Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

Үржар ауданында өткен «Қансонар-2016» деп аталатын бүркітшілердің Х-шы республикалық чемпионаты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Тұңғыш рет Шығыста, оның ішінде Үржар ауданында өтіп отырған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен осы ұлттық спорт түрін өркендетуге атсалысып жүрген азаматтардың бірқатары келді.

Біздің облыста қанша қыран бар?

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

Баба қазақ тарихында құсбегілік өнер бұдан үш мың жыл бұрын пайда болған-мыс. Орта ғасырлардағы италиялық саяхатшы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 ақсұңқары мен басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге арнайы 10 мың құсбегі ұстағанын жазады. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да өз сарайларында арнайы құсбегілер ұстапты. Бәзбір тарихи деректерде Жошы ханның 3 мың бүркітші ұстағаны туралы жазылады. Бұл – аңыз. Ал ақиқатқа біртабандап жақындасақ, Үржар ауданында өткен бүркітшілер сайысы бұл әфсананың жылдар өткеннен соң шындыққа айнала бастайтынының нақты айғағындай.

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен шараға қыстың көзі қырауға қарамастан Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Астана қаласынан келген 31 бүркіт пен 4 қаршығаны баптап салушылар Мақаншының іргесіндегі Жайтөбе бауырында екі күн бойы сайысты. Бірден айту керек, шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген – жерлесіміз, Көкөзек орта мектебі денешынықтыру пәнінің мұғалімі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының мүшесі Тәттімбет Кәпұлы. Үржарлық бүркітшілердің бауашарына қатысушыларды қауымдастықтың бірінші вице-президенті Е.Оспанов, Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық спорт пен саятшылықтан бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин құттықтап, Шығыста тұңғыш өтіп отырған аталмыш ұлттық спорт сайысының маңыздылығына тоқталды.

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

-Бүгінде елімізде ұзақ жылдардан бері кенже қалып келе жатқан көптеген ұлттық спорт түрлері кеңінен дамып келеді. Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болып Тәуелсіздігіміз жарияланғандығының арқасында ұлттық ойындарымыз бен өнеріміз қайта жаңғыру үстінде. Бүгінгі бүркітшілер мерекесі Шығыс өңірінде, Абай елінде, Тарбағатайдың күнгейінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бабалар мұрасын жоғары деңгейде өткізуге Үржар ауданының құсбегілері де үлкен үлес қосуда. Жалпы, келешекте де құсбегілік, бүркітшілік өнерді өрістете түсу мақсатында бұл дәстүрді өңірімізде жалғастыруды көздеп отырмыз,- деді аудан әкімі.
Базарбек Күнтуғанұлының айтуынша, өткен жылы Шығыс Қазақстанда небәрі бір-ақ қыран бүркіт болса, биыл оның саны 5-еуге жеткен. Мұның өзі ат спорты мен осы саланы қатар алып келе жатқан Тәттімбет бауырымыздың еңбегінің жемісі.

Қаршығасын кептерге салғандар да болды

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

Саятшылардың сайысы басталмас бұрын, алдымен бүркітшілердің киімі, ат әбзелдері мұқият тексерілді. Сондай-ақ, қонышы тізеден асқан саптама етік, ықшам да қысқа тон, қалың тері шалбар, бүркітшінің арнайы биялайы, шырға балдақ пен құстың томағасы, өткір сапы мен қыранға қажетті жемсауыт секілді кәнігі құсбегінің құрал-жабдықтары назарға алынды. Тіпті, қазылар тарапынан бүркіттің тұла бойы тұрпаты мен бүркітшінің үстіне киген киімі де бағаланды. Олардың үстіне киген киімдері кәдімгі салтымызға сай ұлттық нақышта тігіліп, ою-өрнектермен безендірілуі тиіс болды. Сәлден соң жазық алаңқайда жота басынан томағасы сыпырылған құсты қолға шақырып қондыру, еркін ұшу, шырға тарту секілді амалдар барысында қанат қаққан қыран құстардың баптары сыналып, бағаланды. Ал салбурында қасқыр ішік, тері тон, түлкі тымақ, сеңсең бөрік киген бүркітшілер бабы мен бағы келіскен қырандарын қоян, түлкіге қарсы томағасын сыпырса, Оңтүстік Қазақстаннан келген Аршабай Дәурен бауырымыз қиялай ұшқан көк кептерге «Сары жебе» атты қаршығасын жіберіп байқады. Қанды шеңгелін қарыстырып, олжасының омыртқасын опырған қайратты қыран мен дәл иек астында дірдек қаққан аңынан айырылып, дөйдала далпылдап ұшқан бапсыз бүркіттің бейдауа әрекетіне куә болды салбурынға жиылған жұрт.

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

Жалпы, жерлестеріміз Тәттімбет Кәпұлының «Қаншеңгелі», Нұғын Қайдарұлының «Мұзбалағы», Амангелді Жетпісұлының «Ақиығы», Серікбек Күнтуғанның «Тұйғыны», Арманбек Күнтуғанның «Ақбалағы», тараздық Бабажан Бақдәулеттің «Қанжары», ақтөбелік Ақберен Құрманғалиевтың «Ақеділі» бабы мен бағы ұштасса, жақында Алматыда өтетін қырандар сайысында жасындай жарқылдайтынына жұрт кәміл сенді. Дегенмен, томағасы сыпырылған ақиық қырандардың түз тағысы – қасқырға түсіп, қайрат қыла алмаса да, қырдың қызыл түлкісі мен көк қоянды баудай түсіргендері рас.
– Жалпы, құсбегілер қыран құсты тор құрып ұстайды немесе қарақанат балапан кезінде ұядан алады. Сосын балапанның аяғына балақбау мен шыжым тағып, жан-жағына алаңдап мазасы кетпеу үшін басына томаға кигізіп көздерін жабады. Құсты алдымен шыжыммен ұшырып, қайыруы жеткен соң, семіртіп, жақсылап түлетеді. Бұдан кейін құсты ақжеммен асырап, бос керілген арқанға қонақтатып, ұйқысын алып арытады. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келгенде, аңға салады. Мына менің «Ақзар» деген құсымды дәл осылай Павлодар облысының Баянауыл тауынан ұстап, қолға үйреттім,-дейді Ақсу ауданынан келген бүркітші Бекболат Ысқақов.

Жүлде қорын кәсіпкер қандастарымыз көтеріп алды

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

Шынын айту керек, дәстүрімізді даттап, салтымызға салқын қараған дәуірде қыран баптап, құс салу өнері біртіндеп ұмытыла бастаған. Бұл өнер қиыр шеттегі Моңғолия мен Қытай елінен келген қандастарымыздың арқасында бүгінде қайта жанданып келеді. Жанданғаны емей немене, бәйгеге тігілген 800 мың теңге жүлде қорын Қытайдан келіп кәсібін бастап жатқан қандастарымыздың өздері-ақ көтеріп алды. Бірінші орынға тігілген 400 мың теңгені Алматы облысының құсбегісі Әнуар Тоқтасыновтың «Ақбалақ» атты қыраны әкетті. Екінші орынға тиесілі 250 мың теңге павлодарлық Бекболат Ысқақовтың «Ақзар» деп аталатын қыранына бұйырса, үшінші орынға тігілген 150 мың теңгеге атыраулық Арман Қошқаровтың «ақиығы» лайық деп танылды.
Бірінші орын жүлдесін тігіп отырған қандасымыз Қажай Тұрсынғазының тегі дөрбіжіндік болғанымен, былтырғы жылдан бері Алматы қаласында тұрады. Өзі де ат баптап, сәйгүлік жаратып, бәйгенің алдын бермей жүрген ұлтжанды азамат. Ал екінші орынға 250 мың теңге қойып отырған Қытай елінен келген үржарлық тағы бір қандасымыз Ғалым Самғат болса, үшінші орынның бәйгесі – 150 мың теңгені ҚХР азаматы Серік Дүйсенбек өз қалтасынан шығарды.

Тәттімбет Кәпұлы, бүркітші, Үржар ауданы:

Бүркітшілер Барқытбелдің баурайында бас қосты

– Алтай аймағы ежелден құсбегі, бүркітшілер мен аңшылардың мекені десек, менің әкем белгілі ақын Кәп Құмарұлы да салбурын салудың нағыз сахнасы – Бай-өлкеде сәйгүлік баптап, қолы боста сайын далада саятшылық қылған жан еді. Бүгінгі құсбегілікті қолдай көріп, қыран құсты қадірлеуіміздің түп төркіні осы тәрбиеден бастау алатыны шын. Шараны ұйымдастырудағы негізгі ойдың өзі жас ұрпаққа бабалардан қалған асыл мұрамызды таныстыру болатын. Діттеген ойымыз жүзеге асып жатса, асыл мақсаттың орындалуына жол ашылғаны.

Осыдан бір ғасыр бұрын құсбегілік өнерді алғаш зерттеген қазақтың біртуар ұлы академик Әлкей Марғұлан бұл ұлы мәдениетіміздің зерттелмей келе жатқан тарауларының бірі екендігі жайында айтқан болатын. Ұлы ғалымның өкінішін ескерген бүгінгі буынның бұл қадамы құптарлық Һәм қуанарлық іс болғаны рас.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.