Ел жаңалықтары

Бес айда бес балабақша

Аягөздегі Оңтүстік қалашық шағын ауданында әскери отбасылар есебінен бала саны жыл сайын өсіп келе жатқаны жасырын емес. Мұнда екі жыл бұрын жаңа білім ордасының есігі ашылып, ескі ғимарат босап қалған еді. Аудан билігі оны жергілікті бюджет қаражатына қайта жөндеуден өткізіп, самаладай балабақша етті.

Жақында №4 аралас жалпы білім беретін мектепке қарасты шағын орталықтың ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-полковник Асан Қуанышұлы және басқа да құрметті қонақтар қатысып, ізгі тілектерін айтты.

– Бүгін Оңтүстік қалашықта көптен күткен үлкен той деуге болады. Жергілікті бюджеттен бөлінген 20 млн-нан. астам теңге қаржыға әскерилеріміздің балалары тәрбие алатын 190 орындық шағын орталық ашып отырмыз. Болашақта бала саны өсіп жатса орталықты кеңейтіп, 400 орындыққа дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Жалпы, менің ұстанымым – кез келген шағын ауданда бала санына қарай балабақшалар мен шағын орталықтар ашылуы тиіс. Яғни, ата-аналар балаларына еш алаңдамай еңбек етуі керек. Ол үшін елімізде «Балапан» бағдарламасы іске қосылған. Бізде осы бағдарламаға сай көптеген жұмыс атқарылуда, – деп атап өтті аудан әкімі ділдәбек Оразбаев.

Сонымен қатар аудан басшысы таяуда аудан орталығынан «Ардагерлер паркі» ашылғанын, ол жерден балаларға арналған ойын алаңы салынғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ биыл «Балапан» бағдарламасы арқылы Қарағаш, Майлин ауылдарында 25 орындық шағын орталықтар ашылса, Мамырсуда 75 орындық жекеменшік балабақша өз жұмысын бастаған. Ресми дерекке жүгінсек, Аягөз ауданында бес айда бес балабақша ашылған. Дегенмен балабақшадағы орын тапшылығы әлі де бар сияқты. Айталық, бүгінгі күні Аягөз қаласында мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр. Алдағы уақытта осы бүлдіршіндерді түгелдей балабақшамен қамтамасыз ету көзделген.

– Осыған дейін шағын орталығымызда бес топ болса, желтоқсанның басынан тағы бір топ ашылып, алтау болдық. Әр топта 24 баладан барлығы 118 бала бар. Әлбетте, бүлдіршіндер саны әлі де өседі деген үміттеміз. Шағын орталығымыз стандартқа сай жабдықталған. Қазір орталыққа 1 жас 8 айдан бес жасқа дейін бүлдіршіндерді қабылдап жатырмыз. Ата-аналар балалардың әр күніне 500 теңгеден төлейді. Біздің мақсат – бала тәрбиесіне жете көңіл бөлу. Ата-аналар үшін де, балалар үшін де, ұстаздар қауымы үшін де шағын орталықтың ашылуы өте құптарлық жайт болды, – дейді №4 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сәуле Қазанбаева.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button