Саясат

Бірлескен бағдарламаның берері мол

Кеше Біріккен Ұлттар Ұйымының «Аймақтық жоспарлауға инновациялық тәсілдерді енгізу және халыққа әлеуметтік қызметтерді көрсету арқылы аймақтың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату (Семей өңірін нақты мысалға ала отырып)» атты бірлескен бағдарламасын басқару жөніндегі комитеттің мәжілісі болып өтті. Мәжіліске облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ және БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ-ның Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Стивен Тулл төрағалық етті.

Бірлескен бағдарламаның берері молСондай-ақ, мәжілістің жұмысына БҰҰ-ның Қазақстандағы балалар қорының өкілі Джон Кукита, БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласы қорының директоры Николай Ботев, БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласы қоры кеңсесінің атқарушы өкілі Александр Косухин, еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары Санат Тұңғышбеков және облыстық басқармалардың басшылары, негізгі орындаушы-серіктестіктердің өкілдері қатысты.

Аталған бағдарлама халықтың өмір сапасын арттыруға және облыстың, соның ішінде бұрынғы Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың зардабын шеккен аудандардың жағдайын прогресті жақсартуды көздейді. Оның халықтың әлжуаз топтарының құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау үшін жергілікті деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар аясында мемлекеттік ресурстарды пайдалану мен жоспарлаудың тиімділігін жоғарылату, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша әлеуетін және жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, әлжуаз топтардың (әйелдер мен балаларды қосқанда) сапалы әлеуметтік және экономикалық қызметтерге қол жеткізуін жақсарту, сонымен қатар, әл-ауқат, денсаулық және бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қатысты мәселелер бойынша халыққа мейлінше сапалы ақпараттар беру сынды бағыттары қарастырылған.

Облыс басшысының төрағалығымен комитеттің мәжілісінде бағдарламаның бірінші жартыжылдықтағы қорытынды нәтижелері және үстіміздегі жылдың екінші жартысына арналған жұмыс жоспарлары кеңінен талқыға салынды. Бұл жөнінде жиналғандар алдында БҰҰ-ның Шығыс Қазақстан облысындағы бірлескен бағдарламасының үйлестірушісі Бекзат Рахимов баяндады. Оның баяндамасында келтірілген мәліметтерге сүйенер болсақ, биыл бағдарламаға бөлінген жалпы бюджеттің көлемі 4 065 232 АҚШ долларын құрайды.

Жыл басынан «Ауданды дамыту бюджеті» жобасы негізіндегі жұмыстар екі жаңа қанатқақты аумақтар – Абай және Жарма аудандарында басталған. 2011 жылы мақұлданған алты жоба Бородулиха ауданында және Семей қаласының ауылдық округтерінде бүгінде аяқталу сатысында. Жиыны үш мыңға жуық жергілікті тұрғынды қамтыған 28 жиналыс өткізіліп, елмен бірге қажетті жобалар талқылауға ұсынылған. 31 ауылдық әкім, 25 аудандық мәслихаттың депутаты және 169 бастамашыл топтардың мүшелері өзін-өзі басқару, аймақтық жоспарлау, бюджеттеу, аймақтық даму бағдарламаларын бағалау және сараптау мәселелері бойынша тренингтерде арнайы оқудан өткен.

Сонымен бірге әлеуметтік және экономикалық қызметтерге қолы жете бермейтін топтарға қолжетімділікті жақсарту үшін Өскемен, Семей, Курчатов қалаларында, өңірдің бірқатар аудандарында оңды шаруалар атқарылған. Бұл ретте алдымен балаларды қорғауда, ана мен бала денсаулығын жақсарту жүйесінде атқарылған жұмыстар тізбегін көрсетуге болады.

Бағдарлама аясында шеттен келген қандастарымызға қолдау білдіру жағы да оңды қарастырылған екен. Мәселен, 400-ден аса қандасымыз орыс тілін білуден, компьютерді үйренуден сауаттылықтарын ашса, құқықтық мәселелер бойынша ұлттық волонтерлер 1500-ден аса кеңестер беріпті. Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында оралман ағайындарды қолдау орталығының өкілдігі ашылған.

Баяндамашының келтірген ақпараттарын толықтай тыңдаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бағдарламаға биылғы жылға бөлінген қаржы тым қомақты екендігін, алайда, оның жүзеге асырылуынан тиісті жұмыстар көлемін көре алмай отырғандығын жасырмады.

– Біздің аймақ – ірі индустриялды-инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатқан іргелі де үлкен облыс. Сондықтан өңірде қолға алынған жобалардың жасандылыққа бой алдырмағаны біз үшін аса маңызды. Әзірге бөлінген ақшаның ауқымына орай, тұщымды ірі шаруаларды байқай алмай отырмын. Ондай қаржыға өңірде үлкен шаруалар атқаруға болады. Баяндамада айтылғандар негізінен жүргізілген зерттеулермен, өткізілген тренингтермен, семинарлармен, алынған құрал-жабдықтармен шектеледі. Сондықтан екінші жартыжылдықтың жоспарын бекіту барысында осы айтылғандардың басты назарға алынғанын, облыста жасалған шаруалар тиімді де нәтижелі болуын қалаймын, – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ бағдарлама жоспарын бекіту барысында Еуропа, Азия елдерінің жақсы бастамаларымен танысып, іске жарату да артық болмайтындығын атап көрсетті. Сондай-ақ, облыста бағдарламаның іске асырылуына тиісті қолдау бола беретіндігін жеткізді.

Мұнан соң күн тәртібіндегі мәселелерге орай БҰҰ-ның Қазақстандағы балалар қорының өкілі Джон Кукита, Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары Санат Тұңғышбеков өз ой-пікірлерін білдірсе, бағдарлама бойынша ауданда атқарылып жатқан шаруалар жайында Бесқарағай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов ақпарат берді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button