Біле жүріңіз

Бұйымдарды талғаммен тағыңыз

Қазір аруларымыз не киемін деп аса бас қатырмайды. Себебі таңдау көп. Ал талғам ше? Иә, үйден шықпай-ақ киім таңдайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Ол үшін бір ғана қоңырау жеткілікті. Сәнгерлердің шексіз қиялы сән әлемін жаңа деңгейге көтерді. Ендеше біз бүгін киім жайлы емес бұйым жайлы сөз қозғайық.

Бұйым – әйел адамдардың образын ашады. Сол себепті бұйымға таңдау жасағанда аса мұқият болған абзал. Қателестіңіз бе, еңбегіңіз еш кетті деген сөз. Ендеше сәнгерлер ұсынған ең алғашқы қағида:

Бәріне бірдей қол созбаңыз

Көздің жауын алатын бұйымдарды көргенде бәрін тағып алуға ұмтылмаңыз. Барлық бұйымды тағып алсаңыз, жаңажылдық шыршамен тең боласыз, яғни алқа мен сәнді түйреуішті қатар тағудың қажеті жоқ. Өйткені қай кезде болмасын минимализм тартымды көрінеді. Образды қарапайым әрі сүйкімді етеді.

Алқаны дұрыс таңдайық

Алқа таңдауда киімнің мойыны ашық болуы шарт емес. Егер кеуде тұсыңыз ашық болса, міндетті түрде алқа таққаныңыз абзал. Есте сақтайтын жайт, тек ұзын моншақтарды таңдамаңыз. Ұзын моншақтар көбіне иығы мен кеуде тұсы жабық киімдерге жарасады. Егер көйлегіңізде ою-өрнектер көп болса, композициясы қиын бұйым алмаңыз. Айтпақшы, көйлегіңіздің арқасы ашық болса, ұзын ақ маржан тағып қойсаңыз, әдемі көрінеді.

Білезік

Білезікті кез келген образға тақпаңыз. Бұл бұйым көбіне жеңі қысқа киімдерге келеді. Жеңі ұзын киімдерге де бұйым таңдауға болады, әрине. Бірақ білезік бұл жағдайда өте жіңішке болуы тиіс.

Қызыл, сары, жасыл?

Ең бастысы бұйымдағы тастар мен бұйымның түсіне мән беріңіз. Мәселен: Жазда алқызыл, көк, сұр, қою қызыл бұйымдарды алыңыз.

Күзде алтын түстер сәнде, немесе ағаштан жасалған бұйымдар да әдемі көрінеді.

Қыста көзге бірден түспейтін түстерді таңдағаныңыз дұрыс. Аса қанық түстегі бұйымдар бұл мезгілге жат.

Көктемге қара, қоңыр, жасыл, алқызыл түсті бұйымдарды алған дұрыс.

Бүгін біз сіздерге басты төрт қағиданы айттық. Сондықтан көп таңдауда, талғамыңызды көлеңке басып кетпесін.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button