Дәстүрді дәріптеп, салтты сақтап келеді
Қазақтың ұлттық тәрбиесінің алтын қазығы – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы. Бүгінгі өскелең ұрпақ туған халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тіршілік қағидасы мен салт-дәстүрінен қол үзбеуге тиіс. Осы орайда Өскемендегі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорықтың Солжағалау кешеніндегі этнографиялық аймақтың маңызы зор.
– Музей-қорықтың солжағалау кешенінің этнографиялық аймағы – ашық аспан астында қанат жайған сәулет және тұрмыс музейі. Оның аумағы – 6,9 гектар. Мұнда біздің аймақта тұрып жатқан әртүрлі ұлттың ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы халық сәулетшілігінің архив деректері, ғылыми әдебиеттер негізінде жаңартылған 17 қонысы мен жеке тұрған нысандары орналастырылған, – дейді осы музей-қорық директорының ғылым жөніндегі орынбасары Гүлжан Кашакуқызы.
Шеберлер қаласы
Ашық аспан астындағы музейде тастан және ағаштан салынған әр кезеңдегі үйлер бар. Олардың бірі – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қонысындағы тас үй болса, енді бірі – Абай Құнанбайұлының Жидебайдағы қыстауының үлгісі бойынша салынған дәулетті қазақ қонысы. Сондай-ақ онда отырықшы қазақ қонысы, дүкен, тошала, үлкен киіз үй мен көрме залы бар.
Жалпы, әлемдегі ең үлкен киіз үй Бурятияда, Улан-Удэнің этнографиялық музейінде тұр. Өскемендегі музей-қорықтың мәнерлендірілген киіз үй түріндегі көрме залы сол Улан-Удэдегі киіз үйдің параметрлерін қайталайды. Көрме залындағы «Құнды мұра: қайнарлар мен дәстүрлер» атты экспозицияда қазақтардың материалдық және рухани мәдениеті арқылы Шығыс Қазақстанда болған тарихи үдеріс кеңінен ашылып, ұлтымыздың сан қырлы шаруашылығы және мәдени тірлік-тынысы баяндалады.
Қазақ ауылындағы үйлердің іші ежелгі жиһаздармен, тұрмыстық әбзелдермен қамтамасыз етіліп, ата-бабамыздың өмір-салтымен, тұрмыс жағдайымен толық таныстырып тұрғандай әсер қалдырады. Және жыл сайын өткен заманнан хабардар ететін жәдігерлермен толықтырылып отырады. Жылдар бойы жиналған қор топтамасы негізінде 2022 жылы қазақ ауылы аумағында жаңа экспозиция ашылған. Ол көшпенділер өміріндегі маңызды кәсіптің бірі – ұсталық өнерге арналған. Экспозиция қазақ ауылындағы отырықшы замандағы тұрғын үйлердің ең көне және жеңіл нұсқаларының бірі – тошала тас құрылысының ішінде орналасқан.
– Қазақ ауылындағы үйлерде күнделікті қазақтың күмбірлеген күйі, халық әндері, ұлы ақын, композитор Абай Құнанбайұлының әндері үнемі қосулы тұрады. Қызметкерлер келген қонақтарды сенбі, жексенбі және мереке күндері қазақтың ұлттық киімімен қарсы алады. Осылайша, халқымыздың материалдық және рухани мұрасын насихаттауға үлес қосып келеді, – дейді Гүлжан Кашакуқызы.
Этнографиялық кешен аумағында бой көтерген Шеберлер қаласында өңіріміздегі шеберлер қазақ қолөнерінің ежелгі дәстүрі мен заманауи тәсілдерін ұштастыра отырып түрлі бұйым жасаудан шеберлік сабақтарын, тренингтер өткізеді. Сол сияқты қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, байқау, көрме ұйымдастырылады. Мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерт қойылып, ұлттық ойындар ойнатылып, қазақтың салт-дәстүрі негізінде театрландырылған қойылымдар ұсынылады. Мысалы, қазақтың қонақжайлығын паш ететін Қымызмұрындық мерекесін алайық. Бие байлаған ауыл бие сүті қорланып, ашыған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңды шақырады. Алғашқы қымыз көпке бұйырсын деген тілекпен оны келген адамдарға салтанатпен ұсынады.
Гүлжан Кашакуқызының айтуынша, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңғыруына музей көп көңіл бөліп отыр. Мұнда «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жоба жүзеге асырылған. Мәселен, мұнда Домбыра күні дәстүрлі түрде аталып өтеді.
– Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыз ұлықталып, 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі төл мерекеге айналды. Бұл – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға. Жыл сайын музей-қорықтың солжағалау кешенінде Домбыра күні мерекесінде қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, домбыра жасайтын қолөнершілер шеберлік сабағын өткізеді, концерт болады, – деп қосты Гүлжан.
Алтыбақан құрып, асық ойнамақ
2014 жылы қазақтың күйі мен киіз үйі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілгені белгілі.
Бір атап айтарлығы, музей-қорықтың қазақ этнографиясы ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері де қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар өткізіп тұрады. Мысалы, жазда қазақ ауылында тұсаукесер, беташар сияқты салт-дәстүрге байланысты шаралар жиі ұйымдастырылады.
– Алдағы уақытқа жоспарлаған жұмыс көп. Мысалы, қазақ ауылында алтыбақан құрмақпыз. Алтыбақан – ұлттық ойын болғанымен оның салт-дәстүрлік маңызы одан да жоғары тұр. Ауылдың қыз-жігіттері аулақтау жерге алтыбақан құрып, ойын-сауық жасайды. Бұл жастардың өнерін, ойын, көзқарасын, танымын қалыптастыруда зор тәрбиелік қызмет атқарады.
Биыл қазақ ауылы асық ату ойынын өткізеді. Асық ату – бүгінде халық арасында кең қолданыста жүрген ұлттық ойын. Сондай-ақ Қозы Көрпеш-Баян сұлу үйлену той кешенінде ұлттық Ғашықтар күнін мерекелеу, Ұлы Жібек жолы саябағында іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар, – дейді Гүлжан Кашакуқызы.
Бүгінде өңірімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрлі мәдениетін көрсететін солжағалау этнографиялық кешені өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, достық пен келісімді нығайтуға, салт-сана мен әдет-ғұрыпты жаңғыртуға зор үлес қосып отыр. Ең басты міндет – халықтың мүддесіне орай қызмет көрсету.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында музейде «Көктем бояулары» атты қолөнершілердің облыстық көрмесі ұйымдастырылып, қалыптасқан дәстүрге сай музей-қорық қызметкерлері «Ұлыстың ұлы күні – ұлы той», «Армысың, әз Наурыз!», «Наурыз – көктем және еңбек мерекесі» және тағы басқа тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастыратын болады.
Мейрам Екпін