Бірыңғай мектеп формасының бағасы қолжетімді ме?
Сыңғырлаған қоңырау үні естілер күн де алыс емес. Балаларын кезекті оқу жылына әзірлеу үшін дүкен-базарларды шарлаған ата-аналардың қарасы көбейді. «Бар жақсылық – балаға» дейтін кез келген ата-ана баласының мектепте мұнтаздай таза болып, жарқырап жүргенін қалайды. Былтырғы мектеп формасы әлі дәл болса да, елден қалмай су жаңасын әпереді. Ал сауда орындарындағы мектеп формаларының алуан түрінен көз сүрінеді.
Түркия, Ресей, Бішкекте өндірілген мектеп формаларының бағасы сапасына қарай әртүрлі әрине. Саудасы қызып тұрған кәсіпкерлер мектеп тауарларының бағасын былтырғыға қарағанда екі еселетіп қойған. Былтырғы 2500-3000 теңгелік ақ жейделер мен шалбарлардың биылғы ең төменгі бағасы 4500-5000 теңгеден саудаланса, 3500 болған мектеп сөмкелері биыл 7500 теңге тұрады. Қалтасы көтеретіндер мектеп формасын брендты бутиктерден де алады. Бастысы, мектеп формасына қойылатын талап біреу.
Үстіміздегі жылдың 14-қаңтарында Білім министрінің міндетті мектеп формасы туралы бұйрығы шыққаны белгілі. Бұйрыққа сәйкес, мектеп формасының қандай болатынын ата-аналар комитеті шешеді. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында әр мектепте мектеп формасына қойылатын талаптар жайында ата-аналармен жиындар өткізілуі тиіс болатын. Осы орайда облыстық білім басқармасы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітуде туындаған проблемаларды анықтау үшін 87712028525 ватсап номерінде «шұғыл желі» жұмысын ұйымдастырған. Басқарма басшысының ресми блогы, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ, ватсап желісі арқылы 12 сауал мен 33 ұсыныс түскен. Осылайша ата-аналардың мектеп формасы туралы пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік берілген. Сала басшысына келіп түскен шағымдардың басым бөлігінде ата-аналар мектеп жиналысында бірыңғай форма талаптары талқыланбай-ақ, жаңа формаға шұғыл түрде ақша жинау керектігін айтқан. Барлық шағымдар мен талап-тілектерді талқыға салу үшін білім басқармасының басшысы Айжан Садықова шағым түскен мектеп директорларының, қалалық және аудандық білім бөлімдері басшыларының, ата-аналар комитеттерінің қатысуымен арнайы жиын өткізген-ді. Осы жиында Айжан Ерханқызы мектеп директорларына: – Мектеп формасының талаптарын ата-аналар бекітуі тиіс. Сіздерге ешқандай жабдықтаушыны, мердігерді іздеудің қажеті жоқ. Бұл сіздердің міндеттеріңізге жатпайды, – деп нақтылап айтқан болатын. – Ата-аналар мектеп формасын тіктіре ме, сатып ала ма, өздері шешеді. Бастысы, бекітілген талаптарға сай болса болғаны. Мектеп әкімшілігі форманы белгілі бір сауда орнынан немесе нақты бір өндірушіден сатып алуға міндеттемеуі тиіс. Мектеп iшiнде тауар сатуға қатаң тыйым салынған.
Білім басқармасы немесе білім бөлімдері мектеп формасын отандық өндірушілерден алуға ұсыныс айта алады. Оны да мата сапасына қарай ата-аналардың өздері шешеді. Білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдердің мектеп формасына ақша жинауына жол берілмейді. Ата-аналар комитеті «Мектепке – жол» қайырымдылық акциясы аясында мектеп қоры есебінен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін мектеп формасымен қамтамасыз ете алады. Оқушылардың формасы сыймай қалмаса, жыртылмаса, биыл да киюге жарайды. Оларды ешкім мәжбүрлемейді.
Матасы – сапалы, бағасы – қолжетімді
Әрине, мектеп формасын сатушылар мен өндірушілер аз емес. Оларға да қойылатын арнайы талаптар бар. Мектеп формасы бала денсаулығына зиянсыз матадан тігілуі тиіс, ал бағасы 20 мың теңгеден аспауы керек.
Киімдерді модельдеуде инновациялық технологияларды пайдаланып жүрген Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжінің шеберлері мен студенттері биылдан бастап мектеп формаларын тіге бастады. Аталмыш оқу орнында тігіліп жатқан формалардың бағасы да қолжетімді.
– Делдалсыз сатылатындықтан, форма жиынтығының құны 10 мың теңгеден аспайды.
Мұндағы 70 болашақ тігіншілер оқуларын тәжірибемен ұштастырып, алғашқы жалақыларын тауып жүр. Әрине киімдердің сапасын тәжірибелі мамандар бақылайды. Тәжірибелі тігіншілеріміз бастауыш сыныптан бастап жоғары сынып оқушыларының формаларын да тігеді. 5-10 мектепті бірыңғай формамен қамтамасыз етуге шамамыз келеді,-дейді колледж директорының орынбасары Галина Харьковская.
Мамыр, маусым айларында Өскемендегі «Жастар» саябағында, драма театрында оқушы ұл-қыздарға арналған мектеп формаларының көрмесі өтіп, жейделер мен шалбарлар, белдемшелер мен пиджак, галстуктердің 10-нан астам түрі келушілер назарына ұсынылды. Алғашқы тұтынушылар да осы көрмеден табыла кетті. Солардың бірі, қала тұрғыны Жұлдыз Акпарова:- Ата-ана ретінде әрине киімнің матасына, тігілу сапасына қараймыз. Базарлар мен дүкендерде самсап тұрған киімдердің барлығы бірдей бала денсаулығына зиянсыз емес. Ауа өткізбей терлететін, керісінше суық тартатын арзанқол материалдар да кездесіп жатады. Ал мына көрмедегі формалар көңілімнен шықты. Матасы да, тігісі де дүкендердегі дайын формалардан ешбір кем емес, бағасы да арзан екен.
Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің басшысы Батырхан Құсмановтың айтуынша, бүгінде колледж «ISNAR» жеке кәсіпкерлігімен бірлесіп жұмыс істеуде. Аталған жеке кәсіпкер тігіншілерді сапалы материалдармен қамтамасыз етеді. Жазда өткен көрмелер барысында бірқатар тапсырыстар түскен. Қазіргі уақытта Риддер, Ахмер мектептері, қаладағы бірқатар мектептердің тапсырысы келісілген мерзімде орындалып, ата-аналарға тапсырылған. Тігу бағасы, яғни тапсырыстың жұмысы киім үлгісіне байланысты 5500-8500 теңге аралығында. Қосымша мата құны қосылатындықтан дайын форманың бағасы жеке кәсіпкерлік пен ата-аналар комитетінің келісімімен шешіледі. Бірақ сауда орындарындағыдан әлдеқайда арзанға шығатын көрінеді. Тапсырыстар негізінен бастауыш сыныптардан түскен.
Бүгінге күнге дейін 172 жиынтық (шалбар, кеудеше, жейде, пиджак, белдемше, галстук) тігілді. Енді 500 белдемше тігіледі. – Әрине, өңіріміздегі бүкіл мектепті қамту мүмкін емес. Жуықта ғана Самар мектебінен 44 формаға тапсырыс түсті. Сондықтан сұраныс болып жатса, жыл бойы тапсырыс қабылдай береміз,-дейді колледж басшысы.
Оқушылары ғана емес, ұстаздары да біркелкі киінеді
Өңіріміздегі бірыңғай мектеп формасын енгізген бірден-бір оқу орны – Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейі. Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Таңатқан Түменбаев басшылық ететін бұл білім ордасы біркелкі мектеп формасын бекіткелі 17 жылдың жүзі болды. – Естеріңізде болса, бірыңғай мектеп формасы болмағандықтан, 1998 жылдары халық базардан қолға тигенін алды. Байдың балалары «ерекше» киініп, өздерін жоғары санай бастады. Қарапайым отбасының балалары қолға тигенін киді. Балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті байқаған ата-аналар осы мәселені бірінші болып өздері қозғады, – дейді лицей басшысы. – Форма-біріншіден тәртіп, тәрбие, жауапкершілік. «Еркін форма» киетін кейбір жекеменшік мектептердің жағдайын көріп жүрміз. Мойнына алтын тағып, жылтыраған пиджак, аяғына кроссовка, жабыстырып «сигарет» шалбар немесе тізеден жоғары қысқа белдемше киіп жүрген оқушылар да бар. Тәртіпсіздік болған жерде сапа да, білім де болмайды.
Сөйтіп, ата-аналармен бірауыздан келісіп, 1999 жылдан бастап классикалық үлгідегі мектеп формасын киетін болып шешкен. Бүгінде лицейде тәлім-тәрбие алып жүрген ер балалардың формасы – ақ жейде, қара костюм-шалбар, көк галстук, лицей төсбелгісі, ал қыз балалар – ақ жейде, тізесін жауып тұратын түзу қара белдемше мен пиджак, ақ бантик, көк галстук пен лицей төсбелгісін тағады. Әп-әдемі, жып-жинақы. Галстук – мемлекеттік ту түстес. Бұл түс отансүйгіштікке тәрбиелеп, белгілі бір дәрежеде оқушыларға жауапкершілік жүктейді. «Ақ бантик, аппақ жейде – кіршіксіз ақ ниет, тазалық, ашық пікір-көзқарас, ананың ақ сүтін ақтау» деп тәрбиелейді екен лицейде. «Кезінде пионер, комсомол болдық. Енді ел болып, тәуелсіздік алғанда неге өз төсбелгімізді шығармасқа?» деген оқу ордасының басшылығы өз төсбелгісін шығарады. «Оралхан Бөкей атындағы мектеп-лицей» деп айналдыра жазылып, асқақ жазушының суреті бейнеленген төсбелгіде Мұзтау салынған. Бұл – Отанымыздың туын желбіретер шәкірттеріміз тек биіктен көрінсе деген тілектен туындаса керек. Төсбелгінің үлкенін оқушылар, кішілеу үлгісін ұстаздар тағады.
Ұстаздар демекші, аталмыш лицей ұстаздарына қойылатын талап та қатаң. Білім ордасының жарғысына сай, 5 жылдан бері ұстаздар қауымы да бірыңғай формаға көшкен. Салтанатты мереке күндері ақ жейде мен қара белдемше, қара костюм, ал жай күндері көк белдемше, көк костюм киіп, лицей төсбелгісін тағып жүреді. Бұл турасында лицей басшысы: – Мұғалім-білім беретін машина емес. Ол киімімен, тәрбиесімен, сөйлеу мәнерімен, жүріс-тұрысымен балаға тәлім-тәрбие беретін адам. Ұстаздар үшін бірыңғай форма қаражат жағынан да өте тиімді әрі үнемді. Оқушыларымыз денешынықтыру пәнінде де тек ақ футболка мен біркелкі қара трико киеді, – дейді. Сондай-ақ, Зырян аудандық білім бөлімінің басшысы Аркадий Исаевтың айтуынша, Зыряндағы №1 бастауыш мектепте бірыңғай үлгідегі ұстаздар киімі қабылданып қойды.
Жалындаған жастарымыз жылтыраған киімімен ғана емес, өнер-білімімен ерекшеленіп, ақыл-өресімен бәсекеге түсетін ұрпақ болып өссе игі.
Керек дерек
Өңірімізде 667 мектеп бар. Онда 183 мың оқушы білім алады. 22 981 бүлдіршін биыл мектеп табалдырығын аттайды. Білім ордаларының 95 пайызы бірыңғай мектеп формасын енгізген. Қалған 5 пайызы біркелкі форма болмаса да, классикалық үлгіде киінеді.
Айжанат Бақытқызы