Ұлттық өнер

Садақ атам десеңіз…

 Арғы ғасырларда аңырай тартылған адырнадан ұшқан жебеден адам болсын, аң болсын суішерлігі бар жан ғана құтылатын еді. Өйткені садақ ату ол заманда өнер емес, өмір сүруге қажетті қару болатын. Аты аңызға айналған көз мергендер де, қол мергендер де сол заманның батыры болған. Алайда озық отты қарулар шыққаннан кейін садақ саптан ысырылуға мәжбүр болды. Десе де байырғы баба ғұрпын ұмытпайтын бүгінгі ұрпақ оны ұлттық спорт, яғни өнер ретінде дәріптеп келеді.

Өткенде өнегелі қарттың осы бір ұлттық спорт түрінің бізде кенжелеп қалғанын тілге тиек етіп отырғанын естіген едім. Экранда атыс-шабыс жасап ойнайтын балалардың қолына садақ ұстатса, қолтығы жазылып, көзі өткір, ойы ұшқыр болар еді-ау деген болатын-ды. Сол сәтте садақты қолға алып көрмеппіз-ау деп қалған едік. Музейде тұрған садақ пен жебені көргеніміз болмаса, қолға алған емеспіз. Бір қызығы, осы әңгіме құлақтан суымай жатып әлеуметтік желіден садақ атып жүрген жерлестеріміздің суреттерін көріп қалдық. «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген осы болса керек-ті.

Облыс орталығында ашылған садақ ату залын іздеп тауып, садақты қолға алдық. Аңырата тартқан бірнеше жебеміз айдалаға кетті. Қанда бар қасиет болса керек, келесі айналымда атылған жебелер нысананы дәл тапты. Тіпті қызды-қыздымен айғайлап тұрып қатты-қатты тартып жібердік. Біраздан соң қолтық жазылып, аруақтанып алғандай болдық. Залдың іші де адамды рухтандырып жіберетіндей екен. Қабырға толы көне тарихпен кестеленіп, ескіліктің үлгісінде жасалған картиналар мен қару-жарақтар. Ал ату алаңының астына байырғы қазақ даласының картасы салыныпты. Садақты оқтап жатқанда байтақ дала табаныңның астында жатқандай сезініп, адырнаны аңыратып қаласың. Өзіңді құдды сол кең даланы қорғау үшін соғысып жүргендей сезінеді екенсің.

– Бұл идея бізге жұмыс барысында келген еді. Біз өзіміз әртүрлі деңгейдегі кино түсірумен айналысамыз. Осы жазда Көкжал Барақ туралы фильм түсіруді қолға алдық. Сол кезде «Қазақ фильмнен» киім-кешек, қару-жарақ алдырдық. Алайда алдырған садағымызды фильмге түсушілер ата алмады. Міне, сол кезде осы ұлттық спортты дамыту керек екен ғой деген ой келді. Неге бұл өнерді өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үйретпеске?! Осыдан кейін бастаманы бірден қолға алып, орынжай қарастырдық. Осы залды ұлттық спортқа қолдау көрсеткен ағамыз беріп отыр. Садақтарды Түркиядан алдырдық. Әзірге төрт жолақты ату алаңы мен төрт нысана негізінде бастап жатырмыз. Садақтардың қатты, орташа, жұмсақ үш түрі бар. Мысалы, ең қаттысы 40 либрлі, 90-100 метрге дейін атуға болады. Ал екіншісі 30 либрлі 70-80 метр шамасында, үшіншісі 20 либрлі 40-50 метр шамасында атылады. Сондықтан балалар мен әйелдер де келіп атуға болады. Болашақта мүмкін, балаларға жеке ату алаңын дайындайтын шығармыз. Келген адамдарға ережесін, сақтық шараларын үйретеміз. Алдағы уақытта келушілерге арнап ұлттық тағамдарды да дайындап қоюды жоспарлап отырмыз. Жалпы, сұраныс пен тілек-талапқа орай дамыта беретін боламыз, – дейді ұлттық спорт түрін қолға алып жатқан Бейбіт Тұманбекұлы.

Иә, интернеттің илеуіндегі баланы да, жасты да залға кіргізіп жіберсе, өзін жауынгер сезініп шығары анық. Ұлттық спорттың ұпайы да түгенделіп, рухты ұрпақ өсер еді. Біз залдан жалымыз күдірейіп, жаудан қайтқандай болып шықтық.

Алтай Ғали Асқар

Back to top button