Бүгінгі таңдау, ертеңімізді анықтайтын маңызды фактор – металлург
Өскемендік металлургтер әулетінің өкілі Азамат Баянғазин бүгін ел болашағының жарқын болуын қалайтын азамат ретінде өмірдегі ең маңызды таңдауын жасап қайтты.
– Өз учаскеме келіп Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер референдумына қатысуды азаматтық борышым деп санаймын, – дейді өскемендік металлург Азамат Баянғазин. – Бұл күн ел болашағының ертеңіне бей-жай қарай алмайтын адамдарың өмірлеріндегі ең маңызды таңдау жасайтын күні деп білемін. Өз басым осы Өскемен қаласына келгеніме 36 жылдың жүзі болды. Отан алдындағы әскери борышымды өтеген соң бірден Титан-магний комбинатына жұмысқа тұрып, сол жерде осы күнге дейін еңбек етудемін. Еңбегіміз еленіп, бірінші және екінші дәрежелі «Үздік металлург» медалін иеленгенмін.
Осылайша, көп жылғы еңбегі еленіп, үздік металлургтер қатарынан ойып тұрып орын алған Азамат Баянғазин облыс орталығындағы металлургтер әулетінің өкілі. Бүгінде бұл отбасының бір емес бірнеше буыны металлургия саласында ел болашағы үшін тынбай еңбек етуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Конституциясына өзгерістер енгізу бастамасын бүкіл ел болып қолдап жатқанын көзіміз көрді. Бүгін біз дауыс беруге отбасымызбен келдік. Дауыс беру учаскесінде барлығы өте жақсы ұйымдастырылып, келген адам еш қиындықсыз өз таңдауын жасауға бар жағдай ұйымдастырылған. Бүгінгі референдумға келіп, өз таңдауын жасағын әр қазақстандықтың қадамы құтты болып, жаңа Қазақстанды құрудағы өстері оң болсын! Ел іргесі тыныш болып, ертеңіміз жарқын болсын! – деп қосты Азамат Баянғазин.