды жазу барысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауылға барып, қызмет етіп жүрген бір-екі жас маманды сөзге тартуды жөн санадық. Оның бірі – Күршім ауылындағы №4 мектепте география пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін Қуаныш Талғатұлы.
– Мектепте сабақ бергеніме екі жылдай болды. Әрине, қалада қалып, сол жақта қызметке орналасып көруге де болар еді. Алайда, өз таңдауыма еш өкінбеймін, мұндағы ұжым мені жақсы қарсы алды. Қазір өз баспанам бар, арнайы төленетін көтермеақының да көп көмегі тиді. Жалпы, бүгінімді ғана емес, өз болашағымды осы жермен, ауылмен байланыстырғым келеді. Себебі, ауыл – қазақтың алтын бесігі емес пе?! Мұндағы білім беру сапасын жаңа деңгейге көтергім келеді. Ал ол үшін біліктілік арттыру курстарына қатысып отыру керек, – дейді Қуаныш.
Жас мұғалімнің сөзі өте орынды, маман болғаннан кейін заман көшінен қалмай, жаңа технологиялармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін меңгеру өте маңызды. Бәрімізге де белгілі, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес елімізде 2012 жылдан бастап Кембридж университетінің жобасы бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2012-2014 жылдар аралығында облыстық және Алматы қаласындағы «Өрлеу» білім беру базаларында, Семей, Өскемен қалаларындағы біліктілікті арттыру орталықтарында үш деңгей бойынша 2638 мұғалім арнайы курстардан өтіпті. Тағы 7291 мұғалім қысқа мерзімдік курстардан өткен. Сондай-ақ, Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде директорларға арналған үш айлық курстарға 45 мектеп директоры қатысып қайтқан екен. Бір сүйінерлігі сол, курстарға қатысушылардың дені ауылдық мектептердің мұғалімдері көрінеді. Және олардың арасында жаңаны білуге ұмтылған жас мамандар, яғни, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының өкілдері де бар.
Сол сияқты, медицина саласында да мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары дұрыс жолға қойылыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары С.Поповтың сөзіне сенсек, аймағымызда арнайы көшпелі циклдер, ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұған басқа мемлекеттерден шақыртылған мамандардың қатысуымен өткізілетін мастер-кластарды қосыңыз. Бүгінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін даярлап, біліктілігін арттыру мақсатында Оңтүстік Корея, Ресей және Израиль сияқты медицинасы көш ілгері кеткен елдермен тығыз байланыстар орнатылған-ды.
Алайда, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының игілігін тек қана медицина мен білім саласының мамандары көріп отыр деуіміз әсте дұрыс емес. Қазір өмірдің қай саласын алып қарасақ та, жоғары білімді, көзі ашық жас мамандар баршылық. Енді солармен дұрыс жұмыс істей білсек болғаны.
– Адамға туған жері, кіндік қаны тамған мекені қашан да ыстық болып тұрады деген сөз рас екен. Елден жырақта, қалада оқуда жүр¬генімде ауылымды әсте естен шығарған емеспін. Және сол кезде өзімнің болашағымды осы ауылыммен байланыстырамын деп шештім. Қазір туған жерім – Күршім ауылындағы аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет етемін. Мұнда орналасқаныма бір жылдай уақыт болды. Басымда баспанам бар, қаржы жағынан да қысылмаймын. Сондықтан бұл жерден ешқайда да кеткім келмейді, – дейді Ерсін Хамзин есімді жас жігіт.
Бүгінде қаладан ауылға келген не келуге ниет білдірген осындай жігіттеріміз бен қыздарымыз жетерлік. Тіпті, көзі қарақты көрерменге жақсы таныс «Болашақ» телехикаясындағыдай ауылға қала баласының да келгенін естіп қалып жатамыз. Сондай-ақ, өзі бір ауданның тумасы болғанымен, өзге бір ауданда қызмет етіп, сол жердің көсегесін көгертіп жүрген жастарымыз да баршылық. Демек, бүгінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы біз күткендей жемісін беріп жатыр деуге болады. Енді «болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, осындай жастарымыздың қызығушылығын өшіріп алмай, оларды демеп отырғанымыз жөн сияқты.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button