Сұхбат

«Дәрімен дос емеспін»

    «Бірінші байлық – денсаулық» дейміз. Ешкім сатып ала алмайтын, сыйлап та бере алмайтын, одан айырылсақ мына дүниенің құны көк тиынға айналатын басты құндылығымыз да, қадірліміз де денсаулық екені даусыз. Содан болар, қазекем «Тәні саудың – жаны сау» деп тамыр ұстағандай тап басып айтқан емес пе. Бұл ағзаны қартайтатын да, қатайтатын да тағы өзіміз. Біреу жасына жетпей қартаяды, енді біреулер жасы ұлғайса да қажыр-қайратын жоғалтпайды. Демек, әркімнің салауатты өмір салтын сақтауы, ұстануы өз қолында.

Осылай ой өрбітуімізге себеп те жоқ емес. Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында Қалимажан Төлеген Әбілғазыұлы деген ағамыз тұрады. Бұл кісі «ауырып ем іздемей, ауырмаудың жолын іздеген» тамаша спорттық  жаттығуларды күнделікті таңмен таласа орындайды. Міне, осылай үздіксіз жасап жүргеніне 25 жылдан асқан.  Әлі күнге дейін мұздай су құйынатын спорттық дағдысын ара-тұра әлеуметтік желіден байқап қаламыз. Ел көлемінде көп шығар, Тарбағатай төңірегінде, алпыстан асқан шағында мұндай істеп жүргендер жоқтың қасы… Жақында ол кісімен аз-кем сұхбаттасудың да реті келген еді.

Төлеген Әбілғазыұлы, мейлі, жаз мезгілі былай тұрсын, қақаған қыста мұздай су құйынбақ түгілі, есік алдына жеңіл киімшең аз уақытқа шықсақ тоңып кетеміз. Маңдайдан өтетін мұздай сумен құйынуға да ерік-жігер керек-ақ. Жалпы, осы спорттық үрдіске қалай келдіңіз, не түрткі болды, қашаннан бері айналысасыз?

– Бұлай шынығуға себепкер болып ұсыныс жасаған ауданымыздың ақсақалы Түсіпов Рамазан аға болатын. Тоқсаныншы жылдардан кейін, шамасы. Бірде ағалармен әңгімелесіп отырып, ыстық моншаға түскен соң, ертеңінде шекем солқылдап ауру пайда болғанын айттым. Рекең: «Оның жарасы жеңіл, П.К.Ивановтың «Балақан» деген шынығу жүйесімен айналыссаң, бәрінен де құтыласың» деді. Ол кісінің өзі де айналысатын. Содан «Балақан» атты кітапты сатып алып, жақсылап оқып-танысып, еш кідірместен қыркүйектің соңғы күндерінен бастап әрбір таңда суық сумен құйынуды әдетке айналдырдым. Расымен де, бас ауырғаны біршама күннен кейін жоғалып кетті. Содан бері міне, ширек ғасырдан асып барады. Мұздай сумен құйыну спорттық дағдыма айналды.

  • Иә, алпыстан ассаңыз да, бойды сұңғақ ұстап, жас жігіттерше ширақ қимылдап, сергек жүретініңіз салауатты өмір салтының нәтижесі болар. Жалпы, күнделікті бір күніңіз қалай өтеді?
  • Мен бір күндегі әр минут-сағатымды мүмкіндігінше күн тәртібіне бағындыруға тырысамын. Алла қаласа, зейнеттік демалысқа шыққан соң күн тәртібін әлі де қатаң ұстармын деп ойлаймын. Таңғы уақытым таң намазынан басталып жарты сағаттай денешынықтыру жаттығуларына кетеді. Қыста бөлмеде, ал жылы кездері күнделікті үш шақырым жүгіріп, тоғандағы суға шомылумен басталады. Жазғы демалыс кезінде төрт-бес күнде бір, салқын түсер шақта жиырма шақырымға дейін жүгіремін. Жалпы марафондық қашықтыққа (42 км) жүгіруді де жоспарлап жүрмін.

«Ас адамның арқауы» десек те, ауру-сырқаудың кейбірі  тағамнан да болып жатады. Тамақтану режиміңізде ерекшелік бар ма?

– Тамақ талғамаймын. Жалпы, тамаққа да, ұйықтар орынның жарық-қараңғы, дыбыс, көліктегі, ұшақтағы жағдай мен ыстық-салқын деген сияқтыларға еш кірпияздығым жоқ. Тағам мен сусынның дәрумендік және қуаттылық түріне қарай пайдалануға тырысамын. Қатып қалған жүйем жоқ, қомағай емеспін.

  • Жалпы, мұздай су құйынудың ағзаға қандай пайдасы бар?

    – Мұздай сумен аязда құйыну ең бірінші жүйке жүйесіндегі жайсыз әсерлерді (уайым, жайсыз ақпарат, т.б.) сыпырып алады. Ағзадағы жасушалардың белсенділігі мен қан айналымына және көңіл-күйдің көтеріліп, сергуге деген әсері орасан зор. Ең бастысы, қатты тоңған сәттерде де оның зардаптарын жеңуге әсері мол.

  • Білуімізше, турникте ұршықша иіріліп, спорттық жаттығулар орындап, ал үйде гимнастиканың қимылдарын да істейді екенсіз. Осы жөнінде де айта кетсеңіз.

– Негізі адамның ерік-жігері, күш-қайраты, жылдамдығы мен иілгіштік-созылғыштық және төзімділігі басқа да өнер түрлері мен іскерлік қабілеттеріміз сияқты тектен беріледі. Біз тек сол бар қабілеттерімізді жалқаулық пен жат әдеттерден сақтай отырып, жоғалтып алмай, келер ұрпағымызға дамытып, қалдыруымыз керек. Ең бастысы, Құдайдан қорқып, әдейілеп жан иелеріне қиянат жасамай, керісінше жан дүниемізге ізгілік ұялата білсек, соған лайық жауап алатынымыз сөзсіз, осыны ұмытпауымыз керек…

  • Бүгінде алпыстың асқарынан асып барасыз. Тас шайнап, құм түкірген жастықтың жалынды жылдары артта қалды десек те, спорттың арқасында қара күштің қауқары қайта қоймаған шығар. Өзіңізді қазіргі жасыңызда қалай сезінесіз?
  • Кез келген адамға ең керегі денсаулық пен жақсы көңіл-күй екендігі белгілі ғой. Сол бақыттың қайнар көзі – елдегі бейбітшілік, отбасы мен басқа да ортадағы сыйластық пен жылы қарым-қатынас, қызмет пен жар таңдауда қателеспеу, ізгі ұрпақ, дұрыс әрі құнарлы тамақтану, салауатты өмір салты, экологиялық ахуал, тектік белгі (код) және басқалар. Кез келген адам үшін денсаулығын түзеуге немесе денсаулығын шынықтыруға ешқашан кеш болмайды. Қазақта «ештен де, кеш жақсы» деген сөз тегін айтылмаған. Мен бала кезімде өте әлжуаз, аурушаң болдым. Сом білекті, апайтөс, бура сан жігіттерді көрсем «қалай ғана осылардай болсам?» деген арман маған маза таптырмайтын. Содан 7-кластың аяқ шенінде, 14 жасымда еркін күрес үйірмесіне бардым. Бардым деген аты ғой, онда көндігу үшін (Құдайдың зорлығымен дегендей) екі кетіп, екі оралдым. Менің өз-өзіммен айналысуым солай басталған. Қазір мен алпыс екі жасқа таяп қалдым. Барлық жетістіктерімді тізбелемей-ақ қояйын, екі нәрсені ғана айтсам: жауынгерлік қабілетім – жиырма бес, отыз жастағы әрбір екінші азаматпен жекпе-жек сайысуға шамам жетеді. Денсаулығым – жазда 20 шақырым жүгіруге, қыста  40 градус аязда жалаң аяқ, ішкиіммен мұз үстінде тұрып суық су құйынуға шыдайды. Осы күнге дейін фармацевтикалық дәрілер ішіп көрмеппін. Қысқасы, дәрімен дос емеспін. Бұл бүгін… Ал ертең, бірнеше жылдан кейін не боларын бір Алла ғана біледі. Қазіргі таңда «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде немесе ширақ қартаю» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік еңбек жазып жатырмын. Тәжірибе нысаны – өзім, әрине. Егер де медицина университетінде не педагогикалық университетінің биология, психология факультетінің студенттері арасында осы тақырыпта ғылыми жұмыспен айналысамын дегендер болса, мен көмектесуге (тәжірибе нысаны ретінде) дайынмын. Менің мақсатым – ұлт руханияты мен салауатына үлес қосу.

   Өнегелі өмір салтыңызды жалғастырар құрыш білекті, иман жүректі, білімді жастар көп болсын!

Сұхбаттасқан Ерлан Бапанов

Осы айдарда

Back to top button