Ұлттық құндылық

Теңгедегі тоғызқұмалақ

Жаһандық өркениет көшінде ұлттық құндылықты ұмыт қалдырмаудың маңызы зор. Сондықтан бабалардан бері жалғасып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық ойын түрлері жыл сайын насихатталып келеді. Соның бірі – тоғызқұмалақ ойынын дәріптеу мақсатында  Ұлттық банк ойын тақтайшасы бейнеленген монеталарды сатылымға шығармақ.

Дала математикасы саналған тоғызқұмалақ ойынының ұрпақ санасын дамытуға қосар үлесі зор. Оны дамыту арқылы баланың ой-санасын жетілдіру – бұрыннан келе жатқан дәстүрлі үрдіс. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту басты мәселе екендігін айтқан болатын.

– Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осыдан кейін Денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген болатын. Бұл бағытқа үлес қосуды мақсат еткен Ұлттық банк 2023 жылдың 10 сәуірінен бастап «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясындағы Toǵyzqumalaq коллекциялық монеталарын сатылымға шығаратынын хабарлады.

Ұлттық банк жасап шыққан әр монетаның өзіндік ерекшелігі бар. Монетаның массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм. Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған монетаның таралымы – 3 мың дана. Ал номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған монетаның таралымы 20 мың дана болса,  номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған монетаның таралымы – 100 мың дана.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button