Біреу баласынан безіп, біреу бір перзентке зар болып жүр
Бұл 90-шы жылдардың басы еді. Қысқы сессия бітіп, елге екі апталық демалысқа келіп жатқанымызда, біз танитын бір қыздың перзентханаға сәбиін тастап кеткені туралы гу-гу әңгіме шықты. Жағаны ұстатқан суық сөздің жалған еместігін жақсы білгеніммен, ол қызды кездестіре алмай кеттім. Кездескен күннің өзінде ашық күнде адасқан оған ақыл қосып, сәбиін қайтарып алуына себепші бола алар ма едім? Сөйтіп жылдар алға жылжи берді. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті зымырап.
Жиырма жылдан бері санамда жүрген жалғыз ой – сол бейтаныс құрбымның балпанақтай баласы қазір қайда, қай жақта, қайтіп жүр екен? Дұрыс отбасында өсіп жатса не керегі бар. Мұндай жағдайда «мынау менің балам болатын» дегеннің өзін айту ақылға сыйымсыз. Жағдайы жоқ болып, қарны ашып жүрсе немесе шетелде жүрсе ше? Бүгінде іскерлігімен бүтін бір отбасын асырап, балаларын тәрбиелеп, қатарының алды болып тұрмыс кешіп жатқан ол жанға «Сол баланың амандығын, тым болмаса жағдайын біл» деп айтқым келеді кеш те болса.
Былтыр қанша бала шетелге кетті?
Мынау өмірде перзентханаға тастап кеткен сәбиін бірнеше жыл өткен соң тауып алып жатқандар жайындағы деректер аз емес қой. Облыстық білім беру басқармасы қорғаншылық, қамқоршылық және интернат ұйымдары бөлімінің басшысы Динара Шаухина мұндай қуанышты оқиғалардың біздің өңірде де кездескенін айтады. Тастап кеткен сәбиін теледидардан, Риддердегі балалар үйінен көріп, танып, тауып алған келіншек, әкесі қайтыс болып, жетімдер үйіне өткізілген немерелерін сонау Германиядан іздеп келіп, алып кеткен адамдар бар екен.
– Егер сәбидің анасы өзі туралы жалған дерек бермеген болса, баланы тауып алуға әбден болады. Құжаттардың бәрі тіркеліп, архивте сақталынады, – дейді Динара Шаухина.
2014 жылы біздің облыстағы балалар үйінен 207 бала асырауға алынған. Соның 11-і шетелдіктермен кетіпті. Германия мен Бельгия еліне. Аккредитацияланған агенттік облыстың балалар үйі тәрбиеленушілерін әзірге осы екі елдің азаматтарының асырауына ғана беріп жатқан көрінеді.
Тағы 17 сәби тастанды атанды
Бүгінде облыстағы 20 балалар үйі мекемелерінде 3 мың 519 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленіп жатыр. Осы мекемелерде жүрген, олардан тәрбиеленіп шығып жатқан 5 мың 153 жетім бала баспана кезегінде тұр. Оның тең жартысы 18-ге толмағандар. 1887 баланың атына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да баспана алуға жеке есепшот ашылған.
Балалардың сол мекемелерде жетімнің күйін кешіп өтуін азайтып, отбасы жылуын, шаңырақ шуағын сезініп өсуі үшін 2006 жылдан бастап еліміздегі жетім балалар патронаттық тәрбиеге алынып келеді. Осы уақытқа дейін облыста 136 бала осындай патронаттық отбасына тәрбиеге беріліп отыр. Күршім, Бесқарағай, Семей өңірі тұрғындарының жетім балаларға патронаттық тәрбие беруге үлкен ынта білдіріп, ауылдардағы бір отбасының бір емес екі-үш балаға дейін алып отырғандары бар. Күршім ауданында 34 бала патронаттық отбасында жүр.
Осы мәселеге жауапты мамандардың айтуынша, олардың патронаттық отбасында қалай өмір сүріп, тәрбиеленіп жатқаны облыстағы және жергілікті жердегі мамандардың жіті бақылауында. Балалардың оқу үлгерімінен бастап, жатар орнының жайлы, жейтін тамағының нәрлі, тәрбиесінің талапқа сай болуы, басқа да тиісті жағдайларының жасалуы, орындалуы басты назарда ұсталынып отыр.
Балаларды патронаттық тәрбиеге алып отырған кейбір отбасылар 18 жасқа толғаннан кейін де ол балаларды өздерінде қалдырып, әрі қарай тәрбиелеуде. Жетімдер үйін ұмытып, жақсы отбасына, мейірімді жандарға жолыққан балаға олардың отбасы туған үйіне айналуда.
Бірақ қаншама бала асыранып алынып, қаншама бала патронаттық тәрбиеге беріліп жатса да, сол жетімдер үйіне шырылдап түсіп жатқан тастанды сәбилер азаймай тұр.
– Былтыр облыс бойынша 17 ана перзентханада өз сәбиінен бас тартты. Одан арғы жылы да осыншама нәресте туа салып жетім балалар үйіне жөнелтілді. Олардың арасында қазақ келіншектері де аз емес, – деген облыстың бас акушер-гинекологы Серікбол Құрқұмбаев «көкек аналардың» қазір де азаймай тұрғанын айтты.
Облыстың бас акушер-гинекологы келтірген деректер біреу бауыр еті баласынан безіп жатса, біреулердің басын тау мен тасқа соғып, бір перзентке зар болып жүргендігін көрсетеді. Облыста бедеу әйелдер мен белсіз ерлердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Себебі әртүрлі. Туа біткен, бала кезінде пайда болған аурулардан болған бала көтере алмаушылық, ұрық қабілетсіздігі, ішімдік пен темекі, жыныстық жұқпалы аурулар, ана болу, әке болу бақытынан айыратын басқа да себептер толып жатыр. Бас акушер-гинеколог кейінгі кезде жастар арасында кеңінен тарап бара жатқан жыныстық жұқпалы аурулардың бедеулік пен белсіздікке әкеліп отыруы жағдайларының да жиі кездесетінін атап айтты.
Шалғай ауылдарда тұрып жатқан аналардың дені сау ұрпақ әкелуіне, дұрыс емделіп, сауығуына да жағдай аз. Облыстың Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Көкпекті, Үржар, Аягөз аудандарында жақсы, білікті маман түгілі қажетті акушер-гинекологтардың өзі жетпейді, өңірде барлығы 21 жоғары білімді осындай маманның орны бос тұр.
Бала көтере алмай жүрген қыз-келіншектерді мемлекеттік бағдарлама бойынша еліміздегі төрт-бес экоорталықта жасанды жолмен ұрықтандыруға биыл облысқа 58 квота, былтыр 50 квота берілген. Квотаға кезекте тұрған 1100 әйелден басқа өздерінің қыруар қаржысын төлеп, өз беттерімен емделіп, бала көтере алмай жүргендердің саны да жетерлік.
Бедеулік, белсіздік осылайша отбасының ғана емес, қоғамның басындағы, әлеуметтің басындағы кеселге, қасіретке айналып барады.
«Ана үйі» жетімдерді азайта ала ма?
Облыс орталығының Күленов ықшамауданында орналасқан үш қабатты әсем коттеджде сәбилі бірнеше жас ана тұрып жатыр. Бұл бір отбасының келіндері емес.
Бұл – Қазақстандағы «Ана үйі» қоғамдық қорының, қазақстандық бір топ кәсіпкерлердің еліміздегі жетімдер санын азайтуға орай жүзеге асырып отырған қанатқақты жобасы аясында жұмыс істеп жатқан «Ана үйі».
2013 жылдан бастап еліміздің бірнеше ірі қаласында 20 шақты осындай дағдарыстық орталық – «Ана үйі» ашылған болатын. Әлеуметтік жоба жас ананың баладан бас тартып, жаңа туған сәбидің жетімдер үйіне түспеуі үшін оларға жағдай жасап, аяғынан тік тұрып кеткенінше уақытша баспанамен қамтып, қолдау көрсетуді көздейді. Бизнесмендердің пайымдауынша, осы жобаның арқасында жыл сайын бірнеше жүздеген сәбидің тастанды атанып, жетім қалуының алдын алуға болатын көрінеді.
«Ана үйі» қоғамдық қоры құрылтайшыларының басында жерлесіміз, Самар өңірінің тумасы, құрылыс саласы бойынша бүгінде аты елімізге танымал болған, меценат кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың тұрғаны бізді қуантады.
Былтыр көктемде ашылған Өскемендегі «Ана үйінде» осы уақытқа дейін 17 жас ана тұрған. Тегін тамақ ішіп, тегін тұрып, балалары 1,5 жасқа толғанша осында болыпты. Аяғы ауыр, басқа барар жері жоқ бірлі-жарым қыз-келіншектер де осы жерден пана тапқан.
– «Ана үйін» ашып отырған коттеджді қоғамдық қор осы қаладағы иесінен жалға алып отыр. Орталықта жас аналарға балаларының құжаттарын жөндеу, алимент төлеу құжаттарын реттеу сияқты барлық мәселелер жағынан көмек көрсетіледі. Олармен психолог, медбике жұмыс істейді, – деп әңгімелеп берді бізге «Ана үйінің» үйлестірушісі Айгүл Мұхамадиева.
«Ана үйі» (жас мөлшері 29-ға дейінгі) 12 ананың баласымен бірге тұруына болатындай етіп жабдықталыпты. Үш қабаттың әрқайсысында төрт-бестен жеке бөлме, ас үйі, жуыну бөлмелері, балалардың төсегі, ойыншығы, бәрі бар. Мұнда қазір тұрып жатқан төрт-бес ананың бәрінің де басындағы жағдай әртүрлі. Біреуі ер азаматынан, жақынынан қолдау таппай, таныстарының айтуымен осында келсе, оң жақта отырып аяғы ауыр болып қалған екіншісі перзентханадан шыға салып баласын көтеріп «Ана үйіне» жеткен…
Жас аналарды алда қандай өмір күтіп тұрғаны белгісіз болғанымен, ең бастысы, қазір олар балаларының жанында. Қиналған шақта қолдау көрсеткен, қамқор болған «Ана үйінде» тамақтарын істеп, кірін жуып, баласын ойнатып, алаңсыз күйде жүр. Әрине, олар мұның бәрі ес жинап алғанша екенін түсінуі тиіс. Бала бір жарым жасқа толған соң өз жолын өздері іздеп, өз қамдарын өздері жеуі қажет.
Уақытша болса да жас аналардың осындай тұрақтайтын жері бар екенін көріп, шүкіршілік еттік. «Ана үйі» барын естігеннен кейін қара басының қамын ойлаған «көкек аналар» құри ма? «Ана үйі» жетімдердің санын азайта ала ма?..
Жанаргүл Мұқатай