Білім

Беткеұстар білім ордасы

Осы жылды облыс орталығындағы іргелі орта оқу орындарының бірі – №46 орта мектеп мол табыспен аяқтап отыр. Білім ордасының беделі асқақ, Өскемендегі үздік үш мектептің қатарынан табылады. Оған себеп – мектептің тірегі саналатын ұстаздардың кәсіби шеберлігі және оларды басқарып, істі ұйымдастырып отырған басшының біліктілігі.

Жалпы, Өскеменнің жаңа №19 ықшам ауданда екі мектеп бар. Бірі – құрылғанына бесінші жыл болған №46, екіншісі – биыл ғана есігін айқара ашқан №48 мектеп.

Естеріңізде болса, бұл мектептің құрылысы біраз тежелген болатын. Себеп жерасты суларының шығуы еді. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі іске кіріскен соң ғимарат іргетасы бекітіліп, құрылыс аяқталған-ды.

Бүгінде №46 мектеп – ықшам ауданға сән беріп тұрған айшықты ғимарат. Төрт блоктан тұратын үш қабатты мектептің жобасы ерекше. Кірген адам үлкен фойеге тап болады. Жоғарыға көз тастасаңыз, төбедегі терезеден аспан көрінеді. Әлбетте, мұндай сәулетті ғимаратта оқудың өзі айрықша әсер етеді балаларға.

Мекеме директоры Гүлфарида Ауғанбаева – өз ісіне жан-тәнімен берілген ұстаз, жауапты міндеттің үдесінен табылып, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген басшы. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен жаңа тұрпатты мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті.

– Мектепте 100 мұғалім, 1426 оқушы бар. Ғимарат мың балаға шақталған, бірақ мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Сондықтан таршылық көріп отырғанымыз жоқ, – дейді мектеп басшысы.

Айтқанымыздай, мектеп білім сапасы бойынша көш басында келеді. Алғашқы түлектері 2016 жылы шығарылған. Сол жылы 11-ші сыныпты бітірген 16 оқушының бәрі мемлекеттік грант иеленген-ді. 2017 жылы 48 түлектің 36-сы, 2018 жылы 61 түлектің 49-ы, биыл 78 түлектің 68-і грантқа қол жеткізген.

Келер жылы 11-ші сыныпты 66 оқушы аяқтамақ, олардың ішінде 11-і – «Алтын белгіге», 6-ы – үздік аттестатқа үміткер. Осы  көрсеткіштің ар жағында мұғалімдердің орасан зор тынымсыз еңбегі жатыр.

Ықшам ауданда көпқабатты үйлер саны артуда. Бұл жақтағы халық саны да артып келеді. Бір ғана дәлел, биыл 8 бірінші сынып жасақталыпты. Демографиялық дүмпуге мұғалімдер риза, олар халық санының көбеюіне, білімді ұрпақ тәрбиелеуге ынталы.

– Біз білім сапасын бұдан да жоғары деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз. Уақыт орнында тұрмайды, саладағы жаңашылдықтардан қалмауымыз керек. Өзім педагог ретінде балаларды деңгейіне қарап оқытуды құп көремін. Ең үздік оқитындар бір сыныпта, үлгерімі жақсы балалар бір сыныпта, орташа білімді балалар бір сыныпта оқуы тиіс, – деп ойымен бөлісті мектеп директоры.

Мектепте математикалық және гуманитарлық сыныптары бар қазір. «М» сыныптарында математикалық-жаратылыстану, «Г» сыныптарында тиісінше гуманитарлық бағыттағы пәндер тереңдетіле оқытылуда. Бұлайша оқушылар 9, 10, 11 сыныптарда бөлінеді. Бұл – бейінділік алды сыныптар, кәсіби бағдарлаудың басы.

2018 жылы оқу орны шаһардағы жалпы білім беретін мектептер арасында бас жүлдені иеленді. 2018-2019 оқу жылында білім сапасы 78,9 пайыз болды. Бұл – үздік көрсеткіш.

Білім бастауы – бастауыштан демекші, мектептің жартысынан көбін бастауыш сыныптар құрайды.

Мектепте 22 зерттеуші, 19 сарапшы, алты модератор педагог бар, 10 мұғалім жоғары санатқа ие. Сонымен қатар, кітапхана, домбыра үйірмесі бар. Екінші тоқсанда әр пән мұғалімінің үйірме жұмыстары басталады. Мысалы, математика бойынша «Қызықты математика», «Логикалық есептерді шығару жолдары», қазақ тілінен «Шешендік өнер», «Сөз шебері», «Поэзия тілі», тарихтан «Менің өлкем» үйірмелері аптасына бір сағат жұмыс істейді.

Толағай табыстарға, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан еңселі білім ордасының жарқын болашаққа бағдарлаған міндеттері де мол. Мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаеваның айтуынша, бүгінгі күн талабына сай оқу мен білімді ұштастырып, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа технологияларды меңгерту, материалдық-техникалық базаны нығайту, жоғары талапқа сай жұмысты жоспарлау – алға қойылған мақсаттың бірі.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button