Бейбіт атом беделімізді көтерді
Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықта қазақстандық жас ғалымдар мен мамандар «Президент күні: ядролық қарудан азат бейбіт өмірге жол» атты ғылыми конференцияда бас қосты. Конференцияға облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Қайрат Қадыржанов, сондай-ақ 200-ге жуық жас маман қатысты.
Жиынды ашқан ғалым Қайрат Қадыржанов Президент күнінің ерекшелігіне, конференцияның мақсатына тоқталды.
– Елімізде ядролық технология саласы қарыштап дамып келеді. Алдағы уақытта осы саланы дамытуда жас ғалымдардың қосатын үлесі мол болмақ. Кезінде атом сынақтарының зардаптарын басынан өткерген Қазақстан жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды жою жөнінде батыл шешім қабылдады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мұндай талаптарды әлемдегі ең алпауыт елдердің алдына қойып келе жатыр. Еліміз ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі жалпыға ортақ келісімге орай әлем қауымдастығын маңызды іске шақырып жүр. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің мемлекеттігіміздің мықты іргетасы болуы қажеттігін Елбасы үнемі айтып келеді. Біздің Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ықпалын арттырды. Алда халықаралық «EXPO-2017» көрмесін өткізу сияқты үлкен жоба тұр. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал әрі көреген саясатының арқасында мемлекетіміз алдағы уақытта жаңа деңгейге көтерілмек. «Болашақтың энергиясы» көрмесін өткізу барша қазақстандықтармен қатар курчатовтық жас ғалымдардың да арманы. Ұлттық ядролық орталықтың басым бағыттарының бірі – ғылыми технологияларды дамыту болғандықтан, біз осы бағытта жұмыстар атқара беретін боламыз, – деді ол.
Жиналған жас мамандар мен ғалымдарға құттықтау сөзін арнаған облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев тәуелсіздік жылдарындағы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ерен еңбегіне, салиқалы саясатына тоқталып өтті. «Біз ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын Тұңғыш Президент күнін айрықша атап өтуге тиіспіз. Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап дүниежүзімен тату әріптестік қатынас орнатқан, өзінің бейбітсүйгіш ел екендігін таныта білген Қазақстанның ТМД аумағындағы, Еуропадағы және жалпы Еуразия құрлығындағы беделі жоғары тұр» деді Айтқазы Шерубаев.
Бұдан соң жас ғалымдар баяндамаларын оқып, өзекті ойларын ортаға салды. «Атом энергетика институты: тарих, қазіргі жағдай, даму» тақырыбында баяндама жасаған ғалым Е.Кенжин прогрессивті әдістеріне тоқталып өтті. Елдің экономикалық дамуындағы ядролық технологияның үлесін кеңейту маңызды тетіктердің бірі болып қала бермек. Ал ғалым Т.Татишев қазақстандық жас мамандардың болашағы зор екендігін, Елбасы осы саланың дамуына ықпал етіп отырғандығын атап көрсетті. «Ұлттық ядролық орталық мамандарын даярлау мәселелерін қозғаған А.Избасханова бүгінгі таңда атқарылып отырған тың шаруаларға кеңінен тоқталып өтті.
Конференция барысында «Бейбітшілік пен келісім шырағданын жағайық» атты акция өтті. Акцияға жас ғалымдармен қатар қаладағы жастар, жоғарғы сынып оқушылары да қатысты.