Букмекерлік кеңселер келешегімізге қол сала бастады
Еліміздің қай қаласын араласаңыз да, қаптаған букмекерлік кеңселерден көзіңіз сүрінеді бұл күнде. Казинолар мен ойын автоматтарының ресми түрде «жаназасы шығарылғалы» бері мол табысқа жетудің төте жолы деп көпшілік жұрт осы бір кеңселерді кезіп кетті. Тәуекелдің қайығына мініп, қалтасындағы соңғы тиынын бәске тігіп жіберетіндердің қатарында қарапайым қазақ жастарының күн өткен сайын көбейе түсуі алаңдатады бізді.
Алаңдатпағанда ше? Букмекерлік кеңсеңіз барып тұрған қып-қызыл азарттың өзі екен. Көкейін құмардың құрты тескен талай жастың бар-жоғын бәске салып, тақырға отырғанын естіп, көргенде, жүрегіңіз ауырады. Бұл бер жағы ғой, оңай пайданың соңына түсіп қарызданып, қауғаланып, одан қалса, үйіндегі дүние-мүлкін саудаға салғандар қаншама?! Ал бәрінен айырылып, тығырыққа тірелген соң, өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барғандар-дың қасіреті, тіпті ауыр. Сөйте тұра, букмекерлік орталықтар мен тотализаторларды торуылдауды тоқтатпай келеміз.
Бәс тігудің құмар ойын сияқты адамға психологиялық әсері де бар көрінеді. Бірақ, ол ойынға емес, ұтыс қойғаннан кейін спорттық бәсекелерді тамашалау барысында адам бойын билеп алатын сезімге деген тәуелділік.
– Адамдардың арасында тәуелділікке душар болу ықтималдығы 70 пайызды құрайды. Олардың дені девианттық мінез-құлыққа ие, былайша айтқанда, эмоциялық-сезімталдығында кемшілігі бар тұлғалар. Ондайлар көбінесе жауапкершілікті сезінбейтін, мінезсіз, ұшқалақ болып келеді. Сонымен қатар, бәс тігуге жеке басының қаржылық мәселелері шешілмеген немесе қалтасы қалың, бірақ рухани жағынан жұтаң отбасылардан шыққан жастар көбірек бейім, – дейді психолог маман Гүлнұр Еңсебаева.
Психологтың айтуынша, ойынқұмарлық дерті нашақорлық пен ішімдікке әуестіктен де әлдеқайда қауіпті. Одан арылу әрекеті арзанға соқпайды, бір айлық оңалту курсында емделу үшін 1 мың АҚШ долларын төлеу қажет. Ал мұндай дерттен емделудің орташа мерзімі алты айға дейін созылады. Ең қиыны сол, ешбір емгер адамды ойынқұмарлықтан құлан таза айықтыруға кепілдік бере алмайды. Бәрі тәуелділікке түскен жанның ниетіне, ішкі күш-жігеріне байланысты.
– Құмар ойынның құлымын деп айтпаймын өзімді. Қалтаға тиын-тебен түскенде, айлық жалақымды алғанда келіп, ұтысқа ақша қойып тұрамын. Колың жүріп кетсе, қомақты қаржыға кенелесің, жүрмесе, ұтыласың дегендей. Бағыңа, сәттілікке байланысты бәрі. Кейде спортты жетік білуің, спортшылар туралы мәліметтермен молынан қарулануың да үлкен рөл ойнап кетеді, – дейді облыс орталығындағы «Олимп» букмекерлік кеңсесінің тұрақты клиенті Әсет (тегін айтқысы келмеді) есімді азамат.
Осы салада біраз жылдан бері еңбек ететін Артур Мухадиновтың айтуынша, букмекерлік кеңселердің қызмет тәртібі қарапайым. Кез кезген спорт түрінен жекелеген ойыншыларға немесе командаға алдын ала болжам жасап, белгілі бір мөлшерде, ең төменгі сома 500 теңгеден кем емес, бәс тігесіз. Егер бағыңыз жанса, қойылған ұтыс коэффициентіне байланысты иесіне еселеп қайтады. Мәселен, қарағандылық «Шахтер» футбол клубы мен грекиялық «ПАОК» арасында алдағы уақытта болатын Еуропа лигасының алғашқы кездесуіне «Олимп» кеңсесі мынадай болжам жасапты: П1 – «ПАОК» жеңісіне 1,4 коэффициент белгілесе, П2 – «Шахтердің» жеңісіне бақандай 8,75 берген. Ал кездесу тең нәтижемен аяқталады деген болжамға – 4,5 коэффициент белгілепті. Егер 1 мың теңгені «Шахтердің» жеңісіне қойып, сырт алаңда кеншілер командасы қарсыласын тізе бүктіріп кетсе, ол ақша 8 750 теңге көлемінде қайтарылады. Яғни, өсім бәс тігілген ұтыстың коэффициентіне көбейтіледі.
Сондай-ақ, әрбір букмекерлік орталықтың меншікті сайттары бар. Ол сайттарда спорт жаңалықтарымен қатар, тіркелген қонақтар үшін электронды бәс тігуге барлық мүмкіндік жасалған.
– Біздің қызмет еліміздің заңнамалары шеңберінен шықпайды, ешқандай қайшылық жоқ. Айталық, заң талаптарында көрсетілгендей, бәс тігушінің жасы міндетті түрде жеке куәлігі арқылы тексеріледі, егер ол 21-ге толмаса, кассир ұтысты қабылдамайды, – деп түсіндірді букмекер кеңсесінің қызметкері Артур Мухадинов.
Бүгінгі күні Өскеменде Зенит, Гол+Пас, Олимп, Профит сияқты бір-қатар букмекерлік кеңсе мен ұтыс қабылдау орындары жұмыс істейді. Ал бүкіл республика бойынша ағымдағы жылдың басында бұл салада қызмет істеуге 29 лицензия беріліпті.
Еліміздің ойын бизнесі туралы заңында көрсетілгендей, лицензия алуға өтініш білдірушінің иелігінде әрбір ойын мекемесі үшін ең кемі 20 мың АЕК (34 620 000 теңге) көлемінде міндетті қоры болуы керек. Бұл қаржы ұтыс иегерлеріне тиісті төлемдерді төлеу үшін жұмсалады.
Қазақстан букмекерлері және тотализаторлар қауымдастығының бағалауынша, еліміздегі бұл саланың жылдық қаржы айналымы 100-150 млн. долларды құрайды екен. Бизнестің тиімділігі букмекерлердің өз есебінше 5-7 пайыз. Яғни, барлық кеңселердің жылдық табысы 5-10 млн. доллардың төңірегінде. Ал осы кәсіптің құлағын ұстағандар үшін клубты немесе ұтыс қабылдау орнын ұстау үшін бір жылда орташа есеппен 10-20 мың доллар қаражат жұмсалады.
Букмекерлік орталықтардың тірлігі қас қарая қызады. Түнімен жұмыс істейтін бұл жерлерде келуші қонақтарға барынша жайлы жағдай жасалған. Шәй-пәйі, шылым шегетін орны, дәретханасы, керек десеңіз жұп-жұмсақ диваны, бәрі «әміріңізге құлдық» деп иіліп тұрады.
Біз кіргенде, кеңсе ішінде біраз адам бар екен. Күн сенбі болатын, сондықтан мұнда келушілердің қатары мол. Демалыс күндеріне қарай Еуропада футбол мерекесі қызады, сәйкесінше букмекерлердің қызметіне жүгінетіндер де еселене түседі. Әдейілеп келген соң, біз де бағымызды сынап көрейік деп, 2 мың теңгені бәске тіктік. Жанымызға жақындау, көзімізге таныс болған соң футболға қойдық. Ойын аяқталғанын күту үшін, тоқсан минөт бойы сол жерде отырдық. Жай отырмай, айналамызға бажайлап қарап, ыңғайы келсе, ойын бизнесінің тасын өрге домалатып жүргендермен тілдесіп қалу ойымызда бар.
Жас шамалары жиырма бес пен қырықтың арасындағы жігіттердің бәрі де қолдарына бір жапырақ қағаз ұстап, қабырғада ілінген үлкен экранға телміруде. Құдды бір дуаланған адамдай ес-түсінен айырылып, тікелей эфирде өтіп жатқан спорттық бәсекелерді экраннан бас алмай қадағалап, қағазға түртіп алып отыр. Енді бір тұстан «Қап!», «Әттеген-ай!» деген дауыстар жарқын-жарқын естіледі.
Ұтылып қалды білем, санын шапалағымен бір ұрып, бейәдептеу сөзді нығырлап айтып, орындықтан атып тұрған дәу қара жігіт қалтасын сипалап, шылымын тауып алды да, тысқа шығып кетті. Темекі тұтатқандардың бірнешеуі кеңсе алдындағы алаңқайда тұр. Бір байқағанымыз, іштегілер де, сырттағылар да бір-бірімен онша сөйлесе бермейді. Біздің әңгімеге тартқан әрекетімізге де ашыла қоймады. Сөздері қысқа, жауаптары нық. Бар ықыластары ойынға ауып кеткен.
Біз үшін тәуліктей созылған тоқсан минөт те бітті. Ұтылдық. Сөйтіп, айналдырған бір жарым сағатта 2 мың теңгені кеңсеге тастап кете бардық. Бұл ойынға құмарлығы оянбаған адамның салған ақшасы. Ал букмекерлік орталықтың тұрақты мүшесіне айналғандар ұтысқа 50 мың теңгеден кем байламайды екен. Оған көзіміз жетті. Талғат есімді студент жастың айтуынша, жақында ғана біреу теннис ойынына 600 мың теңге бәс тігіп, тақырға отырыпты. Ал тағы бір танысы 5 мың қойып, оны 150 мың теңге өсіммен қайтарып алыпты. Бәрі қолдың жүруіне, сәттілікке байланысты дейді ойынқұмарлар. Бірақ ойын бизнесі өкілдерінің есебінше, ұтысқа кенелушілерден ұтылатындардың үлесі басымырақ келеді. Букмекерлік орталықтар қызметінің өзі осыған бағытталса керек-ті. Себебі, жеңіске жетуші ұтылғандардың ақшасынан пайда табатыны белгілі. Букмекерлік кеңселер өз қалталарынан соқыр тиын да шығармайтыны белгілі.
Құмар ойын түрлері мен өсіммен пайда табу шариғатта да харам етілген. Жеңіл табыс, құмар ойынның бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен, шариғатта қатаң тыйым салынған. Себебі ол адамды жалқаулыққа, маңдай терін төкпей, оңай табысқа кенелуге үйретеді. Мұндай кәсіп жеке тұлғаға, қоғамға зияндарын келтіріп қоймай, тіпті отбасының шырқын бұзуға да жеткізеді. Мұсылман адам мұндай жолдармен емес, өзінің маңдай тері, адал кәсібімен ғана ас ішіп, өмір сүргені абзал.
– Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуды және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?!», деген. Сондықтан, мұсылман мұндай қатерлі де зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауы тиіс, – дейді дін қызметкері Сансызбай Құрбанұлы.
Букмекерлік қызмет мәселесі кейінгі кезде Парламентте жиі көтеріліп, қызу талқыға салынып жүр. Алайда, әлі де болса түйіннің шешілетін түрі жоқ. Ал кеңсе жағалап жүрген жастардың қатары күн санап артып келеді. Бас офистері Ресейде орналасқан біздегі кеңселердің дені ұтыс қабылдау орындарын қаладағы жастар көп шоғырланған (жоғары оқу орындарының маңы) аудандарға, орталық көшелердің бойына жайғастыруда. Мәселен, Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылының, Қабанбай батыр, Қазақстан, Орджоникидзе, Киров, Крылов көшелерінің бойында, студенттер қалашығында қаптаған кеңселерден көз сүрінеді. Бұлардың тірлігі білімге, өнер мен еңбекке енді ұмтылған жастарды теріс жолға шақырып, оңай олжаға кенелуге, құлқынға құл болуға насихаттап, келешегімізге қол салып тұрғандай сезілді бізге.