Бесқарағайда автобекет бола ма?
Бесқарағай ауылында ұзақ жылдар бойы автобекет болмаған еді. Дегенмен, жақын уақытта осы мәселе оң шешімін тауып, ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты жаңалық болатын сыңайлы.
Естеріңізге салсақ, бесқарағайлықтар автобекет әуресін 90-шы жылдардың басынан бері тартып келе жатыр. Отыз жылға тарта көлік қатынасы мәселесі шешілмеген ауыл тұрғындары көрші елді мекендер мен Семей қаласына тек такси арқылы қатынауға мәжбүр болып келе жатқан болатын. Өкінішке қарай, осы жылдар аралығында аталмыш проблема қай қырынан болмасын шешімін таппаған еді.
– 2020 жылдың 17 маусымында өткен Бесқарағай аудандық мәслихатының сессиясында автобекет ғимаратын сатып алып, оған ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге он миллион теңге көлемінде қаражат бөлу туралы шешім қабылданған болатын, – дейді Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Баталов. – Ал 11 тамыз күні 4,3 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа автостанция ғимаратын сатып алудың қабылдау актісіне қол қойылды. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкермен сатып алынған автостанция ғимаратына жалпы сомасы 5 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарт жасалуда.
Бесқарағай ауылдық округінің әкімі Юрий Солоницкийдің айтуынша, автобекеттің толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оны сенімгерлік басқаруға беру жағы жоспарланып жатқан көрінеді.
Сонымен қатар қазіргі уақытта аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Бесқарағай ауылына автобус қатынасын жолға қою мәселесін қатар қарастырып жатыр.
Тұрғындар осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыстарын білдіруде. Бар күштің пандемияға қарсы жұмылдырылып жатқанын жақсы түсінетін ауыл азаматтары сондай-ақ әлеуметтік дамуға қатысты мәселелердің де назардан тыс қалмағанын қалайды.
Азамат Темірбеков