Саясат

Бірлесе атқарған іс алға басады

Бірлесе атқарған іс алға басады

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ есебі тыңдалды.
Қоғамдық кеңес Шығыс Қазақстанда он жыл жұмыс істеп келеді. Жуырда ол «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» жаңа заңға сәйкес қайта құрылған болатын. Жаңартылған кеңес мол тәжірибе жинақтай отырып, іске кірісті. Аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтып, сонымен бірге, осы жылға арналған мақсаттарды белгіледі. Өткен жылдың айтарлықтай жетістіктері ретінде тұрғындардан сүт жинаудың ұйымдастырылуын, білім беру саласындағы мәселелердің зерделенуін, Өскемен мен Риддер арасындағы жолдың жөнделуін, сондай-ақ, әртүрлі себептермен уақытында пайдалануға берілмеген жүздеген «сақалды» құрылыстар нысандарының аяқталуын атауға болады. Даниал АХМЕТОВ бюджеттің оңтайландырылуына қарамастан экономиканың өсім қарқыны алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары болғанын атап көрсетті. Бұл бизнестің белсенділік танытуы арқасында мүмкін болған. Ағымдағы жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының қаржыларын тарту арқылы азаматтарды баспанамен қамту жалғасады.
– Шығыс Қазақстанның 60 мыңнан астам тұрғыны – осы банктің салымшысы. Биылдың өзінде-ақ Өскеменнен баспана алуға дайын азаматтардың есебінде 36 миллиард теңге қаржы бар. Сонымен қатар, Семейден үй алғысы келетін салымшылар да жетерлік. Қазір өңірмізде банк есебінен 120 мың шаршы метр үй салынып жатыр. Бұл пәтерлерді баспанаға мұқтаж жандар сатып алады, ал қайтарылған ақшаға жаңа үйлер салынады. Осылайша, револьверлік тәсілмен бюджеттің толықтырылуы жүргізілетін болады, ал біз азаматтарды пәтермен қамтимыз, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Облыс әкімі үстіміздегі жылы атқарылатын келешегі зор бағыттар мен міндеттерді белгілеп берді. Облыс басшысының мұрындық болуымен өңір ұстаздарын жаппай оқыту қаржыландырылады. Шығыс Қазақстанға ағылшын тілі мұғалімдерінің білім деңгейін көтеру мақсатында шетелдік мамандар келеді. Қазақ тілі педагогтарының біліктіліктерін арттыруға бүкіл еліміздегі үздік оқытушылар тартылады. Бұл жұмыс мектеп оқушыларына тіл үйретудің сапасына оң ықпал етуі тиіс. Облыс тұрғындары айтарлықтай өзгерістерді аймақ жолдарынан да аңғаруы қажет, бұл Өскемен – Сібе көлдері, Аягөз – Ақсуат тасжолдарын, сонымен қатар, Осинов асуындағы және Зырян қаласы бағытындағы өзге де учаскелердегі жолдарды жөндеудің арқасында мүмкін болмақ.
– Ауыр кезеңге қарамастан облыстағы барлық экономикалық көрсеткіштерді сақтап қалуға қол жеткіздік. Сонымен бірге, тұрғындарды әлеуметтік қамтамасыз ету саласына да жіті көңіл бөлінетін болады. Тұрғын үй құрылысының қарқыны сақталады. Агроөндірістік кешенді және өзге де салаларды өркендету үшін шетелдік инвесторларды тарту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілмек, – деп қорытындылады кездесуді облыстық мәслихаттың хатшысы, Қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк.
Кеңес мүшелері өз кезегінде биліктің барлық органдары мен қоғамдық құрылымдар бірлесе жұмыс атқарғанда ғана алға қойылған міндеттерді іске асыруға болатынын атап өтті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button