Ұлттық құндылық

Бабадан – нақыл, анадан – ақыл

Қазақ халқы үшін қолдан құндылық жасау шарт емес. Өйткені біз – бабадан нақылды, анадан ақылды енші етіп алған елміз. Ал дәстүр мен салтқа, әдет пен ғұрыпқа айналып кеткен ұлттық құндылықтарымыздың қатары көп. Соның бірін Наурыз мерекесі қарсаңында ақжаулықты аналар іс-шараға арқау етті.  

Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі» атты дөңгелек үстел өтті. Игілікті іс-шараны «Қазақ аналары: дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының аналарымен бірлесе өткізді. Дөңгелек үстелге Өскемен қаласы полиция басқармасының сақшылары, колледж студенттері, әр санаттағы кітапхана оқырмандары қатысып, аналардың ақылын, бабалардың нақылын тыңдап қайтты.

– Қазақ аналары: дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі қазақ аналарына ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың озығын үйретіп, тәлім-тәрбиенің өзегін насихаттау мақсатында құрылған. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде бұл ұйымның филиалдары ашылып, өз жұмысын жүргізуде. Біз де білгенімізді ұрпаққа айтып, ұлттық құндылықты дәріптеуге үлес қосуды мақсат етіп жүрміз. Бүгінгі шара соның бір парасы ғана, – дейді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Нұрия Темірханова.

Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі бар. Салт-дәстүрдің пайда болып, қалыптасу тарихына көз жіберсек, олар халықтың әл-ауқат, тұрмыс-тіршілік болмысынан туып қалыптасатынын көреміз. Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу – әрқайсымыздың борышымыз. Міне, біз тілге тиек етіп отырған дөңгелек үстелдің мақсаты да осы болды. Заман өзгерсе де, ұлттық салт-дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғыртуға атсалысты. Іс-шара барысында ежелгі ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері, даналық сөздері және әдеп ережелері туралы әңгіме өрбіді. Аға буын өкілдері, аналарымыз ұмытылған дәстүрлерді, ұлтық құндылықтарды жаңарту туралы өз пікірлерін білдіріп, ойларын айтты.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button