Журналистік зерттеу

Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға жәрдемақы неге бірдей төленбейді?

Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға жәрдемақы неге бірдей төленбейді?


«1986 жылғы мамырдың соңында әскери комисариатқа шақырту қағазын алғандар Чернобыльдегі апатты аймаққа жіберілетінін іштей сезді. Қарулы күштер туралы заңды алға тартқан әскери комиссар біздерді алты айға әскери оқу-жаттығуға барасыңдар деп сендіріп бақты» деп әңгімесін бастады Чернобыль ардагері Төлеуғазы Желдібаев.

– Біз Чернобыльге облыстан алғашқы лек болып аттандық. Жолға шыққан бойда бағытымыз батыс болған соң, бірден түсіндік. Астрахань, Харьков, Днепропетровск қалаларын басып өтіп, үш күннің ішінде Днепродзержинскіге келіп ат басын тіредік. Содан бізді жабық екі автобусқа отырғызып, қаланың шетінде орналасқан құрылысшылар полкінің шетінен әкелді. Сөйтіп, біз апат аймағынан бір-ақ шықтық, – дейді Төлеуғазы Желдібаев.

Жуырда редакцияға Чернобыльге қатысып қайтқан бір топ жармалық ардагерлер хабарласып: «Биыл Чернобыль апатына 30 жыл толуына байланысты ардагерлердің барлығына бірдей 1986-1987, 1988-1990-шы жылы қатысқандар деп бөлмей, қомақты қаржы беріледі деген еді. Алайда, облыс аумағындағы Үржар ауданында 125 мың, Өскеменде 24 мың, Аягөзде 30 мың теңгеден беріліпті. Ал Жарма ауданында бес мың берілді. Қаражат мөлшері неге әртүрлі сомада төленіп отыр» деп сауал тастаған болатын. Соған байланысты біз облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Райхан Барлықованы сөзге тартқан едік. Ол мән-жайд былайша түсіндірді:

– «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» еліміздің 1999 жылғы бесінші сәуірдегі №365-І Заңының 7-бабына сәйкес республикалық бюджеттен:

Чернобыль АЭС-індегі апаттың азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдарға 7,55 айлық есептік көрсеткіш төленеді. Жоғарыда аталған себептердің салдарынан қаза тапқандардың отбасылары мен сәуле ауруынан қайтыс болған адамдардың жақын туыстарына ядролық сынақтардың әсеріне байланысты белгіленген тәртіппен 4,59 айлық есептік көрсеткіштегі жәрдемақы мөлшері төленіп отырады.

1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушыларға, сондай-ақ, апат аймағынан қоныс аударған кезде құрсақта болған сәбилер мен Қазақстанға өз еркімен қоныс аударған адамдарға 2,13 айлық есептік көрсеткіштегі жәрдемақы тағайындалған.

Республикалық бюджет туралы заңда көрсетілген жәрдемақы көлеміне жыл сайын белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі әсер етеді.
«Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ел Үкіметінің 2013 жылғы 21-мамырдағы №504 қаулысының екінші тармағына сәйкес, жергілікті өкілетті органдар әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары бойынша жергілікті мәслихаттың шешімімен әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшерлемесі жеке-жеке бекітіледі.

Жарма аудандық мәслихатының «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 18-шілдедегі №21/185-V шешіміне өзгеріс енгізіп, өткен жылдың №35/288-V шешіміне сәйкес облыстық және жергілікті бюджеттен:

1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-сіндегі апаттың, сондай-ақ, азаматтық объектілердегі немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар мен ядролық сынақтарға, арнайы жаттығуларда тікелей болған ардагерлерге 65 мың теңгеден төленеді. Оның ішінде жергілікті бюджеттен бес мың теңге, қалған қаражат облыс тарапынан беріледі.

Аталған апаттың салдарынан мүгедек болып қалғандарға 24 мың теңге облыстық бюджеттен төленіп отырады. Ал 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-сіндегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқандарға жергілікті бюджет тарапынан беріледі.

Бөлім басшысы Райхан Барлықованың айтуынша, «Қазпошта» АҚ арқылы төлемдер 01.06.2015 жылдан бастап МТ-102 процесіне толық көшуіне байланысты ағымдағы жылдың сәур айында ЧАЭС қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Сембинов аталған апатқа қатысқан ардагерлерге арнайы есепшот ашу керегін түсіндірген.

– Аудандағы дер кезінде есепшот ашқан азаматтарға бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Алайда, қазіргі күні уақытында есепшот ашпағандарға «Қазпошта» арқылы төлеу мүмкін болмай тұр, – дейді Райхан Барлықова.

Аягөз ауданындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің деректеріне сүйенсек, аталған апаттың зардабын жоюға қатысқан Рахат Аптимов, Мұратхан Таңғытов, Ержан Утепов, Болатхан Орысбаев, Біржан Ескендіров, Төлеуғазы Желдібаев сынды азаматтарға бір жолғы материалдық көмек көрсетіліпті. Ал Катонқарағайда Серік Қисамбин, Тілеухан Базалов, Ғабиден Чатанов, Қайратхан Сағындықов, Сайранхан Ерсалин, Нұрлыбек Нұртазин сынды ардагерлерге мамыр айында 74 447 мың теңгеден бір жолғы әлеуметтік көмек берілген.

Семей мен Ұлан ауданында тегін күтім көрсетіледі

Жалпы, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқан жерлестерімізге: «Осы күнге дейін мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер беріледі? Оларға төленетін өтемақы қажетті қызметтердің бағасын қаншалықты жабады?» деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Чернобыльдік ардагерлер мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Раздықовқа жолыққан едік. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі өскен.

– 1988-1989 жылғы апаттың зардабын жоюға қатысушыларға төленетін жәрдемақы мөлшері төрт есе көбейді. Мысалы, бұрын 515 теңге болса, қазір 2060 теңге қосылды. ЧАЭС апатының зардабын жоюға қатысушылар үшін арнайы бекітілген ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 2016 жылы 2,4 АЕК, мүгедектер үшін 5,8 АЕК құрайды. Бұл жәрдемақы медициналық қызметтің минималды түрін төлеуге де жетпейді. Бізде ТМД елдерімен салыстырғанда төленетін жәрдемақы мөлшері төмен. Бұдан бөлек, көптеген нормативтік актілер мен заңдарда қойылатын талаптар ескерілмейді. Мысалы, жалақының 55 минималдық мөлшеріндегі салық кірісінің жеңілдігі 80 мың теңгеден артық жалақы табатын азаматтар үшін, ал чернобыльдіктерде денсаулықтарына байланысты еңбек қабілеттері төмен болғандықтан аталған жеңілдікті қолдану мүмкіндігі жоқ , – дейді Қанат Раздықов.

Облыстық бюджет тарапынан чернобыльдіктердің коммуналдық төлемдеріне ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы төленіп отырады. Мәселен, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС апаттың зардабын жоюға қатысушыларға бес мың берілсе, мүгедектерге екі мың теңге төленеді. Мемлекет тарапынан төленетін мұндай жәрдемақы көлеміне көңілі толмайтын Талғат Ашимбаев:

– 1988-1989 жылғы чернобыльдіктерге қарағанда, 1986 жылы барған чернобыльдіктер сәулеленуді көп қабылдады дегенді өз басым қолдамаймын. Чернобыльдіктерге арналған барлық жеңілдіктер арнайы жәрдемақыларға ауыстырылған, бірақ ҰОС мүгедектеріне төленетін жәрдемақыдан әлдеқайда төмен, – дейді.

Апаттың салдарын жоюға қатысушылар үшін жыл сайынғы мемлекеттік жеңілдіктер белгіленіпті. Мәселен, биыл Өскемендегі медициналық санитарлық бөлімде соғыс ардагерлері мен чернобыльдіктерге арналған тегін тексеру мен медициналық көмек көрсетілетін 40 орындық жеке бөлім жұмыс істейді. Онда аталмыш апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтар жылына бір рет емделіп шығады. Сонымен қатар, Семейде және Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылында Чернобыль ардагерлеріне тегін медбикелік күтім көрсетіледі.

Өскемендегі №4 қалалық ауруханасының басшылығы ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға арналған тегін терапевтік қызмет көрсетіп, жылына 40 адамды емдейді. Мысалы, биыл Чернобыльге қатысқан алты адам тегін ем алып шыққан. Ал Семейдегі оңалту орталығында 40 тәуліктік орын мен 20 күндізгі стационарлық орын бөлінген. Тәуліктік стационарда Чернобыль АЭС-ның апатын жоюға қатысқан 23 адам емделіп шығыпты.
Өскемендегі әлеуметтік бағдарламалармен қамту бөлімінің мамандары чернобыльдіктерге жыл сайын «Үлбі» жаңа әлеуметтік орталығына тегін жолдамалар ұсынып отырады екен. Ағымдағы жылы «Қазақстан санаторийі» АҚ бағыттауымен ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдарды сауықтыру мақсатында Астанадағы орталық клиникалық госпиталіне, Алматыдағы республикалық клиникалық госпиталіне жолдама берілген. Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық денсаулық сактау басқармасы өңіріміздегі қалалар мен аудандар бойынша белгіленген медициналық ұйымдарға барып ем-дом алуға 236 жолдама бөлген.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button