Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болды
Бұл жолғы сайлауда жауапты тұлғалар өз миссияларын заң аясында орындады деп ойлаймын. Оған бақылаушы ретінде де куә болдым. Өзге бақылаушылар да сайлау этикасын, заңнамасын ұстануды талап ете білді. Бұл – сауатты қоғамның қалыптасып келе жатқандығының көрінісі. Дауыс беру барысында аса үлкен заңбұзушылықтар болған жоқ. Сондықтан сайлу заң аясында, бұрынғымен салыстырғанда демократиялық талаптарға сай өтті деуге болады. Биылғы сайлауда әр учаскедегі белгіленбеген бюллетеньдер көрсетіліп, бюллетеньге «қарсымын» деген пункт қосылды.
Сондай-ақ сайланған депутаттар қызметін атқара алмай жатқан жағдайда қызметтік билетін қайтарып алуға болатындығы да заңда көрсетілді. Бұл мемлекеттің бірінші байлығы саналатын халыққа беріліп жатқан мүмкіндігі, көрсетілген құрметі деп білген жөн. Сайлауға халық жаппай келмесе де, белсенділік көрсетіп, өз таңдауын жасады. Десе де келмегендер де бар. Сондықтан да халық өзгерістерді қалайтын болса, сайлауға қатысып, өз дауыстарын беруі керек. Өзі келмесе, дауысым ұрланды деп байбалам салудың қажеті шамалы. Әлеуметтік желіде немесе үйде отырып «аттандағаннан» еш өзгеріс болмайды. Өзгерісті осындай мүмкіндік беріліп тұрғанда жасап қалу керек. Бұл жолғы сайлау елдегі жүйенің демократияға бет бұрғанын, әркімнің таңдауы маңызды екенін көрсетті. Сондықтан бұдан кейінгі саяси науқандарға халық белсенді түрде қатысып, күш бірлікте екенін көрсетуі керек.
Берік Кәдірұлы,
«Бақыла» қоғамдық қозғалысының
Өскемен қаласы бойынша үйлестірушісі