Ұлттық өнер

Тұғырлы тұлғаларды жырға қосты

Өскеменде «Абай күніне» орай облыстық ақындар айтысы өтті.

Жыр додасына он ақын қатысып, бақтары мен баптарын сынады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы және Қасым Қайсеновтің 105 жылдығына  арналған облыстық ақындар айтысы «Ертіс-Концерт» сарайында «Абай күні» қарсаңында болып өтті. Осылайша он ақын бес жұп болып жыр бәйгесінің көркін қыздырып, үйлесім тапқан үш мерекені айтысқа арқау етті.

– Жалпақ жұртқа белгілі бірнеше жылдан бері үкімет қаулысымен бекітілген «Абай күні» мерекесі тойланып келеді Мерекелі күнге байланысты облыс орталығында және өңір-өңірлерде көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Осы орайда Оралхан Бөкей мен Қасым Қайсенов қатарлы тұлғалардың мерейлі мерекелерін де айтысқа арқау етуді жөн санадық. Сондықтан да бүгін айтыскер ақындар үшін тақырып аясы кең, көсіліп жырлайды деген ойдамыз, – деді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.

Дүбірлі дода да кестелі ой, кесімді сөз айтып жұртшылықты тәнті еткен зайсандық Нәрия Ақбабақызы бас жүлдеге лайық деп табылды. Ал өскемендік Серік Қуанғанұлы 1-орынға ие болса, зайсандық Қуатбек Қуанар 2-орынды қанжығалап қайтты. Үздіктердің арасынан үшінші орынды Гүлжан Ықылас пен Ардабек Ақбабаұлы иеленді. Ақындарға ақшалай сыйақы беріліп, марапаттар табысталды.

Осылайша облыс орталығын ақындар жырға бөлеп, үш бірдей мерейлі мерекені өлеңмен өрнектеп қайтты.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

Back to top button