Саясат

Бұл мұражай қуғын-сүргін жылдарын жадымызда жаңғыртады

Тарихтың беттерін жиі парақтаған сайын, біз оның кейбір тұстарының қанмен жазылғанын көреміз. Қасіретті жылдардың қара бояуы адамзат санасынан бәрібір өшпейді екен. Әсіресе, қылышынан қан тамған кеңестік заманның ел басына әкелген зобалаңы әлі де талай жанның жүрегін жаныштап, зіл батпан жүк болып жатыр. Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ облыс орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың тұсауын кесті.

Бұл мұражай қуғын-сүргін жылдарын жадымызда жаңғыртадыИә, қаншама халықты қынадай қырып, обалына қалған кеңестік заман келмеске кеткенімен, сананы дірілдеткен салқын сызы әлі де ұмытылған жоқ. Облыс орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың ашылу салтанатына жиналған қауымның көпшілігінің қарт адамдар болуы да түсінікті. Өйткені, олар кешегі «халық жауларының» балалары. Олардың аталары мен әкелері, аналары сол жылдардың нағыз куәгері болды. Саналы ғұмырын темір тордың ар жағында өткізіп, кейбіреулері тіпті, жазықсыздан жазықсыз атылып та кетті. Қуғын-сүргін құрбандарын ешкімнің де ешқашан ұмытуға қақысы жоқ. Өйткені, ол қайғылы да қасіретті болса да біздің тарихымыз.

Азапты жылдардың ащы тағылымын зердемізге неғұрлым көп тоқыған сайын, біз Тәуелсіздіктің қандай тәтті ұғым екенін тереңірек түсінеміз. Мұны саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың ашылу салтанатында сөз алған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та ерекше атап айтты.

– Әрбір халықтың есінде қалатын тарихи оқиғалар болады. Біздің ұлтымыздың тарихында да қасіретті оқиғалар аз емес. Сондай нәубеттердің бірі – отызыншы жылдардағы ашаршылық болса, тағы бірі – отыз жетінші жылдардан басталған саяси қуғын-сүргін. Осынау ел басына түскен зобалаң жылдар қаншама шаңырақты шайқалтты. Қаншама апаларымыз жесір атанды. Мұның бәрі табиғаттың емес, адамның қолымен жасалған қасірет болатын. Сол кезде жүргізілген солақай саясаттың салдары еді. Өздеріңіз білесіздер, сол жылдары Қазақстанға лек-легімен мыңдаған босқындар жер аударылды. Қуғын-сүргінге ұшыраған сол өзге ұлт өкілдерін кеңпейіл қазақ бауырына басып, пана болды. Мұның бәрі қазақ халқының қонақжайлылығы мен қарапайымдылығын көрсетеді. Біз бұл қасіреттердің ешқайсысын ешқашан ұмытпауымыз қажет. Қазіргі жастар осынау тарихты естерінде сақтауы тиіс, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бүгінгі ашылып отырған мұражайдың әзірге облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бір бөлімі екенін айта келіп, болашақта саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған жеке мұражайдың да ашылатынын жеткізді.

Мұражайдың салтанатты ашылуы рәсімінде кешегі «халық жауының» қызы Әсипа Бәжікенова апамыз да сөз алды. Оның әкесі Темірхан Катонқарағай ауданының Көктерек ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет етіпті. Десе де күндердің күнінде ол аяқ астынан «халық жауы» атанып шыға келеді. Сөйтсе, бар жазығы ауқатты адамның қызына үйленгені екен. Осылайша Темірхан Саринов он жылға Ақмола облысындағы лагерьлердің біріне, одан әрі Сібірге жер аударылады. Тек 1956 жылы ғана ақталып шығады.

– «Халық жауының» қызы ретінде біз көп қудалау көрдік. Балаларымыз да еркін жүріп-тұра алмады. Институтта оқу арманға айналды, – деді Әсипа Темірханқызы. – Енді ондай заманды басымызға бермесін. Тәуелсіздігімізді, бостандығымызды бағалаңдар.

Өскемен қаласындағы ақсақалдардың бірі Жәнібек Үсенов те сөз алды. Жәнібек ақсақал 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып кеткен әкесін әлі сағынатынын, тым болмаса суретін көрсем деп армандайтыны жайында айтты. Аудандық партия комитеті шақырған соң, аудан орталығына салт атпен кетіп, қайта оралмаған әке бейнесі сол кезде небәрі тоғыз жасқа енді толған баланың көз алдында мәңгі сақталып қалыпты. Ауылға әкесі мінген аттың өзі ғана келген екен. Ертоқымы мен жүгенін біреу сыпырып алса керек. «Ат екеш ат та иесін іздеп, кісінейді екен» дейді Жәнібек ақсақал.

Тыл ардагері Артур Штыхминг те әсерлі сөйледі. Ол өз сөзінде бәріне кінәлі тоталитарлық режим екенін қадап айтты. Қазіргі күні сол бір қиын-қыстау кезде Қазақстанға жер аударылған әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Бәрі де Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүргізген ақылды саясатының арқасы деген қарт неміс мәдени орталығының атынан жаңадан ашылып отырған қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына тың деректерді табыс етті.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мұражайдың лентасын қиды.

Жалпы, қызыл саясаттың алғашқы ызғарлы қаһарына ең алдымен «Алаш» партиясының мүшелері ұшырағаны белгілі. 1928 жылдың соңына қарай 44 адам тұтқынға алынып, бесеуі ату жазасына кесіліпті. Ал 1937 жылы Қазақстанда қуғын-сүргіннің қанды шеңгеліне 7500 адам ілігіп, олардың 2500-і атылған. Бұл қырғын біздің облысты да айналып өтпеген. Мұндағы мәліметтер бойынша, облыс бойынша 1350 адам қуғын-сүргінге ұшырап, 300 адам ату жазасының құрбаны болыпты. Олардың ішінде өндіріс басшылары да бар. Атап айтқанда, Риддер кенішінің басқарушылары Р.Дрейман, А.Кельмансон, «Ульбастрой» тресінің басқарушысы А.Спекторов, Құлынжұн кен басқармасының директоры А.Белялов саяси қуғын құрығына іліксе, Зырян кен басқармасының бастығы Ж.Тәттібаев ату жазасын арқалаған көрінеді.

Иә, қалай десек те адамзат өміріне зобалаң әкелген ащы тарихтың да берер тағылымы бар. Бұл мұражайдың сол тарихты ұрпақ жадында жаңғыртып, сақтау үшін қажет екені сөзсіз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button