Тылсым дүние

Бейуақта кездескен ешкі

Берікхан ТАЙЖІГІТ

– Әкемнің немере ағасы Алтынхан қақ-соқпен шаруасы жоқ, өз ісін ғана білетін бірбеткей жан болды, – деп бастады әңгімесін нағашы ағам Өмірзақ. – Біреудің сыртынан тіпті, ғайбат сөз айтпайтын. Өмірінің соңына қарай кейде ашылып сөйлеп, кейбір іште жатқан сырларын там-тұмдап сыртқа шығаратын болды. Онда да өзінің жүрегіне тым жақын, көңілі қалаған адаммен ғана шүйіркелеседі. Қыстың ұзақ кештерінің бірінде кешкі астан кейін қораға барып, желіндеп тұрған сиырды көріп келген ініме қарап жатып бір әңгіменің шетін шығарды.

  • Жаз шығып, мал төлдеп, ел жайлауға қоныстанып жатқан мезгіл еді. Кенже туған бірді-екілі ұсақ малды бағу үшін ауыл маңында қалғанмын. Ақсақ, тоқсақ, құрттаған тоқты-торымға қарап, жаңа туған жас төлдерді ауыздандырып, енесінің соңынан ергізу негізгі міндетім болғандықтан өз шаруама тыңғылықтымын. Күндіз ауыл маңында жайып, кешке қораға қамаймын.

Бір күні кешқұрым малымды түгендесем, бір буаз ешкім кем болып шықты. Қас қарайып қалған шақ. Қараңғылық қоюланбай тұрғанда «кебенек келгірді» тауып ала қояйын деп шыбығымды қолға алып, өріске қарай құйындаттым. Жем жеп үйренген мал ғой, ара-арасында «Пішә-пішә!» деп ернімді желбіретіп, пысқырған мал секілді шақырып келем. Күні бойы осы бір маңда ғана жайылып жатқан буаз ешкім жер жұтқандай зым-зия. «Қорыққанға қос көрінеді» деген, әр бұтаның түбінде бір пәле жатқандай денемді үрей билейді. Тіпті, әудем жерден біртүрлі жылаған, ыңырсыған баланың дауысы шығатындай болып зәрем зәр түбіне кетті. Ағарған көрсем, туып жатқан ақ ешкім екен деп жетіп барсам, не қағаз, не шүберек болып шығады. Осылайша ауылдан ұзай беріппін. Кенет сылдыраған бұлақ маңынан маңыраған ешкінің дауысын естіп, жүрегім жарыла қуанып, солай беттедім. Келсем, ешкімнің мүйізі қайқайып  жайымен күрт-күрт күйсеп жатыр. Жарықтықтың табыла кеткеніне қуанып, «Япыр-ай, тумаған ба?!» деп желініне қолымды жүгіртіп ұстай беріп едім, жайымен күйсеп жатқан ешкім бір мекіреніп алып мойнын бұрды да: «Уысың толды ма?» дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Бастапқыда жанымда біреу тұрғандай жалт қарағаныммен, мәселенің мән-жайын бірден ұқтым. Шайтан! Ол кезде балалар бір-бірімізді осы сөзді айтып қорқытып ойнаймыз. Қол-аяғым дірілдеп әлгі жерден кете алсамшы. Артыма бұрылып «ешкі» жатқан жерге қараймын, ешкі тұр ғой дым да жоқ.

Ал буаз ешкімнің таңертең қорада тұрғанын көргенде таңғалмасқа шарам қалмады. Сол күннің ертесіне жайлаудағы ағама хабар беріп, мені мал-жаныммен қоса көшіріп алды. «Бұл бұрын ешкімге айтпаған сырым еді. Сен де көп жая бермегенің жөн ғой», деген нағашым махоркасын орап, темекі тартуға далаға беттеді. Мен не сенерімді, не сенбесімді білмей дел-сал болып кереуеттің шетінде отырып қалдым. Көп сөйлемейтін, өтірік айтуға жаны қас  нағашымның осы бір әңгімесі есімнен бір кетпейді. Басқа біреу айтса, мүлде нанбаушы едім, нағашымның өз аузынан естіген соң шынында сенбеске шарам болмады.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button