Жазушы Оралхан Бөкей:
– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз,
Жайлаған алты ай жазға сарыала қаз.
Шолпандай таң алдында туып-батқан,
Қайтейін, о, дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді…
* * *
Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай.
Бірақ иман жоқ.
Ең сорлы адам сол.
* * *
«Болашақ» деген шығып, бай балалары шетелде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.
Қазақшасы жоқ.
* * *
Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:
– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқайлап, қорқытып қуа ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.
Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.
* * *
Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер – Александр Македонский – Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.
Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.
Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:
– Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, – деп алақан ашып көрсеткенi екен.
Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған…
Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.
* * *
Баяғыда бір патша, өзі Құдай емес, Құдайдан былай емес бола тұрса да, бір ұл балаға зар болыпты.
– Ұлым болса, мұрагерім болар еді-ау, – деп армандайды.
Сонда бір уәзірі ақыл айтады.
– Бұл өмірде армансыз әйел болса, сол әйелдің дамбалын өз жұбайыңызға кигізсеңіз, Құдай бұйыртса, ұл бала табады, – дейді.
Содан соң патша жер-жерге шабармандар шаптырады.
Бірақ еш жерден армансыз әйел табылмайды. Бәрінің әйтеуір бір арманы бар.
Шабармандар салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтып келе жатса, әріректе бір қатын отын арқалап бара жатыр екен. Шабармандар:
– Бұл байқұста арман жоқ деймісің, – деп бұрылғысы келмесе де, – кім біледі, мүмкін, жолымыз болар, – деп әлгі әйелді атқа мінгестіріп ала кетеді.
Патша алдына келгенде, патша сұрайды:
– Шынымен, арманың жоқ па? – деп. Сонда әлгі отын арқалаған қатын:
– Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! – деп қойып қалыпты.
* * *
Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.
Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.
Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!
Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы- бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен шын ғашықтар ғой.
Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. әзәзіл ажыратқан.
Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.
Жалғасы бар…
Әзірлеген – Байбура