Дауыс беруге бәрі келеді
«Дауыс беруге бәрі де келеді ғой. Еліміздің, жастардың болашағы үшін таңдау жасауымыз керек. Бұл референдум үлкен өзгерістің басы деп ойлаймын…» деді таң сәріден тұрып, жұбайын ертіп дауыс беруге келген Нұрқасым ақсақал. Қос қария №15-ші учаскеде дауыс берді.
Бұл дауыс беру учаскесі Өскемен қаласының Красин кентіндегі №4 мектепте орналасқан. Кент тұрғындары бүгін таңғы сағат 7.00-ден осылай қарай ағылып келіп жатыр. Музыка үні алыстан естіледі.
– Бір жақсысы сайлау кезіндегі сияқты кезек күтіп ұзақ тұрмайсың, бәрі жылдам өтіп жатыр. Көшіп келгелі осы учаскеде дауыс беремін, жиырма жылдай болды. Балалар жақсы, жайдары жүзбен қарсы алып, бәрін түсіндіріп тұр. Өзім үшін емес, ұрпағым үшін дауыс бердім. Біз сүретін өмірді сүрдік, енді қанша қалды дейсің қарғам. Сендердің бейбіт елде бақытты ғұмыр кешкендеріңді көрсек, одан артық ештеңе сұрамаймын Алладан. Жұрттың көзі ашық қазір, дауыс беруге бәрі келеді ғой. Еліміздің, жастардың болашағы үшін таңдау жасауымыз керек. Бұл науқан үлкен өзгерістің басы деп ойлаймын, – деді жасы жетпістен асқан Нұрқасым Шериязданұлы.
Бүгінгі таңда республикалық референдум өткізу үшін Өскемен қаласында 120 дауыс беру учаскесі ашылған. Оның ішінде 10-ы жабық учаске (тергеу изоляторлары, ауруханалар, әскери бөлімдер). Дауыс беру таңғы сағат 7.00-ден басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.
Didar ақпарат