Журналистік зерттеу

Біздің өңірде ит пен мысық ұстаудың арнайы ережесі жоқ. Неге?

  Біздің өңірде ит пен мысық ұстаудың арнайы ережесі жоқ. Неге?

Қала пәтерлерінде үй жануарларын ұстау өзекті мәселе болып отыр. Қазір әркім үйінде қанша ит-мысық ұстаса да еркі өзінде, себебі, біздің облыста үй жануарларын ұстау туралы арнайы ереже жоқ. Көпқабатты үйлерде көрші пәтерлердегі иттердің мазаны алатыны да шындық. Түрлі жұқпалы ауруларды тарататыны өз алдына бөлек әңгіме. Тағы бір үлкен мәселе – балаларға арналған алаңқайда бүлдіршіндер де ойнайды, иттер де емін-еркін жүреді. Жай жүрмейді, ауланы былғап жүреді. Үй жануарларының серуеніне арналған алаңдар жоқтың қасы. Осы мәселелердің мән-жайын анықтамақ болып, Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне бас сұқтық.

Вакцина егумен кім айналысады?

Бөлімнің басшысы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Заманбек Серікпаев бұл мәселемен етене таныс. Бірақ лажсыздық танытып отыр.
– 90-жылдары қаладағы иттер тіркеуге алынып, оларға төлқұжат берілетін. Олар міндетті түрде құтырма ауруларының алдын алу, паразиттерден тазарту шараларынан өткізілетін. Тіркеуге алынбаған және әртүрлі ауруларға қарсы егілмеген үй жануарларын ұстауға рұқсат берілмеген. Құтырма ауруына вакцина бір-ақ жерде, орталықтандырылып жасалатын. Ал қазіргі жағдайды алып қарайық. Екінің бірі аңдарға құжат береді, екінің бірі аса қауіпті ауруға екпе еге береді. Бүгінгі күні қалада қаншама ит пен мысықтың бар екенін ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Қалада ит пен мысық, тышқан, тотықұс сияқты құстарға диагностика қойып, емдеумен 13 ветеринарлық емхана айналысады. Сол ветеринарлық емханалар поливалентті екпелерді жасау үшін лицензиялар алып алған. Итте кездесетін бес ауруға қарсы вакцина біріктіріліп тастаған. Жарайды, иттің өзінің ауруларына қарсы екпелер жасала берсін, ал адамға жұғатын аса қауіпті құтырма ауруына қарсы вакцинаны егумен заңға сәйкес тек «Өскемен мал дәрігері» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны айналысуы керек. Ең сорақысы, осы поливалентті екпе жасалған иттің қанынан алынған сарысуда құтырма ауруының иммунитеті жоқ боп шықты! Сөзімізді дәлелдейтін қолымызда биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының сарысуға жасаған зерттеуінің нәтижесі бар. Мұнда құтырма ауруына қарсы иммунитет айқындалмаған деп анық жазылып тұр. Демек, поливалентті екпені моновалентті екпеге көшіру, құтырмаға екпені бөлек жасау – күн талабы.
Екінші мәселе, ит пен мысықтарды ұстаудың арнайы ережесі жоқ. Ереженің түпнұсқасын жасап, толықтырулар енгіздік. Иттердің төлқұжатының жобасын да жасап қойдық. Оларды қалалық мәслихатқа ұсындық, ендігі түпкі шешім облыстық мәслихатта. Бізде ит біреуді талап, қайғылы жағдайға тап болғанша күтіп отыратын әдет бар, – деп ашына айтты бөлім бастығы.
Ал басқа облыстарда ит пен мысық ұстаудың мәслихат бекіткен ережелері бар көрінеді. Осы мәселеге қатысты облыстық мәслихаттың депутаты Рысхан Жанкүшіковамен де кездесіп, әңгімелескен едік.
– Бізге осындай маңызды ереже ұсыныс боп түссе, әрине, қолдап, құптайтын боламыз. Өйткені, адам денсаулығы – басты құндылық. Иттер мен мысықтар дауасыз аурулар жұқтыруы мүмкін. Сол себепті олардың ветеринариялық талаптарға сай құжаттары болу керек. Қалалық пәтерлерде есепсіз ит пен мысық ұстайтын адамдарға қатаң тыйым салынып, жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері жағдайды бақылауда ұстап отыру қажет. Сол үшін де арнайы ереже қабылдайтын уақыт баяғыда жетті, – дейді ол.

Пәтерінде он ит асырап отыр

Бөлім бастығының айтуынша, қаладағы көппәтерлі үйлердің бірінде 10 ит асырап отырған адамдар бар екен. «Қаншама жерден құқық қорғау қызметкерлері, санитарлық қадағалау басқармасының мамандары, басқалар келсе де, мені жауапқа тарта алмайды, өйткені, заңмен шектеу қойылмаған», – дейді екен иттердің иесі. Шетелдердегідей ит-мысық ұстағаны үшін қожайынға белгілі бір көлемде салық салып, жануарлардың дәретін тазалауды міндеттеуді қолға алған жөн сияқты. Орнында байланып жатқанда, не қыдыртқанда иесі итке тұмылдырық кигізуі қажет. Күндіз ит мүлде бос жүрмеуі тиіс. Өкініштісі сол, итін байламақ түгіл, алпамсадай төбетінің қайда екенінен хабарсыз жүретіндер бар.
Тағы бір мәселе – жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің осы жұмысты қолға алуда құлықсыздық танытуы. Заманбек Серікпаевтың айтуынша, әр комитетке тиесілі бос жатқан аумақтар бар. Сол аумақтарды бірігіп, қоршап, тақтайша, белгі орнатып, ит қыдыратын алаңдар жасайық деп бөлім неше мәрте ұсыныс жасаған. Ешқандай нәтиже жоқ.
Биыл бюджеттен ит-мысықты аулап, көзін жоюға 9 миллион теңге бөлініп отыр. Көшеден ауланған иттер үш күн иесі табылғанша Красин кентіндегі оқшаулау орнында ұсталады. Қожайыны іздеп келмеген жағдайда, иттер арнайы дәрі қолданумен ұйықтатылып, залалсыздандырылады да, өлген малдарды көметін молаға жеткізіледі. Жануарларды ұстау кезінде оларға ешқандай қаталдық көрсетілмейді.
Ит-мысықтарды залалсыздандыратындарға заңды түрде тіркелген кейбір қоғамдық ұйымдар қырын қарап, питомниктер ашу қажет, оларды ұйықтатқанша, ұрықсыздандыру түрін қолдану керек дегенді алға тартады. Питомникті ұстау үшін коммуналдық қызметтерге, күтушілердің жалақысына, жануарлардың қорегіне қыруар қаражат кететіні белгілі.

Құтырма – емі жоқ дерт

Көктем де таяп қалды. Суықта бүрісіп, тоңып жүретін ит пен мысықтардың ұйлығып, нағыз көбейетін мезгілі – осы шақ. Еріккен кемпір-шалдар да қаңғырған ит пен мысыққа тамақ беріп, үйлердің маңына үйір қылып қояды, олар да аса қауіпті. Бұралқы иттер мен басқа жануарлардың адамдарға шабуылы мен қабу оқиғалары болды ма деген сұраққа жауап алу үшін облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің карантиндік және аса қауіпті жұқпаларды қадағалау бөлімінің басшысы Хамит Илюбаевпен сөйлестік.
– Ондай жағдайлар орын алып жатса, дәрігерлік көмекке жүгіну орынды. Ит пен мысықтан, басқа да түз тағыларынан адамға жұғатын сан алуан дерттің ішіндегі ең қатерлісі – құтырма. Себебі, ол емдеуге келмейді. Дәрігерлерде арнайы екпе бар, сол ем-домды қабылдау арқылы кез келген аурудан, соның ішінде құтырмадан аман қалуға кепілдік беріледі. Бұдан кейін де дәрігердің жіті қадағалауында болуы шарт. Адамдар құтырмаға қарсы екпе жасалғаннан кейін сақтану ережелерін ескере бермейді. Мәселен, екпенің өзі тоқсан күнге созылады. Екпеге немқұрайлы қарап, өз өмірлеріне қатер төндіретіндер де кездеседі. Немесе ащы судан ұрттап қойып, кері әсер берген жағдайлар да болған.
Қала тұрғындарының ішінде көптеген адамдар иесіз жүрген қаңғыбас иттер мен мысықтарды азықтандырып, үй маңына үйір етеді. Ауыл тұрғындары жабайы аңдарды аулап, терісін, етін пайдаланады. Көпшілік мұның қаншалықты қатерлі екенін ойламайды да, нақ бұл жануарлардың ішінде құтырма ауруына шалдыққандар болуы мүмкін.
Құтырма ауруының белгілері жануарларда әртүрлі сипатта болып келеді, ең негізгісі – жануарлардың мінезінің күрт өзгеруі. Олар жеуге жарамсыз заттардың бәрін жұта бастайды, астыңғы жақ сүйектері салбырап, ауызын жаба алмай, сілекейі шұбырып жүреді. Жануарлар алас ұрып, еш нәрседен қаймықпай тістеп, денеге ауыр жарақат түсіреді. Ауырған жануар болсын, адам болсын ақыры сал болып, соңы өліммен аяқталады. Құтырма адамнан адамға жұқпайды. Демек, қатер жануардан, соның ішінде иттен жұғады. Ит пен мысықтарда осы белгілер біліне бастаса, бірден ветеринарға көрсету керек. Ал егер құтырма ауруымен ауырған жануарлармен қатынаста болып, олар қауып алған жағдайда, емдік мекемеге қаралып, антирабикалық екпе жасатыңыздар, – деп ескертумен болды Хамит Жәмалиұлы.
Р.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өңірімізде ит пен мысықты ұстаудың арнайы ережесі қабылданбай, олардан келетін қауіп-қатерден құтылмаймыз. Бұл тұста арнайы шешім қабылдауда жайбасарлыққа салынудың жөні жоқ.

Керек дерек

2013 жылы облыста адамдарды ит қапқан 3785, мысық тістеген 703 факт тіркелді. Биылғы 1,5 айда қаңғыбас және үй жануарларының адам тістеген 369 оқиғасы тіркеліп отыр. Өткен жылы 43940 ит пен 1226 мысықтың көзі құртылды. Биылғы 1,5 айда 5487 ит пен 129 мысық ауланып, жойылды.

Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button