Ауыл шаруашылығы

Бұл аппарат сиырды жеті-ақ минутта сауады

Бұл аппарат сиырды  жеті-ақ минутта сауады
«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының игілігін шалғайдағы Үшбұлақ ауылының тұрғыны Бақытбек Әзілбаев та көруде. Зайыбы Светлана екеуі ақылдаса келе ірі қара мал өсіру ниетімен мемлекеттен 2 млн. теңге жеңілдетілген несие алыпты. Бұл қаржыға олар Маралды ауылдық округі тұрғындарынан 12 бас сауын сиыр сатып алған екен.
– Бүгінгі таңда тірлік істеп, кәсіп қыламын деген адамға мемлекетіміз барынша қолдау көрсетіп жатыр ғой, – дейді Бақытбек Тұрсынұлы. – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жайында естіп, несие алудың шарттарымен танысқаннан кейін оған қатысуға тәуекел еттік. Барлық қажетті құжаттарымызды реттеп, бизнес-жоспарымызды жасап, оны арнайы комиссия алдында сәтті қорғап шықтық. Есепшотымызға түскен қаржыға 12 бас сиыр сатып алдық. Біздің өңірдің малға жайлы, шөбі шүйгін болып келетінін жұрт жақсы біледі.
Әзілбаевтар сиырларды арнайы сауын аппаратымен сауады екен. Кеңес уақытында кең пайдаланылған, ал соңғы жылдары ұмытылып, тіпті, жастарға таңсық дүние бола бастаған сауын аппараты жайында бізге үй иесі Светлана тарқатып айтып берді.
– Қытай өндірісі шығарған сауын аппараты бір сиырды 7-10 минут ішінде сауады. Бұл аспапты бізге күршімдік жеке кәсіпкер Жақсыбай Адырышев деген азамат жеткізіп берді. Биыл жаздай он сиыр сауып шықтым, келесі жылы жеңілдетілген несиеге алынған малды қосқанда жиырманың үстінде сиыр сауатын болармыз деген болжамымыз бар. Сауын сиырлардың санын көбейтіп, тағы да қосымша аппарат алуды көздеп отырмыз. Алла қош көріп, кәсібіміз кеңейіп жатса, сүт өңдеу цехын ашсақ деген жоспарымыз бар, – дейді Светлана.
Шалғайдағы шағын ауылда қалаған кәсібін дөңгелентіп отырған Әзілбаевтар отбасының алға қойған мақсаты, жоба-жоспарлары тегіс орындалып, айтулы табыстарға қол жеткізулеріне біз де шын көңілден тілектестік білдірдік.

Ж.Рақышев

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button