Цифрлық Қазақстан

Дер кезінде жаңартып отыру қажет

Жаз – демалыс пен саяхат кезеңі. Осыған орай жазда ХҚО-ларда жеке куәлік пен төлқұжат рәсімдеушілер көбейеді. Жыл басынан ел азаматтарына 1 353 590 жеке куәлік пен паспорт беріліпті. Рәсімделген құжаттардың ең көбі маусым айында тіркелген – 266 668.

ХҚО-да төлқұжат пен жеке куәлікті қалай ыңғайлы әрі жылдам алуға болады?

– Өкінішке қарай, паспорт пен жеке куәлікті алу қызметі әлі онлайн қолжетімді емес. Бұл құжаттарды рәсімдеу үшін міндетті түрде ХҚО-ға бару қажет. Десе де, қызмет эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі, өзіңіздің тіркелген мекенжайыңызға қарамастан кез келген ХҚО-ға бара аласыз, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.

ХҚО-ларда жеке куәлік пен паспортты көші-қон қызметі рәсімдейді. Егер төлқұжат алу үшін алғаш рет келіп тұрсаңыз, сізге тек жеке куәлік қажет. Егер төлқұжатыңыздың мерзімі аяқталса, оны мерзімі біткенге дейін 1-2 ай бұрын ауыстыра аласыз. Төлқұжат мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа төлқұжат алуға өтініш берсеңіз, кешіктіргеніңіз үшін айыппұл қарастырылмайды.

Төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 8 айлық есептік көрсеткіш, яғни 24504 теңге. Қызмет көрсету мерзімі –  15 жұмыс күні. Алайда қосымша төлем жасау арқылы процесті жеделдетуге болады. Өскемен тұрғындары процесті үш, бес жұмыс күніне дейін қысқарта алады, 3 жұмыс күніне дейін қысқарту үшін 4983 теңге, 5 жұмыс күніне дейін 2752 теңге төлейді. Ал аудандар мен облыстағы қалалар тұрғындары 1116 теңге қосымша төлем арқылы 7 жұмыс күніне дейін жеделдете алады.

Баланың төлқұжатын рәсімдеу кезінде оның туу туралы куәлігін ұсынып, баж салығын төлеу қажет. Қызметке өтініш білдіру үшін баланың ата-анасының бірі келуі міндетті.

Азаматтар жеке куәлікті 16 жасқа толғанда алады. Осы жасқа жеткен кезде құжатты бір ай ішінде рәсімдеу қажет, әйтпесе 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21441 теңге айыппұл төлеу керек болады. Сондай-ақ мерзімі аяқталған жеке куәлік бір ай ішінде жаңартылмаса, дәл осы мөлшерде айыппұл қаралған. Айыппұлды бір апта ішінде төлесеңіз, сома 50 пайызға төмендейді. Егер сізде паспорт бар болса, жеке куәлікті рәсімдеу үшін оны да өзіңізбен бірге әкелу керек. Бұл ретте жеке куәлік үшін баж – 0,2 АЕК немесе 613 теңге.

Қызметті төлқұжатпен бірдей әдіс бойынша жеделдетуге болады.

Сонымен қатар жеке куәлік пен төлқұжат үшін баж салығынан босатылған клиенттердің санаты бар, олар: соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, мүгедектер, бала кезінен мүгедек болған клиенттің ата-анасының бірі, қарттар мен мүгедектерге арналған мекемеде тұратын егде адамдар, жетім балалар, балалар үйінде немесе интернатта тұратын ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, «Батыр ана» атағы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгісі бар аналар, Чернобыль апатынан зардап шеккендер.

«Азаматтарға арналғане үкімет» корпорациясының облыстық филиалы айыппұл төлемеу үшін азаматтардан өз құжаттарын уақтылы жаңартып отыруды сұрайды.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button